Маңғыстау облысы аумағында ралли-рейд бойынша Әлем кубогының «Ралли Қазақстан 2019» кезеңі өз бастауын алды. Осыған орай, жарыс бастау алмас бұрын БАҚ өкілдеріне арналған конференция өткізіліп, онда спортшылар өздерінің басты қарсыластарын атап, құрған жоспарларын мәлімдеді. Қазақстан Республикасының автомотоспорт федерациясы «Самұрық-Қазына» АҚ мен Маңғыстау облысы әкімдігінің демеушілігімен ұйымдастырып отырған «Ралли» жарысының өңірімізде өтетін кезеңі қатысушылар үшін әлемдік рейтингте жоғарылау мақсатында берілген үлкен мүмкіндік. Айтулы додада 17 елден келген 28 қатысушы бақ сынасады. Спорт экипажы құрамында Белгия, Бразилия, Германия, Катар, Испания, Италия, Нидерландия, Португалия, Ресей, Сауд Арабиясы, Словакия, Чехия, Чили, Франция мен көршілес Түрікменстан және Қазақстан елі бар. Жүйрік темір тұлпарды тізгіндеушілер мәреге дейін 2500 шақырымды (Каспий теңізі жағасын бойлай Үстірт ойпаты аралығы) бағындыратын болады. Сайыс төрт түрлі көліктер арасында бөлек аталыммен өтеді. Олар – Т1-қалыпты нұсқадан толық жетілдірілген көліктер, Т2-қалыпты нұсқадан сәл ғана жетілдірілген көліктер, Т3-қалыпты нұсқадан жеңілдетілген және Т4-ауыр жүк көліктері (Камаз). Алты күнге созылатын жарыста спортшыларды ғажайып табиғат көріністерімен қатар, қауіпті жол соқпағы күтеді. - Барлық спортшылар жарысқа барынша дайындалып келген. Қарсыластардың әлсізі жоқ. Бір қуантарлық жағдай – жылдан-жылға Маңғыстау жерінде өтетін «Ралли Қазақстан» кезеңіне көрермендердің қызығушылығы артып келеді. Бұл спорт, сондықтан қатысушыларды алда қиын жол сүрлеуі күтіп тұр. Осыған қарамастан олар құрған жоспарларына сай қимылдап, уақытты да үнемдеп, мәреге бірінші болып келуге ұмтылады. Ралли додасының ең ауыр тұсы – көлік кез-келген жағдайда техникалық ақауға ұшырап, спортшылардың жолын кесуі мүмкін. Барлық қатысушыларға осы секілді сынаққа қарамастан сәттілік серік болуын тілеймін! - деді ҚР Автомотоспорт федерациясының басшысы Марат Абықаев. https://www.youtube.com/watch?v=38jioWTSmUo&t=7s «Ралли Қазақстан 2019» кезеңіне қатысқалы отырған аты әлемге әйгілі спортшылар да жетерлік. Соның бірі – «Ралли Қазақстан 2017» кезеңінің жеңімпазы, Ралли-рейдтен әлем кубогының төрт дүркін (2008, 2015, 2016, 2017 жылдары) жүлдегері, катарлық шабандоз Нассер Салех Әл-Аттил. Аталған спортшы «Ралли Қазақстан» сайысының былтырғы кезеңінде көлігінің қозғалтқышынан ақау шығып, жарысты ерте аяқтауға мәжбүр болған. Шабандоз БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында биыл өткен жылғыдай қателік болмайтынын айтып, Маңғыстау өлкесінен жүлделі қайтуды көздейтінін жеткізді. Тағы бір есімі спорт әлеміне мәлім қатысушы Стефан Петерансель (X-raid MINI JCW Team) бұл жолғы додаға штурманы ретінде жұбайы Андреа Петерансельді таңдап, жарыс көркін келтірмекші. Стефан Петерансель «Дакар» әлем кубогының 13 дүркін жеңімпазы. Осы жетістіктерінің арқасында шабандоз FIA Әлем кубогы рейтингісінде 30 ұпаймен көш бастап