Ақтауда шахматтан «Лазарь Елмұханбетовтың мемориалына» арналған балалар арасындағы Қазақстан Республикасы кубогының ІІІ кезеңі аяқталды. Оған 3 жас категориясы бойынша 140-қа жуық шахматшы қатысты. Командалық есепте Маңғыстау облысы 2-орынды иеленді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Турнир 7 күнге созылды. Ойыншылар 3 жас категория бойынша сынға түсті. Сонымен қатар блиц және командалық шахмат ойыны өтті. Блиц және open категориясы бойынша Ақтөбе облысынан келген Арыстанбек Уразаев 1 –орын алды. Вадим Хохлов пен Василий Дейнека үздік Манғыстау шахматшысы атанды. https://youtu.be/vdMfugJeGic Ал 14 жасқа дейінгі шахматшылар арасында ақтөбелік Алмас Шудабай жүлделі 1-орынды қанжығасына байлады. 12 жасқа дейінгі категория бойынша қыздар арасында маңғыстаулық Айдана Кушбай, ұлдар арасында алматылық Артемий Пак көш басынан көрінді. «Сонымен қатар 10 жасқа дейінгі категорияда 1-орынды Нұр-Сұлтан қаласынан келген Рүстем Джумағұлов алды. Қостанайлық Әділбек Әділханов пен маңғыстаулық Гаухар Жаңбырбай 8 жасқа дейінгі шахматшылар арасында үздік атанды», - дейді Маңғыстау облыстық шахмат федерациясының атқарушы директоры Анвар Шайхымов. Командалық есеп бойынша Ақтөбе облысы 1-орынға жайғасты. Маңғыстау облысы күміс жүлдеге ие болды. Ал алматылық команда жүлделі 3-орынды алды.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттер мен видеоны ұсынған Маңғыстау шахмат федерациясы
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="82496,82500,82493,82495,82497"]