6 қыркүйек күні Ташкентте өткен ережесіз жекпе-жектен ашық Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Жарыста маңғыстаулық спортшылар 4 алтын, 2 күміс, 3 қола жүлдені қанжығасына байлады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Додаға 10 елден келген 1000-нан аса спортшы қатысты. Жекпе-жек 4 – 17 жас аралығындағы ерлер мен қыздар арасында өтті. Ашық Азия чемпионатында 12-13 жас арасында 35 келі салмақта сынға түскен маңғыстаулық Әбілмансұр Құрманбаев алтын жүлдені иеленді. 14-15 жас категориясы бойынша 37 келі салмақ дәрежесінде Бекзат Джапаров және 53 келі салмақта Сұңғат Сансызбаев алдыңғы қатарда бой түзеп, жеңіс туын желбіретті. Ал 80 келі салмақта Иса Керимов 16-17 жас категориясы бойынша өнер көрсеткен спортшылардан оза шауып, жүлделі бірінші орынды алды. 53 келі Аслан Бақытғалиев пен 45 келі Бектілеу Қазбекұлы екінші орынға жайғасты.Сондай-ақ 41 келі Азамат Давлетумбетов, 65 келі Жасұлан Сансызбаев 14-15 жас категориясы бойынша күш сынасса, 75 келі салмақта Елдос Амантуров 16-17 жас аралықтағы спортшылармен күресті. Нәтижесінде жігіттер 3-орынды қанжығасына байлады.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суретті ұсынған Жеңіс Қайранов