©
Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында газет тілшісі Ақтау қалалық мәслихатының хатшысы Марат МОЛДАҒҰЛОВПЕН сұхбаттасып, төмендегідей әңгіме өрбіді.
- Ширек ғасырды артқа тастап, ел Егемендігінің 26 жылдығын атап өтіп отырмыз. Осынау Тәуелсіздігіміздің тұғырының берік болуына Қазақстанның әр азаматы шама-шарқына қарай өзіндік үлесін қосып келеді. Осы орайда мұнайлы өңір орталығының гүлденуіне еңбек сіңіріп келе жатқан сіздің де үлесіңіз аз еместігін ақтаулықтар көріп отыр, Марат Николайұлы. Бүгін өзіңіздің еңбек жолыңызды еске алып, тәуелсіздік жылдары тындырған жұмыстарыңызға қысқаша тоқталудың реті келіп тұрған сыңайлы.
- Ата-бабамыздың ғасырлар бойы аңсап, ержүрек батырлардың қанына, еңбекқор бұқараның теріне, зайырлы да зиялы ойшылдар мен ағартушылардың ақыл-парасатына қанығып жеткен Мәңгілік Қазақ елінің Егемендігінің 26 жылдығы баршамызға құтты болсын. Әрине, жаратылыста жоқтан бар пайда болмайды, егер бір жерде бір нәрсе қосылып жатса, екінші бір жерде міндетті түрде соншалықты кему болады. Біздің еліміздің де Тәуелсіздігі осы заңдылықты басынан толыққанды өткеруде. Сексенінші жылдардың аяғы, тоқсаныншы жылдардың басында империялық жүйе қайтымсыз дағдарысқа ұшырап, Кеңестік социалистік республикалар одағы құрдымға кеткенде, бір шетінен он бес мемлекеттің әрқайсысы өз шаңырағын көтерсе, екінші шетінен осы елдердің бұқара халқы әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қатаң күйзеліске ұшырады. Жоспарлы жүйенің тегеурінімен қалыптасқан өңіраралық қарым-қатынас бір сәтте үзіліп, кеңестік өндірістік алпауыттар қаңтарылып қалды. Олардың әрқайсысында еңбек еткен мыңдаған адам аяқ астынан жер сипады. Бала-шағасын асырай алмай қалған тепсе темір үзетін жігіттер не істерін білмей үрейлене бастады. Оның түбі құлаған империяның көптеген аймақтарында ереуілдер мен қақтығыстарға алып соқты. Тәжікстан мен Грузияда билікке талас, Қырғызстан мен Ресейдің Кавказында ұлтаралық арандату, Әзірбайжан мен Арменияның жер дауы қантөгіске дейін жеткізді. Осындай қилы заманда Қазақстан азаматтарының бүкіл ауыртпашылығының шешімі үшін міндетті өз иығымен арқалап, еліміздің түпкір-түпкірін аралап, қарапайым халықпен күн-түн демей кездесіп, кәсіп ұйымдастырам, елге жұмыс тауып берем дегеннің бәрін қамқорлығына алып, аялап, шетелдік инвесторлардың қаржысын елге тартып, орасан зор табандылығымен және шыдамдылығымен жұртқа үлгі болған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жүргізген саясатының арқасында тыныштық сақталып, халқымыз ұйысып болашаққа үміт артты.
«Байлығыңды сынасаң – шашуға ұмтыл, жігеріңді сынасаң – асуға ұмтыл» демекші, біздің әрқайсымыздың басымызға қилы күндер туды, балалық арман-мақсатымызды, ата-анамыздың үміт-тілегін бір шетке ысырып қойып, заман ағымына ыңғайланып таңдау жасадық. Мен дүниеге келген күннен бастап ұстаздар отбасында мұғалім немесе ғалым боласың деп тәрбиеленген бала едім, өмір жолымды химия саласының ғылыми-зерттеу жұмыстарымен бастадым, кандидаттық диссертациямды да қорғадым, жетекшілігіммен қатарынан төрт аспирантым да ғылыми дәрежеге ие болды, бірақ жинақталған материалдарымның бәрін қолтығыма қысып, заман талабына сай өндірістік инженерлікке бет бұруға тура келді. Осы тұрғысынан өкінішім бар ма? Алғашында болды, бірақ қазіргі таңда мүлдем жоқ. Себебі, Еліміздің Егемендігінің алғашқы қадамдарымен бірге өндіріс саласында да, мемлекеттік қызмет саласында да молынан тәжрибе жинақтап, еңбек етуге мүмкіндік болды. Қазақстанның ең ірі зауыттарының бірі Павлодар химия зауытының бас инженері лауазымына дейін көтеріліп, жаңа үш инновациялық өндірістің ірге тасының қалануына қатысып, өзім басшылық еткен Ақтау әйнекталшықты құбырлар зауыты Елбасының қолынан «Алтын сапа» жүлдесін алғашқылардың бірі болып 2006 жылы алды. Осының бәрі үлкен абырой.
- Биылғы басты өзгеріс — жергілікті биліктің өзгеруі десек, қалалық мәслихаттың қала билігімен қоян-қолтық жұмыс істеу деңгейі туралы не дер едіңіз?
