Маңғыстау облысының «Жас батыр» мамандандырылған спорт мектебінің үздік спортшыларын марапаттады. Салтанатты жиынға облыстық денсаулық сақтау және спорт басқармасы өкілдері, спорт федерациялары басшылары, жаттықтырушылар мен спортшы жастардың ата-аналары қатысты.
Шарада аймақтың абыройын көтеріп, түрлі деңгейдегі спорт додаларында топ жарған жеңімпаздар есімдері аталып, қошемет көрсетілді.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің жыл сайынғы Жолдауында спорт саласына ерекше назар аудартып, жалпы қазақстандықтарды бұқаралық спортпен айналасуға шақырып келеді. Осы мақсатта республика ауқымында әртүрлі акциялар ұйымдастырылып, мемлекет тарапынан спортшыларға деген ерекше құрмет көрсетіліп тұрады. Сонымен қатар өңір өрендерінің түрлі деңгейдегі жарыстарға шығуына Маңғыстау облысының және Ақтау қаласының әкімдігі, дене шынықтыру, спорт басқармасы, спорт федерациялары жан-жақты қолдау жасау үстінде.
«Жас батыр» мамандандырылған спорт мектебінің директоры Манарбек Бисекенов жиында спорт мектебінің жеткен жетістіктері мол екенін айтып, жеңімпаздар қатары жыл санап толығып келе жатқанын жеткізді.
«Армысыздар құрметті қонақтар, жалынды жастар, халықаралық жарыстарда ел мәртебесін асқақтатып, көк байрағымызды желбіретіп жүрген спортшылар қауымы! Әне-міне дегенше 2018 жылмен қоштасып, жаңа жылды кіргізгелі отырмыз. Бүгін Маңғыстау облыстық «Жас батыр» мамандандырылған спорт мектебі 2018 жылды қорытындылап, бір жылда қол жеткізген жетістіктерімен бөліскенді жөн көрді. Кешімізге қош келдіңіздер! 2018 жыл Маңғыстау облыстық «Жас батыр» мамандандырылған спорт мектебі үшін толағай табыстарға, жарқын жетістіктерге толы болды. Спортшыларымыз байрақты бәсекелерде аймақ намысын абыроймен қорғап, ел мақтанышына айналды. Атап айтар болсақ, киелі Маңғыстау топырағында өмірге келіп, әнұранымызды халықаралық жарыстарда әуелеткен мектебіміздің алты бірдей дзюдошылары Рамазан Мамаев, Бауыржан Нарбаев, Сұңғат Жұбатқан, Бауыржан Сағынғалиұлы, Ақниет Тұрдан, Әмірбек Жеңісов қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Ұлттық құрамасы сапында ел намысын қорғап жүр», – деді М.Жұбатқанұлы.
«Жас батыр» спорт мектебінің мақтанышына баланған самбошылар Нұркен Домбаев, Мұхаммед Зұлхарнаев, Нұрлыбай Серғазиев, Асхат Хапанов, Балнұр Аппазова халықаралық деңгейдегі жарыстарда топ жарып, Қазақстанды әлемдік жарыстарда мойындатқан. «Жастары белсенді елдің – ертеңі жарқын» деген қағиданы ұстанған спорт мектебінде бүгінде облыстың жастары дзюдо, самбо, волейбол, баскетбол, жекпе-жек сайысы, көркем гимнастикамен айналысып, бос уақыттарын тиімді өткізуде. Жоғарыда атап өткен алты бөлімде 974 спортшы тәлім алады, оларға 34 жаттықтырушы-ұстаз дәріс береді. 25 жаттықтырушының жоғары, 9 жаттықтырушының орта-арнаулы білімі бар. Дзюдо мен самбо күресінен бөлек мектеп спортшылары жекпе-жек сайысында жоғары көрсеткіштерге ие.
«Биыл мен үшін ең табысты жылдардың бірі болды, жыл нәтижелі, сәтті өтті. Жезқазған қаласында самбодан өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында чемпион атандым. Азия чемпионатында чемпион, әлем кубогында және Румынияның Бухарест қаласында өткен әлем чемпионатында қола жүлдегер болдым. Келер жылы да жақсы нәтижелер көрсетеміз, еліміздің абыройын көтереміз, олимпиада шыңдарын бағындыруға күш саламыз деп ойлаймын», – дейді «Жас батыр» спорт мектебінің үздік шәкірті Нұркен Домбаев.
