Маңғыстаулық балуан, облыстық «Жас батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірті Рамазан Мамаев самбодан Әлем чемпионы атанды. Қуанышты жаңалықпен Сербиядан балуанды жарысқа дайындаған белгілі бапкерлер Берік Жұмағалиев пен Ерлан Серіков бөлісті. Сербияның Нови-Сад қаласында өтіп жатқан байрақты бәсекеге 50-ден астам мемлекеттің самбошылары қатысып, бақтарын сынауда. Аталмыш жарыста 62 салмақта белдескен жерлесіміз Рамазан Мамаев қарсыластарының барлығын айқын басымдылықпен тізе бүктіріп, Маңғыстаудың тарихында самбо күресінен тұңғыш Әлем чемпионы атанды. - Бұл қазақ еліне соңғы жеті жылдан кейін самбо күресінен келген алтын медаль. Шәкіртіміз биыл рекорд жаңартып, бізге үлкен қуаныш сыйлады. Сербия еліміздің елімнің әнұранын әуелетіп, көк байрағымызды желбіретті. Бұдан асқан қандай қуаныш болуы мүмкін?! -дейді бізбен Сербиядан телефон арқылы тілдескен облыстың самбодан аға бапкері Ерлан Серіков. Алғашқы белдесуінде Рамазан нидерландық қарсыласынан 8:0 есебімен таза жеңіске жетіп, болгариялық балуанды ауырту әдісімен тізе бүктірді. Ақтық сынға жолдама алу үшін тәжікстандық балуаннан 5:1 есебімен айласын асырып, финалда 3:1 есебімен моңғолиялық балуанның уысынан жеңісті суырып алды. Осылайша, болашағынан үлкен үміт күттіретін ол сенімді және жойқын әдістері арқылы рекордты жаңартып, чемпиондық тұғырға көтеріліп, алтын медальмен апталды. - Бапкерлемінің, ата-анамның үмітін ақтап, Әлем чемпионы атанғаныма өте қуаныштымын. Қарсыластарымның барлығы да осал болған жоқ. Алайда намысты қолдан бермеуге тырыстым. Жарысқа барарда менде бір ғана мақсат болды. Ол-Әлем чемпионы атанып, еліме алтын медаль сыйлап, өзге елде қазағымның әнұранын асқақтату... Мені жастайымнан спортқа жетелеп әкелген әкем Қуанышбекке, самбо мен дзюдо күресінің қыр-сырын үйреткен бапкерлерім Манарбек, Берік, Сергей, Ерлан ағайларыма алғыс айтамын. Ендігі үлкен мақсат - Олимпиада шыңын бағындыру, - дейді Рамазан Мамаев. Рамазан Мамаевтың ата-анасы мен бауырлары спортпен айналысып, салауатты өмір салтын ұстанады. Әкесі Қуанышбек жастайынан спортқа бет бұрып, бүгінде Шетпе ауылында бірнеше шәкірт тәрбиелеп жүрген білікті бапкер. Анасы Айнагүл болса, 2015 жылы Маңғыстау ауданы бойынша «Салауатты жанұяның отанасы» аталымы бойынша үздік танылып, марапатталған. Әулеттің тұңғыш ұлы Наурызбек болса, жастайынан спортпен айналысып, бокстан ҚР спорт шеберіне үміткер атанды, бүгінде мектепте бокстан бапкер болып жұмыс жасайды. Наурызбектің ізінен ерген Рамазан дзюдо мен самбодан ҚР спорт шебері, ересектер арасында халықаралық турнирдің жеңімпазы, жастар арасында Ел чемпионы, Азия, Әлем чемпионы, ересектер арасында Қазақстан Кубогінің иегері. Үшінші ұл Балтабек те спортқа жақын, І-ші санаттағы футболшы. Бүгінде Астана қаласындағы жоғары оқу орнының студенті. Үйдің кенжесі Әділет-бірінші санатты боксшы.
Венера МИРЛАН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="39008,39009,39011,39010"]