Үндістанның Нью-Дели қаласында самбо күресінен ерлер мен әйелдер және жауынгерлік самбодан Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Додаға қатысқан маңғыстаулықтар алтын және күміс жүлдемен оралды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Чемпионат 12-16 қыркүйек күндері өтті. Жарысқа 21 мемлекеттен келген 300-ден аса спортшы қатысты. Қазақстан құрама командасынан 30-ға жуық самбошы бақ сынады. Соның ішінде Маңғыстау облысы «Жас батыр» спорт мектебінің екі балуаны бар. Маңғыстаулық Дәурен Төлегенов 56 келі салмақта сынға түсті. Ол жапониялық, корейлік, бангладештік және тәжік спортшыларын тізе бүктіріп, финалға жолдама алған екен. «Дәурен Төлегенов финалдық белдесуде өзбек балуанын айқын басымдықпен жеңіп, алтын жүлдені иеленді. Үнді елінде әнұранды әуелетіп, абыройымызды асқақтатты. Алдағы уақытта қос спортшы қазан айында Ташкентте өтетін әлем чемпионатында өз бақтарын сынайды», - дейді облыстың бас бапкері Берік Жұмағалиев. Бас бапкердің айтуынша, 70 келі салмақта Нұрбек Қуанышұлы иорданиялық, қырғызстандық, пәкістандық және тәжік балуандарымен белдесті. Соңғы финалдық кездесуде 1:1 есебімен өзбек балуанына есе жіберіп, күміс медальді қанағат тұтты. Сонымен қатар "Жас батыр" спорт мектебінің бапкерлері Берік Жұмағалиев пен Айбек Жанболатұлы "Үздік төреші" алғыс хатымен марапатталды. «Азия чемпионаты жоғары дәрежеде өтті. Қазақстан құрама командасы өте жақсы нәтиже көрсетті. Ешқандай ауыр жарақат болмады. Балуандарымыз алтын, күміс медаль иеленіп, жеңіс тұғырынан көрінді. Бұл біз үшін үлкен жетістік. Алдағы уақытта әлем чемпионатында бағымызды сынаймыз», - дейді самбодан Маңғыстау облысы жасөспірімдердің аға бапкері Айбек Жанболатұлы.
Жұлдыз ҚАЛИЕВА
Суреттерді «Жас батыр» спорт мектебі ұсынды