«Атап айтар болсақ, чемпиондарымыз Мұхамедияр Жұмажан, Зинаида Белоусова, Баладдин Гулиев аз уақыт ішінде үлкен нәтижелер көрсетті. «Жас батыр» спорт мектебі спортшыларының көркем гимнастика бағытында да бағы мен бабы басым түсіп келеді. Көркем гимнастиканың хас шебері Әлия Юсупованың жолын қуып, аймағымыздың даңқын халықаралық жарыстарда шығару жолында еңбектеніп жүрген мектебіміздегі бір топ гимнасшылар – Ұлжан Абдырахман, Жансая Жаңбуршиева, Аққуым Манарбекқызы, Кәусар Жұмабай, Айкүн Қырықмылтыққызы додаларда топ жарып, бапкерлер үмітін ақтады. Волейболшыларымыз 2018 жылы өткен көптеген республикалық, халықаралық, жарыстарда топ жарды. Солардың ішінде ерекше көзге түскен спортшылар – Севара Жақсылық және Наурыз Алмағанбетов есімді жастар. Ал баскетболшыларымыз Саша Пателина Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасының ең жас мүшесі, тұңғыш Азия ойындарының қатысушысы, Қазақстан Республикасының чемпионы атанса, Карина Курманалина, Марлен Наров, Артур Куприев сынды чемпиондарымыз тағы бар. Бұдан бөлек Владислав Трофимовтің баскетболшылары Талдықорған қаласында өткен ҚР чемпионатының чемпионы атанды», – деп Манарбек Бисекенов мектептің ғана емес, облыстың үлкен мақтанышы болған жастарға қошемет көрсетті.
Манарбек Жұбатқанұлы спортшылардың халықаралық, республикалық жарыстарға қатысуына қолдау көрсетіп, әртүрлі деңгейде жарыстар ұйымдастыруға ұйытқы болып жүрген өңір басшысына, облыстық спорт басқармасы жетекшілеріне, облыстық дзюдо, самбо федерациясының ұжымына алғыс білдірді. Соңғы кездері «Жас батыр» мамандандырылған спорт мектебінің жұмысы облыс көлемінде жандана түскен.
Аудандарда спорт мектебінің филиалдары ашылып, спортсүйер жастар әлемдік жарыстарда жеңіс тұғырынан көрініп, облыс абыройын асқақтатып жүр. Бұл жетістіктердің барлығы қажырлы еңбек пен ұжымдағы ауызбіршіліктің арқасында келіп отыр.
«Айқын мақсат пен қажырлы еңбек ұштасқанда ғана келешек күнге деген нық сенім құралады. Біздегі әрбір шәкірт үлкен жеңістің ащы термен келетінін біледі. Сондықтан да мектебіміздің басты ұраны – адал еңбек пен айқын мақсат. Облыстағы спорт саласындағы жетістіктерімізді әрдайым халыққа жеткізіп келе жатқан өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарына да алғысымыз шексіз. Баршаларыңызға рақмет айтамыз!» – деп сөзін қорытындылады мектеп директоры М.Жұбатқанұлы.
Салтанатты жиында спорт мектебінің мәртебесін көтеріп жүрген спортшылар – дзюдошы Мерейлім Кеңесбек, волейболшы Севара Жақсылық, көркем гимнасшы Ұлжан Абдырахман, самбошы Қосымбек Есенбай сынды жастар сөз сөйлеп, жетістіктерге жету жолында қажыр-қайратын шыңдаған бапкерлері мен жаттықтырушыларына ілтипат білдірді. Сонымен қатар осы спортшыларға дәйім қолдау көрсетіп жүрген облыстық федерация басшылары, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары да құттықтау сөз сөйлеп, еліміздің атын әлемдік ареналарға шығарып, көк байрағымызды көкке, әнұранымызды жеңіс тұғырында шырқатып жүрген спорт саласының үздіктерін марапаттады. Еске сала кетсек, таяуда ғана Астанада өткен дзюдодан Қазақстан Республикасының чемпионатында мектеп шәкірттері Бауыржан Нарбаев және Ақниет Тұрдан чемпион атанған. Жалпы есепте маңғыстаулықтар командасы екінші орын иеленді. Осынау жетістікке жеткен спортшыларымыздың бапкерлерінің, сондай-ақ Маңғыстау облысы құрама командасының аға жаттықтырушысы Айбек Имашевтің те еңбегін атап өтпеске болмайды.
Жиын соңында «Жас батыр» спорт мектебінде атқарылып жатқан абыройлы жұмыстар мен шәкірттер жетістіктерін қалың бұқараға сүйіншілеп жеткізіп, дәріптей білген өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнайы алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды. Бұл қатарда өлкеміздің төл басылымы «Маңғыстау» газетінің журналистері – Венера Мирланқызы, Теңге Бекмұрзаева, Ақерке Алиева спорт мектебінің марапаттарын алды.
Жайық НАҒЫМАШ Суреттерді түсірген Ақерке ГАГАРИНҚЫЗЫ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="67486,67491,67489,67487,67490,67488"]