Қазіргі таңда барлық ауруханаларда екпе егу науқаны жүруде. Көптеген аурудың алдын алып, жеке тұлғаның денсаулығын нығайту мақсатында екпе жүргізу ұзақ жылдардан бері жүзеге асып келеді. Бүгін де кейбір ата-аналар арасында балаларына екпе салдырудан бас тартып жүргендері бар. Жалпы екпенің адам өміріне қандай пайдасы бар, балаға және ересектерге қандай екпелер егіледі? Екпе алмаған жағдайда адам денсаулығына кері әсері тимей ме? Немесе екпелер қатарында барлық адамға міндеттелген екпе түрлері бар ма? Осы және өзге де сұрақтар бойынша №1 Жаңаөзен қалалық емханасының босандыру және бала ісі бойынша директордың орынбасары Гүлпариза Исмагулқызы Кособулатовамен тілдескен едік.
- Қазіргі таңда бүкіл әлем бойынша вакцина егу жұмыстары жаппай жүргізілуде. Жалпы осы вакцинаның қоғамға және жеке адамға қандай пайдасы бар?
- Күнтізбелік иммундау - денсаулық сақтаудың ең табысты және тиімді әдістерінің бірі. Ол адамның және жалпы халықтың денсаулығын сақтауда үлкен нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше әлемде жыл сайын бір жарым миллиард адамға екпе жасалады. Ол екпенің түрлері көкжөтел, полиомиелит, сал ауруы, сіреспе, құрөзек, қызылша, қызамық және полиэпидемиялық паратит сияқты ауруларға қарсы жоспарлы иммундау шаралары жыл сайын әлемде үш миллион адамды өлімнен сақтап, 750 мың баланы мүгедектіктен қорғайды. Иммунопрофилактика саласындағы мемлекеттік саясат аурудың алдын алуға елге сырттан әкелінген жағдайда оны таратпауға және жоюға бағытталған. Тұрғындарды вакцинациялау ұлттық екпе күнтізбесіне сәйкес 21 инфекциялық ауруға қарсы тегін жүргізіледі.
- Екпе егудің жас мөлшерлері қандай?
- ҚР Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы №2295 қаулысымен бекітілген иммундау күнтізбесі бойынша балаларды иммундаймыз. Бала туылғанда перзентханада үш күнге дейін БЦЖ туберкулезге қарсы екпе, В тобындағы сары ауруға қарсы екпе жасалады. Бала екі ай мен төрт айлық арасында гексаксималды вакцинадан құралған екпе алады. Көкжөтелге қарсы, сіреспе, құрөзеккке қарсы АБКДС, ВГВ сары аурудың В түріне қарсы, сал ауруына ИПВ (ОПВ), қанауруына ХИБ гемофилді инфекцияға қарсы, вирусты гепатит В-ға қарсы екпе қабылдайды. Бала үш ай мен он сегіз ай аралығында пентакцин және де АБКДС, ХИБ, ИПВ секілді бес вакцинадан құралған екпе алады. Алты жасында балаларға АБКДС, КПК, БЦЖ вакцинациясы және он алты жастан елу алты жасқа дейінгі ересектерге әр он жылда АДСМ вакцинасы тағайындалады. Балаларға үш жастан бастап, он төрт жасқа дейін нұсқау бойынша вирусты гепатит сары аурудың А түріне қарсы вакцина егіледі.
- Біздің елімізде егіліп жатқан вакциналар қаншалықты сенімді? Вакцина егілгеннен кейінгі нәтиже қандай?
