©
АИТВ (адамның иммун тапшылығы вирусы) кез келген адамға ойламаған жерден жұғуы мүмкін. Одан ешкім сақтандырылмаған. Алайда мамандардың айтуынша, вирустың жұққанын бірден білу мүмкін бола бермейтін көрінеді. Оның жұққаны көбінесе бірнеше жылдардан кейін ғана анықталып жатады.
ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі Маңғыстау облыстық орталығының инфекционист дәрігері Гүлбадан ҚАДЫРҒАЛИЕВАДАН осы қауіпті вирустың жұғу жолдары және ол жұққан кезде адам бойында болатын өзгерістер жайында сұраған едік.
- АИТВ вирусы адам ағзасының иммун жүйесін бірте-бірте бүлдіреді. Алдымен аурудың әлде бір белгілерін сезіне бастағаннан вирус ағзада 10 немесе одан да көп жыл болуы мүмкін. Осынау кезең ішінде адам өзін мүлдем дені сау сезінгенімен, алайда ол вирусты басқаларға беруі мүмкін. Науқас адамнан вирус белгілі бір сұйықтықтар, атап айтқанда, қан, шәует бөліністері, омырау сүті арқылы беріледі. Жұқтырған соң алғашқы белгілері пайда болғаннан кейін 3 аптадан 3 айға дейін жасырын кезеңі өтеді. Бұдан кейін адам бойында әлсіздік, қалтырау, тершеңдік және ЖРВИ белгілеріне ұқсас басқа да белгілер пайда болады. Дегенмен, біршама уақыт өткеннен кейін адам сауығып кеткендей болады. Ағзада антидене өсіп-өнеді, ауру белгілері жойылады. Бұл кезең көп жылға, 2 жылдан 10 жылға дейін созылады.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Маңғыстау ауданының үздік жас спортшылары кімдер?- Осы уақыт аралығында адам бойында ешқандай өзгеріс болмай ма?
- Әлбетте, өзгеріс болады. Жалпы, инфекция 4 сатыға бөлінеді. Бірінші сатысында айтарлықтай белгілер байқалмағанымен, лимфа жүйесі ұлғаяды.
Екінші сатысы кезінде жоғары тыныс алу жолындағы инфекцияның қайталануы дамиды, науқас өзінің бұрынғы салмағының 5% дейін жоғалтып, жүдейді, саңырауқұлақша тырнақтарын зақымдайды, денесіне қышытатын бөртпе, белдемелік теміреткі шығады және басқа да аурулар пайда болады.
Үшінші клиникалық сатысы кезінде өкпе туберкулезі, бір айдан астам іш өту, бір айдан астам қызба бактериалды өкпе қабынуы, менингит, анемия және басқа да вирусты саңырауқұлақты инфекциялар дамиды.
Соңғы 4-сатысы ЖИТС - жұқтырылған иммун тапшылығы синдромы деп аталады. Бұл сатысы кезінде өміріне қауіп төндіретін, ауыр шартты патогенді аурулар мен қатерлі ісіктер дамиды.
- Оның алдын алатын немесе емдейтін дәрі-дәрмектер табыла қойған жоқ қой?..
- Қазіргі уақытта АИТВ-ны емдеп-жазатын және жұқтыруын болдырмауға қабілетті екпелер жоқ. Дегенмен, науқастың денсаулығын ұзақ уақыт бойы қалыпты ұстап тұратын және ЖИТС-тің дамуын баяулататын антиретровирусты препараттар жасалды. Бұларды пайдаланып жүрген науқастар бар. Әйтсе де әркім өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, аурудың алдын алуға, ал ауыра қалса, дұрыстап емделуге ұмтылғанына не жетсін.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА