Елімізде қазір қызу талқыланып жатқан тақырыптардың бірі - латын қарпі болып отыр. Үстіміздегі жылдың 26 қазанында Елбасы қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Жаңа әліпбиге көшу процесі ел арасында басталып та кетті. Осы мәселе жайында ҚР Білім беру ісінің үздігі, Жаңаөзен қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі, қалалық мемлекеттік архивтің археографы Өтеулі Сарыбекпен сұхбат құрдық.
- Латын әліпбиіне көшу бірнеше жылдар бойы көтеріліп келе жатқан мәселе. Осыған байланысты сіздің ойыңыз қандай? Халық бұған дайын ба?
- Жалпы латын қарпі қазақ халқына таңсық емес, халқымыз бұрын да бұл жолдан өткен. 1926 жылы Қазақ атқару комитеті және халық ағарту комиссиясының ұйымдастыруымен қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру туралы кеңес өтті. Сөйтіп мемлекеттік мекемелер 1929 жылдың 1 қазанынан бастап іс-қағаздары латынға көшіп, бұл жазу 1940 жылға дейін қолданыста болды.
Тәуелсіз Қазақстанда латын қарпіне көшу мәселесі алғаш көтеріліп отырған жоқ. Мемлекет басшысы 2006 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында және 2012 жылы жария еткен «Қазақстан-2050» стратегиясы. Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында 2025 жылға дейін латын қарпіне көшу туралы қадап айтқан болатын. Ал, Елбасының 2017 жылғы 12 сәуірдегі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында латын әліпбиіне көшу нақты міндет етіп қойылды және осы ауқымды жобаға уақыт ұттырмай қазірден бастап кірісуіміз керек екенін жазды. Латынға көшу - қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін көтере түсетін, абыройын арттыра түсетін мүмкіндік. Қазақтың өз ана тіліне деген ықыласын туғызатын үлкен фактор.
Латындану - әлемдік үрдіс. Яғни, латын әрпі жаһандағы кез келген адамның көзіне түсінікті, ұғынықты графикаға айналып кетті, ғылым да сол әріппен сөйлеуде. Осындай негіздерін ескере отырып, Елбасы көтеріп отырған өзекжарды мәселелердің ел ішінде кең қолдауға ие болатынына сенімдеміз және ол жарқын болашақтың бастауы деп білеміз.
- Ел арасында жаңа әліпби нұсқасын референдум арқылы жасау керек деген пікірлер айтылып жатыр. Сіз қалай ойлайсыз?
- Әрине, мен тіл маманы емеспін, бірақ негізгі мамандығым мұғалім болғандықтан, қай пәннің болса да, тіпті еңбек, дене тәрбиесі пәндерінің мұғалімі болсын, ол сауатты жазып, сауатты оқып, қазақ графикасы қай нұсқада болса да қазақ тілінің емле-ережелерін бұзбай сөйлеп, жазуы керек. Иә, рас, соңғы кездері әліпби ауыстыру мәселесін референдум арқылы шешу керек деген ұсыныс айтылып жүр. Латын әрпіне көшу мәселесін, қайталап айтамын, тек латынға көшу мәселесін референдумға салуға болар, бірақ бұл мәселе қазір бүкілхалықтық қолдаудан өтті. Ал латын әліпбиі жобасын, менің түсінігімше, әліпби тіл мамандары, лингвистер дайындайды, сонан соң тіл ғылымының ғалымдары, педагог-ұстаздар, әдіскерлер, психологтар, сызба шеберлері, т.б. арнайы сараптаудан өткен соң мемлекет тарапынан бекітіліп, көпшілікке міндетті құжат ретінде ұсынылады. Әрі қарай ол талқыланбайды, тек орындалады.
Тарих теперіші мен билік өктемдігін көп көрген - осы біздің ұлттық жазуымыз. Тұмшаланып қалған санамыздың түкпірінен төл дыбыстарымызды аршып алып, емле-ережелерін құрастыру оңай шаруа емес. Жазу дегенде оны тек әріп жиынтығы деп қарамау керек. Әр ұлттың тіл ерекшелігіне және үндестік заңына қарай жазу - әліпби, таңба және емле-ережеден тұрады.
- Көрші өзбек, түркмен елдерінің латын қарпіне бізден ертерек көшуі не себепті деп ойлайсыз?
- Бұрынғы Кеңес Одағының құрамындағы бұл елдер Кеңес Одағы тарағаннан кейін бірден латын қарпіне көшті. Оның бірнеше себептері бар деп ойлаймын. Бұл түркі тілдес елдер Ресейдің құрамында болғанымен оның шекарасынан алшақтау орналасты. Сондықтан, Ресейдің ықпалы Қазақстанға қарағанда бұл елдерде әлсіздеу болды деп ойлаймын. Мүмкін осы себептерден шығар Одақ құрамында болған кездерінде де бұл елдер өз ұлттық менталитетін, рухани байлығын, ұлттық салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын сақтай білді. Мен сізге бір мысал айтайын: қылышынан қан тамып тұрған Кеңес үкіметі кезінде мен осы елдердің бас қалалары - Ашхабад, Ташкентте әлденеше рет болдым. Сол кездің өзінде бұл халықтар өздерінің ұлттық киімдерімен жүрді, өз тілдерінде сөйлесті, көшелердегі аспалы радиоларынан ұлттық әуендері төгіліп тұрды. Яғни, Ашхабадқа барсаң бұл түркмендердің, Ташкент - өзбектердің қаласы екені білініп тұрды. Ал, сол кезеңде Алматыға барғанда қазақша әуен түгілі, көшелерде бір ауыз қазақша сөз естімейтін едік (қазір шүкір, жағдай басқаша).
