Спортпен шұғылдану қазіргі кезде тек пайдалы ғана емес, сонымен қатар сәнге айналған іс-әрекет. Жаңа заман жастары да, егде тартқан адамдар да қазір спортпен айналысуды өмір стиліне айналдырды.
Өмірде алға қойған мақсатыңа, табысқа жету үшін денің сау болуы керек. Денсаулықты жас кезден сақтаған жөн. Денсаулығың болмаса, ештеңе керек емес бұл өмірде. Шынымен де, егер адам өз денсаулығына жіті көңіл бөлмесе өмірде алға қойған мақсаттарына жету мүмкін емес болып қалады. Себебі, кез келген жерде денсаулығың сыр бермей, жұмысты еш кедергісіз жасаған маңызды болып саналады. Өйткені, ол сенің өсуің мен болашақ жарқын тағдырыңды қалыптастыруыңа тікелей әсер ететін фактор. Сондықтан да, оған жастардың ерте кезден бастап үлкен ден қойып, назар аударғандары дұрыс.
Ал, жалпы біздің елде қазіргі таңда спортпен шұғылданып жүрген жандардың саны күн санап өсіп келе жатыр. Оған Лондон, Бразилияда өткен олимпиадада көрсеткен жетістіктеріміз дәлел бола алады. Өйткені, осындай көрсеткіштер арқылы біз елімізде спорт саласының қандай деңгейде дамып келе жатқанын бағалай аламыз. Осыларға қарап өскелең ұрпақ үлгі алып, болашақта ел чемпиондарына ұқсағылары келетіні сөзсіз. Қазірдің өзінде мектеп табалдырығын аттап жатқан жас балдырғандар өздерін жан-жақты көрсетуге тырысып жүр. Ой өрісті кеңейтетін спорт ойындарының түріне жататын шахматтан әлем бойынша республикамыздың атын танытқан Жансая да еліміздің үлкен мақтанышына айналды. Бұдан басқа да спорт түрлерінен биік көрсеткіштер көрсетіп жүрген жастарымыз жетерлік. Мұның барлығы Мемлекет басшысының спорт саласына аса үлкен қамқорлық танытып келе жатқандығының арқасы деуге толық негіз бар. Болашақта да үкімет тарапынан спорт пен дене шынықтырудың дамуына қомақты қаржы бөлініп, өз жұмысын ілгері жылжыта беретініне сенеміз.
Бүгінде әлеуметтік желіде сан алуан сайттар мен парақшалар бар. Солардың ішінде ең танымалы - «Instagram» желісі. Инстаграм желісінің көп бөлігін селфи суреттер мен видеолар құрайды. Бұл желіде мыңдаған адамдар өздерінің күнделікті тірлігінде жасап жүрген жұмыстарын салады. Мұнайлы қалада әртүрлі спорт үйірмелері бар. Солардың ішінде Инстаграм желіде үнемі көретініміз Кудо спортшыларының жетістіктері, балалардың ауызбіршілігі. Үйірменің ашылғанына үш жыл ғана уақыт өтсе де бірқатар жеткіншіктер чемпион атанып үлгерді.
Аталған үйірме жетекшісі Арман Сұлтанбаев Жаңаөзенде дүниеге келген. Жастайынан бастап каратэмен айналысады. Спортқа алып келген нағашы ағасы Сәрсенғали Ердібеков. «Каратэден жаттықтырушым болған Зейнолла Оңайбаевқа алғысым шексіз, мені спортқа баулып, талай жарыстарға шығарған еді» - дейді өз сөзінде. Талай мәрте республикалық, халықаралық жарыстарға қатысып, жүлдемен оралған. Ол Ш.Есенов атындағы мемлекеттік технологиялар мен инжиниринг университетінде инженер-механик мамандығы бойынша және Ақтөбе қаласындағы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша жоғары білім алды. Кудодан ҚР чемпионы, ҚР спорт шеберіне үміткер. Арманды қашан көрсең де тыным таппай жүреді. Балаларды еліміздің әр қаласында өтетін жарыстарға апару оңай емес. Бұл тұрғыда Арман жалғыз өзі барлық жауапкершіліктің жүгін арқалап, бірталай шәкірттерін аман-есен апарып, әкеледі. Арман үйірмедегі балалардың татулығына аса мән береді. Әрбір қатысушының туған күнін атаусыз қалдырмай, тәттілер мен сусындар алып, атап өтеді. Әр аптаның демалысында шәкірттерімен бірге қоғамдық және мәдени орындарға барады. Қалада өтетін сенбіліктер мен мерекелік шараларда да оқушылар шығармашылық үйіндегі кудо үйірмесінің оқушылары белсенділік танытып, қатысады.
