Бүгін Маңғыстау облыстық көркем және эстетикалық гимнастика федерациясының президенті болып Аида Садатқызы тағайындалды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz федерацияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аида Садатқызы көркем гимнастикадан қалалық, облыстық, республикалық және халықаралық турнирдің жүлдегері болған.
Федерацияның жаңа президентін ұжыммен таныстыру шарасында Ресей құрама командасының жаттықтырушысы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, бүкіләлемдік спартакиаданың 5 дүркін чемпионы Екатерина Пирожкованың Ақтауда 10 күн өткізген оқу-жаттығу шеберлік сабағына қатысқан гимнастшыларға сертификат табысталды.
Аида Садатқызы журналистика мен мемлекеттік қызметте тәжірибесі бар жоғары білімді маман. Ол Мәскеу политехникалық университетінің Баспасөз және медиа индустриясы жоғары мектебінің түлегі.
Еңбек жолын 2014 жылы «Қазақстан» РТРК АҚ Маңғыстау облыстық филиалында бастаған. Тақырыптық бөлімнің жүргізуші-редакторы, жаңалықтар қызметінің тілшісі болды.
Әр жылдары ақпараттық сайттарға тұшымды материалдар дайындаған.
2021 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің Маңғыстау облысындағы меншікті тілшісі болды.
2021 жылы Маңғыстау облысы әкімі баспасөз қызметінің маманы қызметін атқарды.
2021 жылдың желтоқсан айынан бері Маңғыстау облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық коммуникация орталығы» КММ басшысы қызметін атқарып келеді.
2022 жыл «Zakon.kz» ақпарат агенттігінің Маңғыстау облысындағы меншікті тілшісі болды.
Айта кетсек, Аида Садатқызы басшылық ететін Маңғыстау облыстық «Қоғамдық коммуникация орталығы» 2023 жылы қоғамның тыныс-тіршілігі туралы жұртшылыққа жедел ақпарат жеткізетін орталық ретінде «БАҚ белсендісі» номинациясына ие болды.
Әр жылдары мемлекеттік хатшы, министр, облыс және қала әкімінің алғыс хатымен марапатталған. Қазақстан журналистер одағының мүшесі. Ақтау қаласының 60 жылдығына арналған мерекелік медаль мен Маңғыстау ауданының 95 жылдығына арналған медалінің иегері.