21-23 маусым күндері Ақтауда өткен ардагерлер арасында үстел теннисінен ҚР чемпионаты өз мәресіне жетті. Жарысқа 100-ге жуық теннисші қатысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Үстел теннисінің ардагерлері 6 жас категориясы бойынша бақ сынады. Нәтижесінде 35 жастан жоғары әйелдер арасында Алматыдан келген Зоя Ананьевич 1-орынды иеленді. 40-49 жас аралығындағы ерлер арасында ақтөбелік Руслан Тұрғамбаев жүлделі орын алды. Ал Олег Боломожнов 50-59 жастағы ерлер арасында 1-орынды қанжығасына байлады. Сонымен қатар 60-64 жас аралығындағы ерлер арасында Қарағандыдан келген Есен Қожамқұлов жеңімпаз атанса, 65-69 жас ерекшелігі бойынша маңғыстаулық Мақатай Рамазанұлы ойында шеберлік танытты. Ал 70 жастан жоғары ерлер арасында алматылық Совет Байтұманов 1-орынды иеленді. Сондай-ақ абсолюттік біріншілікте барлық қатысушы жас категориясына бөлінбей үстел теннисінен сынға түсті. Нәтижесінде Ақтөбеден келген Руслан Тұрғамбаев алтын медальді иеленді. Ол – 2004 жылғы Қазақстанның абсолюттік чемпионы, жеке есепте елдің үш дүркін чемпионы, жұптық және аралас разрядтардағы бірнеше дүркін чемпионы, Тегерандағы Дүниежүзілік Ислам ойындарының күміс және қола жүлдегері, төрт әлем чемпионаттарының қатысушысы. Ал жүлделі 2-орынды ресейлік Олег Боломожнов алса, қола жүлде алматылық Жандос Құрсабаевтың қанжығасына байланды. Жеңімпаздар алтын медаль және арнайы дипломмен марапатталды.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="82084,82085,82088,82093,82092,82091,82087,82094"]