Келдімұрат Түгелбайұлы Даурбаев 1964 жылы Түрікменстан Республикасы, Балқан облысы, Красноводск ауданы, Белек поселкесінде дүниеге келді. 1981-85 жылдары Чарджоу қаласының Ленин атындағы Түрікменстан мемлекеттік педагогикалық институтына түседі. Жоғарғы оқу орнын бітірген соң 1985-1988 жылдары өзінің 10 жыл бойы білім алған алтын-ұя мектебіне қайта оралып, математика пәні мұғалімі қызметін атқарады. 1989 жылы директордың тәрбие жөніндегі орынбасары болса, 1990 жылдары оқу меңгерушісі қызметіне тағайындалады. 1992 жылы Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы, Құрық ауылына қоныс аударып, сол жылдары аудандық білім бөлімінің «Техникалық құрал-жабдықтар кабинеті» (ТСО) директоры болып жұмысқа орналасады. 1993 жылдары №1 орта мектеп директорының орынбасары, 1996 жылы мектеп директоры, 2002 жылы аудандық білім бөлімінің басшысы, 2005 жылы гимназияда директор, 2012 жылдан бүгінге дейін Құрық орта мектеп-гимназиясында директорлық қызмет атқаруда. Отбасылы, төрт баланың әкесі.
Көп жылғы еңбек тәжірибесі қалыптасқан, мектеп әлемінің сырын білетін, білімді ұстаз, білікті басшының жолы қазіргі кезде көпке үлгі-өнеге. Халық арасында орны ерекше, турашыл, бір қауымға бас-көз бола білген Құрық орта мектеп-гимназиясының директоры К. Даурбаевпен сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
– Келдімұрат Түгелбайұлы, әңгімемізді бастамас бұрын, балалық шағыңыз туралы айта кетсеңіз.
– Мен көп балалы қарапайым отбасында өстім. Әкем Түгелбай Қобдабайұлы теміржолшы, анам Тынай Қазықұлқызы күзетші болып жұмыс жасады. Отбасы да жетінші баламын. Мектепте екпінді оқушы болдым. Политехникалық институтқа түсіп (автожол факультеті) және сол саладағы жұмысқа орналасу бала кезден арманым болатын, бірақ сол арманым жүзеге аспай, орындалмай қалғанына қазір қуанамын.
– Шәкірт тәрбиелейтін ұстаздық қызмет сізді несімен қызықтырады және бұл қызметке өз қалауыңызбен келдіңіз бе?
– Әрине өз қалауыммен. Бір кездері басқа факультетке де тапсырғанмын. Алайда құжаттарымда аздаған кемшіліктер шығып, емтиханға үлгере алмай қалғаным ұстаз болуыма себепші болды. Еш өкінбеймін. Өзіме ұнайтын мамандық.
- Жыл сайын жас түлектер өздерінің алтын-ұя мектебімен қимай қоштасады. Бұдан соң ҰБТ, грант сынақтары басталады. Осындай қауырт кезеңде кедергілерге кездесесіз бе?
- Жоқ, әрине. Өйткені жылда мектеп бітіргелі жүрген жас түлектерімізге білім бағытында арнайы көңіл бөлеміз. Көп ізденіп, білімге құштарлығы артып тұрған, өзіне сенімді оқушыда қиындық туындамайды. Әрине, мұндай жауапты кездерде қобалжу, уайым дегендер әр адамда болады ғой. Дегенмен балаларымыз үмітімізді ақтап шықты деп ойлаймын. Мәселен биыл он бірінші сынып бітірушілер арасынан үш оқушымыз «Алтын белгімен» бітірді. 33 оқушы жоғарғы оқу орнына тапсырып, соның ішінде он төрт бала «Грант иегері» атанды. Бұл - біз үшін үлкен жетістік! Ендігі тілегіміз балаларымыз жоғарғы оқу орнын жақсы бағаға бітіріп келсе деймін. Ары қарай мамандығы бойынша жұмысқа орналасуын қадағалап, қол ұшын берсем деп ойлаймын.
- Өмірге деген көзқарасыңыз қандай? Қиыншылықтар кездесті ме және оны шешу жолын қалай табасыз?
- Кездескен емес. Тек қана жақын адамдарымның өмірден озғаны болмаса. Егер адам қиындыққа тап болса, онда оны дереу шешуге кірісу керек деп ойлаймын. Ажалдан басқасының барлығының шешімі бар. Сәтті кездеріңде қуанышқа бөленіп, болмашы нәрсеге көңіліңді түсірмесең, өмір сүру жеңілдеу болады. Жалқаулыққа бой ұрмай, таза маңдай теріңді төгіп, айналаңа пайдаңды тигізе жүрсең, шынайы өмір сүре білгенің деп білемін. Менің өмірге деген көзқарасым осындай.
