Жаңаөзен қалалық қазақ күресі федерациясының басшысы тағайындалды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Жаңаөзен қаласында ұлттық спортты ұлықтап, жастарды салауатты өмір салтына баулитын көптеген игі шаралар қолға алынып отыр. Бұл ретте қазақ күресін дамыту жақсы жолға қойылған.
Ұлттық спортқа жаңа дем беру мақсатында облыстық қазақ күресі федерациясының кеңейтілген отырысында Жаңаөзенде қалалық қазақ күресі федерациясын ашу жоспарланған. Осы орайда Жаңазенге іссапармен барған облыстық қазақ күресі федерацияның басшысы Сағынғали Қылышбаев жаңадан тағайындалған Жаңаөзен қалалық қазақ күресі федерациясы президенті Бауыржан Нұрпейсовты таныстырды.
"Қазақ күресі – халқымыз үшін тамыры тереңнен тартылатын тарихымен тұтасып жатыр. Түрлі бас қосулар мен мереке тойлар қазақ күресінсіз өткен емес. Жаңаөзендік жас өрендер боз кілемде белдесіп, талай додалардан жеңіспен оралса деймін. Федерация ұлттық спортқа қатысамын дейтін әр жас жігіттің қадамын қолдауға дайын", - деді Бауыржан Төлегенұлы.
Бауыржан Төлегенұлы Шығыс Қазақстан облысына қарасты Зайсан қаласында дүниеге келген. Зайсан қаласындағы спорт мектебінің түлегі. Жоғарғы оқуды аяқтаған соң Алматы қаласында сот органдарында қызмет жолын бастаған.
2008 жылдан бастап қаржы полициясында қызметін жалғастырып, кейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бойынша Шығыс Қазақстан облысында әр түрлі басшылық қызметтерді атқарды. Астана қаласында Агенттіктің орталық аппаратында қызмет еңбек етті. 2023 жылдан бері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Маңғыстау облысы бойынша департаментінің Жаңаөзен аймағы бойынша ауданаралық басқармасы басшысы.