тұр. Оның сайыстағы ең басты қарсыласы жоғарыда атап өткен катарлық Нассер Салех Әл-Аттил болмақшы. https://youtu.be/ybYzeC5erpA - Барлық қатысушылар - менің басты қарсыластарым. Ешкімді де мықты немесе әлсіз деп бөле алмаймын. Жол үстінде түрлі жағдай болуы мүмкін. Шындығында автокөлік жарысы адамды ойламаған деңгейде шабыттандырады. Бұл бір жағы ғана. Екінші жағынан қарасаңыз бұл өте ауыр сынақ, кез-келген сәтте не болғанын білмей қаласыз, - дейді шабандоз Стефан Петерансель. Соңғы кездері «Ралли» жарыстарында енді аты шыға бастаған спортшылар да айтулы додадан тыс қалмайды. Сауд Арабиясынан келген Язид Әл-Раджи (Overdrive Racing) Әлем кубогы рейтингісінде 21 ұпаймен ілгері жылжып келеді. Маңғыстау даласындағы жарыс кезеңінде шабандоз қалыпты нұсқадан толық жетілдірілген Toyota Hilux Overdrive автокөлігін тізгіндейді. Аталған спортшымен деңгейлес, Ралли-рейдтен Әлем кубогының жеңімпазы, «Ралли Қазақстан 2018» кезеңінің қола жүлде иегері, Маңғыстау өлкесінің жол соқпағын жақсы білетін ресейлік шабандоз Владимир Васильевті де (VRT Team) жеңімпаздар қатарынан көріп қалуымыз әбден мүмкін. Қазақстандағы автоспорт жанкүйерлері Якуб Пшигонсконы (Orlen X-raid Team) жақсы таниды. Шабандоз екі жыл қатарынан (2017, 2018) «Ралли Қазақстан» кезеңінің күміс жүлдегері атанған. Ралли-рейд мамандары шабандоздың Маңғыстау өлкесіндегі екі жыл қатарынан алған жүлдесінен кейін оны «беймәлім жеңімпаз» атап кеткен екен. Себебі спортшы кез-келген жарыста соңғы қатарлардың бірінде келе жатып, мәреге жақындаған сәтте ойламаған жерден жүлдегер атанған. https://youtu.be/AnB1i1HxouY «Ралли Қазақстан 2019» кезеңіне Ресейден ралли-рейд спортында аты мәлім қос құрама қатысқалы отыр. Олар – GAZ Raid Sport пен КАМАЗ-мастер. Екі команда да жарысқа Т4-ауыр жүк көліктері бағыты бойынша қатысады. Қазақстан атынан ралли-рейдте 3 құрама-команда бақ сынайды. «MobilEx Racing Team» тәжірибелі шабандозы Юрий Сазонов «Ралли Қазақстан 2016» кезеңінде Т1-қалыпты нұсқадан толық жетілдірілген көліктер сайысында жеңімпаз атанған болатын. Сонымен қатар, «OFF ROAD Kazakhstan» командасы экипажының да жеңіске деген сенімі мол. Ал «Aktau Motosport» командасының экипажы бұл жолы Т2-қалыпты нұсқадан сәл ғана жетілдірілген бағыты бойынша «Nissan Patrol» көлігін тізгіндеп шықпақшы. БАҚ өкілдеріне арналған конференциядан соң шабандоздар 15 шағынаудандағы теңіз жағалауында қала тұрғындары мен қонақтарына таныстырылды. Мұндағы басты мақсат – әлем назарын аударып отырған спорт түріне жастардың қызығушылығын ояту. Алты күнге созылатын «Ралли Қазақстан 2019» кезеңінің жеңімпаздары 1 маусым күні, сағат 15:00-де 15-шағынаудан теңіз жағалауында марапатталатын болады. Және де Instagram әлеуметтік желісіндегі Rally Kazakhstan 2019 парақшасында жарыстың өту барысы хабарланып отырады.
Мадияр ТӨЛЕУОВ Суреттер мен видеоны түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="80079,80078,80074,80080,80071,80073,80075,80072,80076"]