- Биліктің екі қанаты — атқарушы билік әкімшілік пен өкілетті билік маслихат. Бұл екеуі тек қана бірге қанат қаға отырып, ел ырысын арттыра алады. Мен 2007 жылдан бері облыстық мәслихат депутаты, қала әкімінің орынбасары, қалалық мәслихат хатшысы ретінде мемлекеттік қызметтің басында жүрмін. Ақтаудың бес әкімімен үзеңгілес болып, жұмыс істеуге тура келді. Халыққа қызмет еткен әр азаматтың өзіндік орны бар. Қаламыздың осы күндегі әлеуметтік-экономикалық жетістіктері мен даму қарқыны солардың аянбай еңбек етуінің арқасы.
- Енді жиырма шақты күннен кейін жаңа жыл. Бір жылды аяқтаған тұста өткенге үңіліп, есеп беретін үрдіс бойынша, қалалық мәслихат хатшысы ретінде жыл басынан күні бүгінге дейін атқарылған негізгі жұмыстар нәтижесі туралы айтып өтсеңіз.
- Халқымыз Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру үшін әкімдіктер мен өкілетті органдардың да жаңа серпінмен еңбек ететініне үміт артып, сенім білдіріп отыр. Ақтау қалалық мәслихатының алтыншы шақырылымында сайланған депутаттар қаланың экономикалық, әлеуметтік және саяси өмірінің дамуына тікелей араласып, біршама жұмыстар атқарды. Мәслихат сессияларында депутаттар қаланың жылдық бюджетін бекітіп, басқа да өзекті мәселелерді шешіп, даму бағдарламалары мен ережелердің орындалуын қадағалауда. Мәслихаттың 2017 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес 5 сессия өткізіліп, қаралған мәселелер бойынша 49 құқықтық актілер қабылданды. Олардың 10-ы нормативтік құқықтық акт ретінде Маңғыстау облысының әділет департаментінің мемлекеттік тіркеуінен өтті.
Мысалы, қалалық мәслихаттың кезекті 6 сессиясында 2017-2019 жылдарға арналған қалалық бюджет туралы мәселесі қаралып, 2017 жылға кірістер-20 308 664 мың теңге көлемінде, ал шығындар-20 308 664 мың теңге көлемінде бекітілді. Алайда, есеп беру кезеңінде қала бюджеті 4 рет нақтыланып кірістер көлемі 22 094 974 мың теңгеге, ал шығыстар таза бюджеттік кредиттеумен қоса есептегенде 26 181 598 мың теңгеге жеткізілді. Сонымен қатар кезекті 7 сессиясында Ақтау қаласының ішкі істер басқармасының жергілікті полиция қызметі бастығының 2016 жылғы ІІ жарты жылдығындағы есебі және оның қызметін бағалау туралы мәселесі қаралды. Мәселені талқылап болған соң депутаттар жергілікті полиция қызметінің бастығы О.Тасқымбаевқа қоғамдық тәртіпті қорғауды қамтамасыз ету бойынша кемшіліктерді жою және мәселелерді шешу, апаттылықты тұрақтандыру, сондай-ақ жол қозғалысын қадағалау және әкімшілік айыппұлдарды өтеу бойынша нақты шаралар қабылдауды ұсынды.
Кезекті 8-сессияда 2016 жылға арналған қалалық бюджеттің орындалуы жөніндегі есеп бекітілсе, 2017 жылдың 2-тамызында өткен 9-сессияда қала әкімінің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы жөніндегі есебі тыңдалды. Сонымен қатар «Қаладағы тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік сала және энергетика объектілерінің жылыту маусымына дайындығы туралы» мәселе қаралып, талқыланды. Нәтижеде тұрғын үй инспекциясы бөліміне (Р.А.Жүкенов) тұрғын үйлерді жылыту жүйесін тазалау, бекіту, суық және ыстық сумен жабдықтау жүйесін жөндеу және тексеру бойынша жұмыстарды мерзімінде аяқтау бойынша шаралар қабылдау; энергия кешені, өмір тіршілігін қамтамасыз ету, әлеуметтік инфрақұрылым және тұрғын үй қоры объектілерін 2017-2018 жылдардың күзгі-қысқы кезең жұмыстарына дайындығын қамтамасыз ету бойынша жұмыстардың орындалуына үнемі бақылауды іске асыру; энергиямен жабдықтау ұйымдарымен жылу есебінің үйге ортақ жүйесін сақтауды қамтамасыз етуге және оған техникалық қызмет көрсетуге мерзімінде шарт жасау жөніндегі іс-шараларды аяқтау бойынша шаралар қабылдау; көппәтерлі тұрғын үйлер иелерімен шарттық қатынастарды ресімдеудің қарастырылған тәртібін сақтау бойынша тұрғын үй қорын басқаруды іске асыратын кәсіпорындарға талаптарды көтеру бойынша шаралар қабылдау ұсынылды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне (Б.Ізғалиев) күзгі-қысқы кезең жұмыстарына дайындалу барысында қаланы үздіксіз сумен жабдықтауды қамтамасыз ету, «иесіз» сыртқы желілерге аса зор назар аудара отырып, пайдаланушы ұйымдардың теңгеріміне инженерлік желілерді мерзімінде беру бойынша іс-шаралар кешенін іске асыру ұсынылды.
