Ташкентте бокстан өтіп жатқан әлем чемпионатында маңғыстаулық Санатәлі Төлтаев екінші кездесуінде қарсыласына есе жіберді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жерлесіміз 1/16 финалда Маврикий боксшысы Ришарно Колимен кездесіп, төрешілер шешімі бойынша ұтылды. Осылайша С.Төлтаевтың дүниежүзілік додадағы жолы тәмам болды.
«Өкінішке қарай жеңілдім. Спорт болған соң жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Мені қолдауларыңызды сұраймын. Жекпе-жектегі қарсыласым өте тәжірибелі. Олимпиада, әлем чемпионатына қатысты. Әрине, бұл сылтау емес. Бірінші раундта жарақат алып қалдым. Соның салдарынан мен ашылып бокстаса алмадым», - деді Санатәлі Төлтаев жекпе-жектен кейін.
63,5 келіде ел намысын қорғаған Санатәлі Төлтаев 1/32 финалда израильдік Ахмад Штивимен жұдырықтасып, айқын басымдықпен ұтқан болатын. Үш раунд бойы Төлтаев қарсыласын соққының астына алып, 1/16 финалға жолдама алған еді.