- Республикада тұрғындарды иммундауға мемлекеттік тіркеуден өткен вакциналар ғана қолданылады. Оған қоса балаларды кепілдік берілген вакциналармен қамтамасыз ету мақсатында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі өндірісін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сертификаттаған вакциналарын ғана сатып алады. 2013 жылдан бастап Қазақстанға әкелінетін вакцинананың әрбір партиясы үшін олардың қауіпсіздігі мен сапасын міндетті түрде сертификаттау талабы енгізілді. Елімізде тұрғындарды жоспарлы иммундау шарасын өткізу вакцинамен басқаруға болатын көптеген ауруларды азайтуға мүмкіндік берді. Айталық, қызылшамен ауру он есеге, қызамықпен ауру 68 еседен аса, эпидемиялық паротит 110 еседен аса, вирусты гепатит тұрғындар арасында 31 еседен астам, ал аталған инфекцияға қарсы егілетін балалар арасында 200 есеге азайды. Мемлекетіміз 2002 жылдан полимелиттен азат аумақ ретінде сертификатталды.
Соңғы алты жыл ішінде дифтериямен ауру жағдайлары тіркелген жоқ. Вакцина алсаңыз аурудың алдын аласыз, ОПВ ИПВ вакцинация алмаған балалар сал ауруына шалдығып, өмір бойы мүгедек болып қалу қаупі бар. Сондықтан бірден бір сал аурының емі - осы вакцинаны қабылдау.
Қазіргі таңда бізде салынып жатқан вакциналар Франция, АҚШ, Ресей, Үндістан, Бельгия, елдерінен алынады. Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеу керек.
- Гүлпариза ханым, Маңғыстау облысы бойынша Құрық елді мекенінде туберкулезге қарсы мектеп интернаты бар екен. Оқырмандар хабардар болсын, осы нысан жайында бір-екі ауыз айтып өтсеңіз?
- Маңғыстау облысы Құрық кентіндегі 300 орындық мектеп интернаты өз жұмысын 2014 жылдың қыркүйек айынан бастады. Мақсаты туберкулез ауруы бойынша қауіп тобындағы балалар мен жасөспірімдерді емдеу-сауықтыру демалысын ұйымдастыру. Санаторлық мектепке гиперергиялық туберкуленді реакциялар бар балалар, баланың отбасында туберкулез науқастары анықталғанда, туберкулезге шалдыққан науқастармен қарым-қатынастағы балалар, туберкулезден тиімді емделіп, аурудан жазылған балалар туберкулез ауруы бойынша қауіп тобындағы мүжәлсіз отбасы балалары. Бұл санаторияда балаларды орта мектеп бағдарламасына сәйкес жоғары санатты мұғалімдер оқытады. Мектептегі сыныптар балаларға жайлы парталармен және интерактивті тақталармен жабдықталған. Әрқайсысында 20 компьютері бар екі сыныбы бар. Пәндік биология, химия, физика кабинеттері жаңа үлгіде жабдықталған. Мектеп интернатта ер балаларға арналған ағаш ұста шеберханалары және қыз балаларға арналған тігін шеберханалары бар. Сонымен қатар үйірмелер, музыкалық би залдары бар. Мектеп интернатта үш жүз орындық асхана бар. Онда балалар күніне алты мезгіл тамақтанады. Күн сайынғы ас мәзіріне үнемі ет, сүт тағамдары, көкөністер мен жеміс-жидектер енгізілген. Балалардың денсаулығын нығайту мақсатында спорттық зал, он екі метрлік жүзу бассейні, тренажерлық зал бар. Барлық залдар спорттық құрал- жабдықтар мен жиһаздармен, киіну, жуыну бөлмелерімен толықтырылған. Бүгінгі таңда біздің №1 Жаңаөзен қалалық емханасынан 265 бала мектеп интернатқа жіберілді. Оның ішінде 237 бала емін аяқтап, тұрғылықты мекен-жайы бойынша мектептерде білімін жалғастыруда. 28 бала мектеп интернатта емін алуда.
Сұхбаттасқан Қаламқас АМАНҚОСОВА
ОСӨСҚПО ЖҚФ еріктісі
Тағы оқыңыздар: Пошта жүйесіндегі жаңалықтар