Ақтау халықаралық әуежайында бокстан әлем чемпионы Бекзад Нұрдаулетовті отбасы, достары мен жанкүйерлері қарсы алды. Сондай-ақ қарсы алу рәсіміне облыс әкімі Серікбай Трұмов келді. Жиналған қауым әлем үздігін бауырсақ, қымызбен қарсы алды. Өңір басшысы Бекзадты құттықтап, сонымен қатар оның бапкері Марат Жакиев пен отбасына өз алғысын жеткізді. — Осы соңғы екі-үш күн бойы барша қазақ елі мен Маңғыстау жұртшылығы қуанышқа бөленуде, төбеміз көкке жетті. Маңғыстаудың абыройын асырған талай спорт саңлақтарымыз бар, бірақ Бекзадтың кешегі жеңісі айрықша. Осындай бала тәрбиелеген спортшының отбасына, осындай шәкірт баптаған Марат Жакиевке алғысым шексіз, — деп өңір басшысы қуанышын жасыра алмады. Естеріңізге сала кетейік, Бекзад Нұрдаулетов Екатеринбургта 7 және 21 қыркүйек аралығында өткен бокстан әуесқойлар арасындағы әлем чемпионатында алтын медальға ие болды. 81 келіде өнер көрсеткен жаңаөзендік былғары қолғап шебері ақтық кезеңде өзбекстандық Дилшодбек Рузметовтен басым түсті. https://www.youtube.com/watch?v=qberXi7ogHE&feature=youtu.be 21 жастағы спортшы БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында ендігі бағындырар белес — Токио Олимпадасы екендігін жеткізді. — Енді бокстан Олимпиада лицензиясын саралайтын турнир, сосын Олимпиадаға дайындалмақшымыз. Әлем чемпионаты болғандықтан, ешбір тартыс оңай өтпеді, бірақ ең қиыны жартылай финалда Ла Крусқа қарсы өткізген айқас болды. Бапкерімнің кеңестерінің арқасында жеңіске жеттім, — дейді Бекзад Нұрдаулетов.
Арай ЖАУПЕРОВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="85602,85603,85608,85605,85606,85609,85607,85610,85604"]