- Спортпен айналысасыз ба?
- Әрине! Көбінесе үстел теннисін ойнаймын. Таза ауада жаяу жүруді ұнатамын.
- Жылдар бойы жеткен жетістіктеріңіз туралы баспасөз ақпарат құралдарынан оқып, көріп жүрміз. Бұл - біздің ауданымыз үшін де үлкен мәртебе. Дегенмен, өзіңіз нақтырақ айтсаңыз?
- Бастапқы кездері Маңғыстау облысы әкімінің, Маңғыстау облысы білім басқармасының, Қарақия ауданы әкімінің, Қарақия аудандық білім бөлімінің Құрмет грамоталарына ие болдым. 2013-2014 жылдары «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ педагогикалық шеберлік орталығының Қазақстан Республикасының жалпы білім беру ұйымдары басшыларының біліктілік арттыру курсын тамамдап, сертификат алдым. Аудандық «Үздік мектеп директоры» байқауынан 1,3 орындарды иелендім. Бұдан соң Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлер кәсіподағынан Құрмет грамотасымен, 2016 жылы Қазақстан Республикасының жалпы білім беру ұйымдары басшыларының біліктілігін арттыру бағдарламасы бойынша сертификатталған, мектеп басшыларының интернет байқауында «Үздік тәлімгер» номинациясымен марапатталдым. Республикалық «ЮНЕСКО» клубына мүшемін. 2016 жылдары «Нұр Отан» партиясының Алғыс хатына, сонымен қатар білім беру саласына сіңірген көп жылғы еңбектерім үшін Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министірлігінің Құрмет грамотасына ие болдым. Бүгінде Қазақстан Республикасының жалпы білім беру ұйымдары басшыларының біліктілігін арттыру бағдарламасы бойынша курсын аяқтаған алғаш мектеп басшыларының бірі болсам, қазіргі таңда «Кембридж» бағдарламасы бойынша мектепте өзгеріс енгізу жолында қарқынды еңбек етудеміз.
- Еліміз жаңа оқу бағдарламасына бет бұрды. Биыл мектепке қандай өзгерістер енді?
- Қазір мектебімізде 1, 2, 5, 7 сынып оқушылары жаңа оқу бағдарламасына көшті. Сонымен қатар сегізінші сыныптан бастап, физика, химия, биология, информатика пәндері жаңа бағдарламаға көшсе, ағылшын пәнін енді бастап жатырмыз. Осыған орай ағылшын пәні мұғалімдері бес айлық курста білімін жетілдіруде. Тамыз айында Құрық мектеп-гимназиясы аудан көлемінде үздік мектеп атанды. Ал «Табиғатпен үндес мектеп» номинациясын аудан дәрежесінде жеңіп алып, ары қарай облыстық бәсекеге қатысуды жоспарлап отырмыз. Мектеп оқушылары мен ұстаздар білім, өнер, спорт саласын да көптеген жетістікке жетіп, облыс, республика деңгейінде марапатталып жүр.
- Мектебіңізде қандай қоғамдық жұмыстар атқарылуда?
- Мәселен өз жеке басым балалардың ата-анасына жәрдемдесіп, соңынан ерген бауырларына қамқор болу, үй шаруасына белсене кірісу керек, деген ұғымдарды тек ғана ауызша түсіндіріп ғана қоймай, олардың сол бағытта іс-әрекеттерін көрсетуді талап ету керек деймін. Осы бағыт бойынша көптеген жұмыстар атқардық және алдағы уақытта да, бұйырса атқарамыз. Мектепте ата-аналарға да жиындарды жиі өткізіп тұрамыз. Ал оқушылар арасында да көбінесе мейірімділікке тарту мақсатында тренингтер өткізіледі және сол тақырыпта бейнебаяндар көрсетіледі. Мүжәлсіз отбасынан шыққан оқушыларымызға арнап жиі-жиі жәрмеңкелер өткіземіз. Мектеп айналасын күл қоқыстан тазартып, үнемі сенбілік өткізіп тұрамыз.
- Жастарға айтарыңыз бар ма?
- Бірінші жарық дүниеге әкелген ардақты ата-анасын сыйлау керек. Білім алып, спортпен шұғылданып, еңбекке ерте кезінен араласу – әр адамға міндет. Жастарымыз қолға алған істі ертеңге қалдырмай жылдам бітіру амалын қарастырса, келешекте ұрпағымыз да дамиды. Тура жолды таңдап, егеменді елімізге лайықты, нағыз азаматтарға айналуына тлектеспін!
- Сұхбатыңызға рахмет!Сұхбаттасқан Майра ҚУАНЫШБАЙҚЫЗЫ