«В», «С» гепатиттерін науқастардың көпшілігі тіс дәрігерінің қабылдауынан кейін жұқтырған, - дейді инфекционист-дәрігер Қ.Нұржанова.
Вирусты гепатит - бауырдың қабынбалы инфекциялық ауруы. A, B, C, D және E вирустарының салдарынан әлемнің жүздеген миллион адамдары жіті және созылмалы бауыр ауруынан зардап шегуде, әсіресе В және С гепатитінен жылына 1,4 миллион адам өлім-жітімге ұшырайды. Еліміз бойынша былтырғы жылғы статистика мәліметтеріне сүйенсек, Қазақстанда соңғы он жылда «В» гепатитімен сырқаттану көрсеткіші 19 есеге төмендеген. Осы ретте аталмыш жұқпалы аурулардың таралуы және ем жүргізу шаралары бойынша Жаңаөзен қаласының хал-ахуалын білу мақсатында №2 Жаңаөзен қалалық емхананың инфекционист-дәрігері Нұржанова Қарлығаш Ойылбайқызымен тілдестік.
- Адам ағзасындағы бауырға салмақ салатын вирусты аурулардың таралу жолдары қандай?
- Әдетте А және Е гепатитіне шалдығудың себебі таза емес тағам мен суды тұтынудың салдарынан болады. В, С және D гепатиті ағзаның жұқпалы сұйықтығымен байланыс нәтижесінде жұғады. Осы вирустардың берілуінің кең тараған тәсілдерінің қатарына вирус жұққан қан немесе қанның өнімін құю, лас құрал-жабдықтарды қолдану арқылы медициналық шаралары жасалады. В гепатиті сондай-ақ босану кезінде анадан балаға, отбасы мүшесінен балаға, жыныстық қатынас кезінде жұғады.
- Вирусты гепатитке қарсы қандай ем шаралары жүргізіледі?
- «В» және «С» вирусты гепатиттері әлеуметтік мәні бар және қоршаған ортаға қауіп төндіретін аурулар тізіміне жатады. Тізімге сай В және С вирусты гепатиттерін тексеру мен емдеу тегін жүргізіледі. Науқастарға дер кезінде маркерлік тексеру жүргізіліп, тиісті диагнозы қойылады. Белгілі құрылғылармен ем жасалып, күресуші дәрі-дәрмектер беріледі. Ауруды анықтау және індеттің таралу қаупін азайту мақсатында азаматтар стационарларға госпитализацияланып, ем тағайындалады. Медициналық қызметкерлерді В және С жұқпалы вирустарының маркерлеріне тексеруден өткізіледі.
Тағы оқыңыздар: Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың келешегі қандай?
- Аталмыш вирус түрлерімен сіздердің емханаңызға тіркелген науқас саны қанша? Оның ішінде ересегі мен балалар саны қандай?
- Қала көлемі бойынша гепатит ауруларымен ауыратын 300-ден астам ересек пен 3 кішкентай бөбегіміз бар. Тіркелген науқастарға дер кезінде емдік-шаралар ұйымдастырылып, дәрі-дәрмектер мөлшерімен тағайындалып отырады. Сонымен бірге, науқастар үш, алты, тоғыз, он екі ай аралықтарында тексерістен өтіп отырады.
- Есепте тұрған науқастардың көпшілігінің дертті жұқтыру көзі қандай?
- Емханамызда есепте тұрған науқастардың басым көпшілігіне вирус тіс дәрігерінің қабылдауында болғаннан кейін жұққан деген болжам бар. Сонымен қатар, үлкен оталар мен қасқа, ерінге татуаж жасату кезінде де жұқтырған науқастар тіркелген. Бұл науқастардың барлығына вирус қан арқылы беріліп отыр. Сондықтан, күрделі операциялар мен үлкен ем-дом кездерінде сақтық шараларын қадағалаған жөн. Кез келген ем алушы медицина мамандарынан санитарлық тазалықты талап етіп, дәрігердің немесе косметологтың құрал-жабдықтарының залалсыздандырылғандығына көз жеткізуі міндетті.
