Астанада өткен республикалық конкурстың 2018 жылдың қорытындысы бойынша "Жылдың үздік спорт ұйымы" номинациясын Маңғыстау облысының "Жас батыр" спорт мектебі иеленді. «Қазақстан» концерт залында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде спорт және мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы өз қолымен мектептің басшысы Манарбек Жұбатқанұлын марапаттады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. «Үздік нәтиже көрсетуге атсалысқан жандарға алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта бұданда жоғары көрсеткіш көрсетеміз деген ойдамын. Спорт мектебімізде 24 спорт шебері, 94 спорт шеберлігіне үміткер бар. Қазір самбо күресі өте қарқынды дамып жатыр. Сондай-ақ бізде әлем чемпиондары мен Азия жеңімпаздары бар. Бұндай көрсеткіш жұмыстың жүйелі қойылғанын көрсетеді. Сонымен қатар дзюдодан Бауыржан Нарбаев «Азия чемпионатының жүлдегері», «Әлем чемпионатының жүлдегері» атанса, былтыр дзюдошы Сұңғат Жұбатқан «Азия мен Еуропа кубогын» ұтты. Бұл номинация спортшыларымыздың маңдай терімен келген еңбегі», - дейді Манарбек Бисекенов. Айта кетелік, «Жас батыр» мектебінде спортшылар дзюдо, самбо, волейбол, баскетбол, жекпе-жек, көркем гимнастикамен айналысып, білікті бапкерлерден дәріс ала алады. Осы 6 бөлімде 940 спортшы тәлім алады, оларға 35 жаттықтырушы-ұстаз дәріс береді. «Сонымен қатар спорт мектебіміздің филиалдары Сарға, Боранқұл, Ақшымырау, Қызан, Шебір, Жыңғылды, Жармыш ауылдары мен Шетпе кентінде де бар. Жас өрендердің шынығып шымыр болуына жағдай жасалған », - дейді «Жас батыр» спорт мектебінің басшысы. Ақтауда «Жас Батыр» спорт мектебі 2014 жылы ашылған. Десек те бұл мектептің алғашқы марапаты емес. Бұған дейін 2018 жылы Қазақстан Республикасы бойынша «Үздік спорт мектебі» номинациясын жеңіп алған.
Ақкенже БЕРКЕНОВА