©
Маңғыстаулық Рамазан Мамаев Ресейде өткен халықаралық турнирге қатысты. Самбо спортының шебері Юрий Потаповтың мемориалына арналған «А» санатты турнирде жас спортшы қола жүлдеге ие болды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. 26-29 сәуір аралығында Ресей мемлекетінің Владивосток қаласында ерлер, әйелдер және жауынгерлік самбодан өткен халықаралық турнирге 15 мемлекеттен келген команда қатысты. Сонымен қатар Ресейдің 20 қаласынан 35 команда спорт додасында бақ сынасты. Жарыстың алғашқы күні ҚР құрама командасынан шыққан маңғыстаулық Рамазан Мамаев 62 келі салмақта сынға түсті. Ол 6 белдесу өткізді. Соңғы шешуші сәтте биылғы Ресей чемпионатының жеңімпазы, халықаралық дəрежедегі спорт шебері Александр Федоровқа есе жіберді. Самбодан өткен турнирде жерлесіміз қола жүлдеге ие болды. Айта кетейік, Рамазан Мамаев - Маңғыстау облыстық «Жас батыр» спорт мектебінің тəрбиеленушісі. Белгілі бапкер Берік Жұмағалиев балуанды аталмыш додаға дайындады.Жұлдызай ҚАЛИЕВА Суреттерді ұсынған "Жас батыр" спорт мектебі