Маңғыстау облыстық сотында ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы Асламбек Мергалиев Президенттің 2024 жылғы 19 сәуіріндегі Жарлығына сәйкес Маңғыстау облыстық сотының төрағасы лауазымына Ербол Мұқажанұлы Рахымбеков тағайындалды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Маңғыстау облыстық баспасөз қызметінің хабарлауынша, тағайындау іс-шарасына Жоғарғы Соттың төрағасы А.Мергалиев, Маңғыстау облысының әкімі Н.Ноғаев, мемлекеттік орган және құқық қорғау органдарының басшылары, облыстық, аудандық және оған теңестірілген соттардың судьялары, ардагер судьялар, сот қызметкерлері қатысты.
А.Мергалиев Маңғыстау облыстық сотының төрағасы болып тағайындалған Е.Рахымбековтің өмірбаянына тоқталып, оның кәсібилігі туралы оң пікір білдірді. Сондай-ақ, Е.Рахымбековтің сот төрелігін жүзеге асырудағы мол тәжірибесі мен жемісті еңбегін атап өтіп, алдағы қызметіне сәттілік тіледі.
Облыс әкімі Н.Ноғаев жаңадан тағайындалған төрағаны қызметімен құттықтап, сот төрелігін адал жүргізіп, шешімге қанағаттанған азаматтардың алғысына ие болуды тіледі.
Одан әрі Маңғыстау облыстық сотының алқа төрағалары 2024 жылдың I тоқсандағы сот төрелігін жүзеге асыру қорытындылары бойынша баяндамалар жасады.
Іс-шара соңында А.Мергалиев ұзақ жылдар бойғы жемісті әрі мінсіз қызметі және сот жүйесін дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін отставкадағы судьялар А.Нағашыбаевты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Сот жүйесінің ардагері» медалімен және Ш.Есбағанбетовты II дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалімен марапаттады.
Анықтама үшін:
Ербол Рахымбеков 1964 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген.
1989 жылы Қарағанды мемлекеттік университетін «құқықтану» мамандығы бойынша бітірді.
1989-1990 жылдары – Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданының нотариаттық конторасының нотариусы;
1990-1991 жылдары – Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданының халық кеңесінің депутаттары президиумының заңгері;
1991-1994 жылдары – Солтүстік Қазақстан облысы Булаев аудандық сотының судьясы;
1994-1996 жылдары – Қарағанды облысының Нұрын аудандық сотының судьясы;
1996-2000 жылдары – Қарағанды облысының Нұрын аудандық сотының төрағасы;
2000-2001 жылдары – Қарағанды қаласы Октябрь аудандық сотының Киров сот учаскесінің аға судьясы;
2001-2001 жылдары – Қарағанды қаласының №3 Октябрь аудандық сотының судьясы;
2001-2002 жылдары – Қарағанды қаласының №3 Октябрь аудандық сотының төрағасы;
2002-2008 жылдары – Қарағанды облысы Теміртау қалалық сотының төрағасы;
2008-2010 жылдары – Қарағанды қаласының Қазыбек би аудандық сотының төрағасы;
2010-2012 жылдары – Солтүстік Қазақстан облыстық сотының апелляциялық сот алқасының төрағасы;
2012-2014 жылдары – Солтүстік Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы;
2014-2016 жылдары – Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотының төрағасы;
2016-2018 жылдары – Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының судьясы;
2018 жылдан бүгінге дейін Шымкент қалалық сотының төрағасы қызметін атқарды.