Ақтауда шахматтан «Лазарь Елмұханбетовтың мемориалына» арналған балалар арасындағы Қазақстан Республикасы кубогының ІІІ кезеңі өтіп жатыр. Оған елдің әр аймағынан 140-қа жуық шахматшы қатысуда, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Турнир 22 маусым күні басталды. Мұны Лазерь Елмұханбетов ұрпақтары және Маңғыстау облыстық шахмат федерациясы бірлесіп өткізіп жатыр. Ойыншылар 3 жас категориясы бойынша бақ сынауда. Онда 10 жасқа дейінгі, 14 жасқа дейінгі және open категориясындағы кәсіби шахматшылар бар. «Жарыс Ақтау қаласында екінші рет ұйымдастырылып отыр. Былтыр теннис орталығында болса, биыл облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында өтіп жатыр. Сондықтан облыс әкімдігіне алғыс білдіреміз. Жарыс соңында жеңімпаздарға қаржылай сыйлық беріледі, сондай-ақ түрлі номинациялармен белсенділік танытқан шахматшыларды марапаттаймыз. Бұдан бөлек командалық есеппен жеңімпаздарды анықтаймыз. Жеңіске жеткен шахматшылар келесі кезеңге жолдама алады», - дейді Маңғыстау облыстық шахмат федерациясының атқарушы директоры Анвар Шайхымов. Айта кетейік, бұған дейін «Лазарь Елмұханбетовтың мемориалына» арналған балалар арасындағы ҚР кубогы Қызылорда, Павлодар қалаларында өткен. Жалпы турнир 6 кезеңнен тұрады, ал желтоқсан айында Нұр-Сұлтанда финалы өтеді. Ойында ой жүйріктігімен көзге түскен жастардың финалға баруға мүмкіндігі бар. «Ақтауда соңғы 2-3 жылдың ішінде шахмат ойыны жоғары деңгейде дамып жатыр, жастардың қызығушылығы да жоғары. Атырау облысының шахматшылары маңғыстаулықтармен үнемі байланысып тұрады. Біздің мақсат – достық қарым-қатынасты нығайту, шахмат ойынын дамыту. Бүгінгі турнир өте жоғары дәрежеде өтіп жатыр. Ойыншыларға сәттілік тілеймін», - дейді Атырау облысы шахмат федерациясының вице-президенті Сабырбай Гайсин. Турнир жеңімпаздары ертең 29 маусым күні анықталады.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді ұсынған Талант ҚҰСАЙЫН