- Вирусты гепатиттен қалай сақтану қажет?
- Сақтануда ұстанатын басты қағида - тазалық. Ішер су мен жейтін тағамның құрамына мұқият болған абзал. Сонымен қатар, жеке гигиенаны сақтау қажет. Өзгенің жеке құралдарын пайдаланбаған жөн. Егер, кез келген адам өз бойынан осы гепатиттің пайда болғанын білген күннен бастап, дәрігердің бақылауынан шықпай, белгіленген ем шараларын уақытылы алған дұрыс. Инфекциялық аурулардың кейбірі бастапқыда қатты ауыртпашылық салмағанмен, асқынған жағдайда өлімге апару қаупі жоғары.
- Жауабыңызға рақмет, Қарылғаш Ойылбайқызы. Инфекциялық аурулардың қала бойынша ахуалын білдік. Ендігі кезекте маман ретінде өзіңіздің қызметіңіз жайында әңгімемізді өрбітсек. Инфекционист-дәрігер ретінде қайда және қай жылдары білім алдыңыз?
- Дәрігер мамандығын мен 2001-2007 жылдар аралығында Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина академиясының педиатрия факультетінде оқыдым. 2007-2008 жылдар аралығында сол академияның «Жалпы тәжірибелік дәрігер» мамандығы бойынша бір жылдық интернатурасын тәмамдадым.
- Алғаш еңбек жылдарыңыз қай жылы басталды?
- Ең алғаш дәрігерлікке қадамым 2008 жылы басталды. Алқапты дәрігер ретінде Ақтөбегі «Шипагер-С» медициналық орталығында еңбек ете бастадым. Содан қызметімді 2010 жылы Жаңаөзен қаласындағы қалалық балалар емханасында жалғастырдым. 2012- 2014 жылдары. Жаңаөзен қалалық балалар ауруханасының дәрігер-инфекционист, бөлім меңгерушісі қызметіне көтеріліп, 2014 жылдан бастап №2 Жаңаөзен қалалық емханасында жалпы тәжірибелік дәрігер, бөлім меңгерушісі және инфекционист-дәрігер қызметін атқарудамын.
- Дәрігер болуға неге құмарттыңыз?
- Дәрігер болу - менің бала күнімдегі аяулы арманым. Оқушы күнімде әкемнің қарындасына қарап өстім десе болады. Ол кісі - инфекционист-дәрігер болатын. Медицина саласына келіп, дәрігерлік жолды таңдауыма сол кісінің болмысы, қызметі себепкер болды деп ойлаймын. Жастайымнан сол кісінің ақ халатына қызығып өстім. Есейе келе, бала күнгі қиялым үлкен арманыма айналды. Машақаты көп болса да, медицина саласына қорықпай өзімді арнадым.
- Сұхбатыңызға рақмет! Тынымсыз қызметіңізде үлкен табыстар мен жетістіктер тілейміз!
Бұл аурудың кең таралуы, сонымен қатар науқасты диагностикалау мен емдеудің қиындықтары ескеріліп, бүгінгі таңда профилактикалық шаралар жүргізу және адамның өзінің денсаулығына деген ортақ жауапкершілігі үлкен рөл атқарады. Жеке басты қорғау шараларын сақтау маңызды. Олар: қауіпсіз тағам мен суды пайдалану, инъекция алу үшін бір реттік инелер мен шприцтерді пайдалану, косметикалық шараларды (татуировка, пирсинг және т.б.) лицензиясы бар арнайы мекемелерде жасату, балаларды Ұлттық егу күнтізбесі бойынша В гепатитіне қарсы егу.
Сұхбаттасқан Қаламқас АМАНҚОСОВА,
ОСӨСҚПО ЖҚФ еріктісі