Қалалық мәслихаттың кезектен тыс 11-сессиясында Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 29 наурыздағы №828 «Мемлекеттік билік органдары жүйесінде кадр саясатының кейбір мәселелері туралы», 2011 жылғы 19 мамырдағы №86 «Облыстық, аудандық маңызы бар қалалар мен облыстар аудандарының, облыстық маңызы бар қалалардағы аудандардың, республикалық маңызы бар қала мен астанадағы аудандардың, кенттердің, ауылдардың (селолардың), ауылдық (селолық) округтердің әкімдерін қызметке тағайындау, олардың өкілеттігін тоқтату және қызметтен босату тәртібі туралы» Жарлықтарына және Маңғыстау облысы әкімінің ұсынысына сәйкес, Ақтау қаласының әкімі етіп тағайындауға Ғалымжан Ниязовтың кандидатурасына келісім берілді.
- Қалалық мәслихаттың тұрақты комиссиялар жұмысына тоқтала кетсеңіз.
- Депутат жұмысының ең маңыздысы – ел мүддесіне қатысты мәселелерді дер кезінде көріп, уақытында көтере білу. Бұл бағытта екі тұрақты комиссия жұмыс атқарады, олар: «Экономика және бюджет мәселелері жөніндегі комиссия» төрағасы №11 сайлау округінен сайланған депутат Бақыт Шапқан, және «Әлеуметтік мәселелері және заңдылық пен құқық тәртібі мәселелері жөніндегі комиссия» төрағасы №17 сайлау округінен сайланған депутат Ықылас Көшербай. Тұрақты комиссиялардың жұмыстары жүйелі түрде ұйымдастырылған. Олар әрбір сессия алдында өз отырыстарын өткізіп, қаралатын мәселелерді және сайлаушылардың тарапынан түскен өтініштерді, шағым-арыздарды, ұсыныстарды қарап талдайды. Ортақ шешімге келген соң қаулы қабылданып, сессия мәжілісіне ұсынылады. Есепті кезеңде комиссиялардың жоспарлы 7 отырысында 26 мәселе қаралған болатын. Оның ішінде қалалық атқарушы органдардың есептері, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша атқарылған жұмыстары туралы ақпараттар тыңдалды.
- Халық қалаулыларына арыз-шағыммен келетін сайлаушылардың басты сұрағы қандай? Сайлаушылар өтініштерінің қанағаттандырылуы қандай деңгейде?
- «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 21-бабына сәйкес қалалық мәслихат депутаттары тарапынан үнемі азаматтарды қабылдау жүргізіліп отырады. Қабылдау кестесі бұқаралық ақпарат құралдарында жылына 2 рет жарияланады. 2017 жылдың 11 айында 65 қабылдау өткізіліп, нәтижесінде 62 өтініш қаралып, атқарушы органдарға 80 депутаттық сауалдар жолданды, оның ішінде өтініштерге түскен жауаптар саны 89. Өтініштер негізінен тұрғын үй бөлуге, жұмыссыздарды жұмыспен қамтуға, балаларды балабақшаға орналастыруға, материалдық көмек көрсетуге, мектептерге және ауруханаларға күрделі жөндеу өткізуге, шағынауданішілік жолдарды жөндеуге, тротуарлар салуға, уақытылы қоқыстарды жинауға, инженерлік инфрақұрылымның, тұрғын үйлердің, қоғамдық көліктің, бағдаршамдардың, спорт және балалар алаңдарының, жасыл желектердің жағдайы сияқты мәселелерге қатысты.
- Қазір ақтаулықтарды қаладағы қоғамдық автобустарда жүру бағасының қымбаттайтыны толғандырып тұр.
- Қоғамдық көлік тарифі ең соңғы рет 2015 жылы қаралып, 50 теңге деңгейінде келісілген болатын. Тасымалдаушылар өз мойындарына біраз міндеттемелер алған. Автобус билетінің бағасын көтерместен бұрын, сол міндетемелердің орындалу жағдайы талқыланғаны дұрыс болар. Сонымен қатар Ақтау қалалық мәслихатына да, қоғамдық кеңесіне де тариф көтеру жөнінде ешқандай ұсыныс болған жоқ. Сондықтан өсек-аяң әңгімеге бола даурығудың ешқандай қажеттілігі жоқ.
- Ақтаудың келешегін көз алдыңызға қалай елестетесіз?
- Балаларым мен немерелерімнің сүйікті қонысы, Қазағымның берекелі дастарханы, шаңырағы биік, уығы берік, керегесі кең ақмаржан қаласы, жан-жақтағы ұлттар мен ұлыстарды тамсандырған төрі деп елестетем.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА
Сурет facebook әлеуметтік желісінен алынған
Тағы оқыңыздар: Тегін медициналық қызмет аясы кеңиді