Міне, осындай факторлар бұл елдердің латын гарфикасына ерте көшіп кетуіне мүмкіндік берген болуы керек.
Енді бұл мәселенің екінші жағы бар: бұл елдерде латын жазуы қандай дәрежеде, қандай жағдайда? Оны зерделеп, зерттеп, талдау қажет. Артықшылығынан үлгі алып, кемшіліктерін ескеруіміз керек.
- Жаңа әліпбиге көшудің артықшылықтары қандай?
- Сөз жоқ, латын әліпбиіне көшудің артықшылығы өте көп. Біріншіден, бұл - мәңгілік елдің рухани жаңғыруының басы. Екіншіден, латын әліпбиі қазақ тілінің ерекшелігін сақтап қалуға қолайлы. Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшу мәселесі - өркениет көшіне ілесудің, ана тіліміздегі құндылықтардың өрісін кеңейтудің, насихаттаудың бірден-бір жолы. Әлемдік кеңістікте қалыптасқан жаңа заманауи технологиялар мен ақпараттық орта, оның заңдылықтары мен ерекшеліктері біздің кемел келешегіміз үшін ауадай қажет. Ғылым мен білім саласында өзгенің тозығы емес, озығын игеру - басты мақсатымыз. Жалпы латын қарпіне көшудің терең логикасы бар. Ол қазіргі заманғы техникалық ортаның, коммуникация мен ғылымның дамуына байланысты екені баршаға аян. Жаңа әліпби арқылы қазақ елі жаңа қадамға басады. Сонымен қатар, латын әліпбиінің түбі бір туыс елдермен өзара байланысты арттыруымыздың бірден бір жолы екені анық. Сондықтан, Қазақстанның жаңа әліпбиі болашақта оның қара шаңырақ ретінде түркі әлеміндегі жетекшілік орнын одан әрі нығайта түседі деп сенуге болады.
- Баспасөз беттерінде сыртқы, тіпті ішкі орыстілділер латын әліпбиіне қатысты шешімді орыс тіліне төнген қауіп деп бағалап отыр. Бұған сіз не дейсіз?
- Иә, бұл қарсылық көрсету сыртымыздан да, ішімізден де табылады. «Ит үреді, керуен көше береді» дейді. Олар қазаққа қатысты жағымды нәрселерге бұған дейін де қарсы шыққан, келешекте де қарсы шығады. Сондықтан көңіл аудармаған жөн. Бірақ теріс пікірді сауатты, жігерлі саясат арқылы, сабыр сақтап, ақылмен, қайсарлықпен жеңу керек. Біз біртұтас Қазақстан Республикасы деп аталатын қазақ халқының мемлекетіміз. Мемлекеттік ұлттық тіліміз - қазақ тілі. Олар осыны түсініп білуі керек.
- «Кирилл жазуы қатар жүре береді, орыс тіліне қатысы жоқ, тек қазақ тілі ғана өзгереді» деген сөздер айтылды. Бұған не айтар едіңіз?
- Егер, латындану мәселесі дәл осы айтылғандай болып жүргізілетін болса, онда қоғамда күрделі сұрақтар туындайды. Мысалы, унитарлық біртұтас мемлекеттің жазуын, тілін қалай бөлшектеп тастауға болады? Оның арты неге апарады? Қазірдің өзінде «орыстілді қазақ», «қазақтілді қазақ» деп бөлініп жүргенде, енді сол «қазақтілді» қазақтың өзі, баспасөзде жазғандай, «кирилл қазақ», «латын қазақ» болып бөлінбесіне кім кепіл? Орыс мектептерде оқитын мыңдаған қазақ балалары бар.
Статистика бойынша орта есеппен орыс мектептерінің 40 пайызын қазақ балалары құрайды. Ал, Алматы, Астанадағы орыс мектептеріндегі оқушылардың 70-80 пайызы қазақ балалары. Сонда қазақ мектебі латынға көшіп, орыс мектебі көшпесе қалай болады? Қоғам екіге жарылып кетпей ме? Осы сияқты көптеген сұрақтар қазір қоғамда туындап жатыр. Қалай болғанда да бұл сұрақтар қазақ елінің болашағын, бірлігін, біртұтастығын қазақ халқының келешегін ойлайтын әрбір азаматты ойландырары, толғандырары даусыз. Дегенмен Елбасымыз бастаған қазақ елі өзінің ұстанып келе жатқан сындарлы да салиқалы, сабырлы саясатының арқасында бұл мәселелер оң шешімін табады деп сенемін. Өйткені Елбасының: «Егер жаңғыру елдің ұлттық тамырынан нәр алмаса, ол адасуға апарады» деген сөзі бар. Бұл - ең бірінші басшылыққа алынатын дүние.
Жалпы, латын қарпіне көшу күрделі де ұзақ процесс. Дегенмен жаңа әліпбиге көшудің мемлекеттік тіл - қазақ тілінде жазып-сөйлеуге кедергі болып келген қиындықтардан арылуға зор ықпалы болары анық. Біз бұрын да бұл жолдан өткенбіз. Сол жазу дәстүрімізге қайта жаңғырып айналып келу арқылы көне архивимізді жаңартуға да мүмкіндік аламыз.
Қысқасы, рухымызды, санамызды жаңарту жолына түскен екенбіз, неге әліпбиімізді жаңартпасқа!
- Мазмұнды да тұшымды әңгімеңізге көп рахмет!
Айжан НАСЫРОВА