5 тамыз күні Париж Олимпиадасында грек-рим күресінен Қазақстан құрамасының екі балуаны жарыс жолына шығады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Кеше классикалық күрес бойынша 2 салмақта жеребе тартылып, ұлттық құрама балуандарының қарсыластары белгілі болды. Ал өзге салмақтағы спортшылардың турнирдегі қарсыластары алда анықталады.
60 келіде Айдос Сұлтанғали 1/8 финалда қырғызстандық 2 дүркін әлем чемпионы Жоламан Шәршенбековпен шығады. Қос балуан бұған дейін үш рет кездесу өткізген.
130 келіде Әлімхан Сыздықов румын балуаны Алин Алексус-Чурариумен алғашқы айналымда өзара мықтыны анықтайды. Румыниялық атлет 2022 жылы әлем біріншілігінде аса ауыр салмақта қола жүлдегер атанған. Бұл сында Әлімхан жеңіске жетсе, Әзірбайжан-Эстония балуандарының жұбымен шеберлік байқасады.