Өңірімізде ауыз толтырып айтатын жаңалық жетерлік. Ел экономикасы дамыған сайын халықтың еңсесі көтеріліп, әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Бүгінде кудо үйірмесіне қатысатын оқушылар шығармашылық үйінде күн сайын жаттығады. Аталған ғимараттың спорт залында балалардың дайындалуына жағдай жасалмаған. Арнайы жабдықтар жоқ. Бірақ соған қарамастан, бапкерлер Оңғар Бекмағанбетов пен Арман Сұлтанбаев жас таланттарды жинап, болашақ чемпиондарды дайындауда. Ашылғанына аз ғана уақыт болған спорт үйірмесінің тыныс-тіршілігін білу үшін үйірме жетекшісі Арман Сұлтанбаевпен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
- Арман Құлмұратұлы, сіз басшылық жасап отырған үйірменің ашылғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Десе де, елішілік жарыстарда жүлдеге қол жеткізген спортшылардың есімдерімен бірге сіздің үйірменің аты аталып жатады. Осы орайда кудо үйірмесі жайлы толық баяндап берсеңіз?
- Рас айтасыз, Маңғыстау өңірінде кудо үйірмесі Жаңаөзенде ғана бар. Мұнайлы қаладағы спортқа, оның ішінде кудоға бейімі бар жас спортшыларды дайындауға арналған үйірменің ашылғанына да бар-жоғы үш жылдың көлемі болды. Алғашында 20-25 баланы қамтыған болсақ, бүгінде 130-ға жетті. Үйірменің есігін ашқан балалардың жетістігі жаман емес. Бізге 5 жастан бастап 18 жасқа дейінгі балалар қатысады.
- «Шәкірт ұстаздан озады» демекші, тәрбиелеп жатқан спортшыларыңыздың жетістіктеріне тоқталып өтсеңіз?
- Ғалия Сейділдаева қызымыз халықаралық жарыстардың жеңімпазы. Астана қаласында өткен Бразилиялық Джиу-джитсудан Азия чемпионатының 2 мәрте Күміс жүлдегері. Осы тұста чемпион болған балаларымның есімдерін атап өтсем, Ералы Әбдіров, Нұрсұлтан Бексұлтанов, Артық Сарабек, Аман Сайлауов, Аманғали Иманғали, Нұрболат Қазмұханов, Аманжан Тәжіғалиев, Сәрсенбай Қыдырқожа, Жолдас Кенжебаев, Диас Төлеміс, Мақсұт Наурыз, Көбекбай Нұрсәт, Ербол Сарабек, Алмас Үсенқұлов, Асылбек Қапан, Қаржаубай Бейбарыс. Спортшыларымыз кудодан ғана емес, джиу-джитсу, панкратион, ММА, грепплинг спорт түрлерінен де өнер көрсетіп, жарыстарда жүлделі орындарға ие болып жүр.
- Сіздерге қосымша көмек болып тұра ма? Алдағы жоспарыңызбен бөліссеңіз?- Өкінішке қарай, бізге облыстық спорт басқармасынан да, қалалық спорт бөлімінен де жалпы ешкімнен ешқандай көмек көрсетілмейді. Жарыстарға баратын кезде тарығып қалатыны мызды несін жасырайын. Ата-аналардың қолдауымен ғана балалар болған жарыстың бәріне барып, қатысып жүлдеге қол жеткізіп жүрміз. Оның үстіне біздегі спортшылардың көбісінің отбасы айлығы шайлығына ғана жетеді. Сондықтан мықты-мықты балаларымыз кейде қаржының тапшылығынан халықаралық жарыстарға бара алмай жатады. Спорт киімдерімізді алу үшін де, жаттығатын залға жабдықтармен қамтамасыз ету үшін де қаржы керек. Алдағы жоспарым осы жолмен тоқтамай, әлем чемпиондарын дайындау. Қолы жомарт ағалар қолдап, бізге жарыстарға қатысуға демеушілік табылса деген тілек бар. Бұқаралық спорт түрлерімен жүйелі айналысу - үлкен спортқа алғашқы баспалдақ деп түсінуіміз керек. Спорт - жастарға тәлім берудің, тәртіпті бұзушылық пен қылмыстың алдын алудың негізгі тиімді құралының бірі. Жасалған жұмыстардың бір бағыты осындай. Алдағы уақытта да ел игілігі жолында қызмет ете бермекпіз.
Әңгімеңізге рахмет! Ералы ӘБДІРОВ, Азия чемпионатының жүлдегері: Жаттықтырушыға рахмет...Мен Кудо үйірмесі ашылған күннен бастап қатысып келемін. Қаладағы №3 орта мектептің түлегімін. Бала күнімнен спортқа әуеспін. Чемпион болу арманым еді. Міне, бүгінгі таңда арманыма жетіп жатқан жайым бар. Жаттықтырушым, ұстазым Арман Сұлтанбаев мені кудоның барлық қыр-сырын үйретіп, әртүрлі жарыстарға қатыстырды. Сол үшін де Арман ағайыма алғысым шексіз. Атап айтсам, Семейде өткен республикалық жарыста 3 орын, 2015 жылы грепплингтен ҚР чемпионатында чемпион, 2015 жылы Кудодан ҚР чемпионатында 1-ші орын, 2016 жылы панкратионнан ҚР чемпионы, Грузияда өткен Азия, Әлем чемпионатында чемпион, 2016 жылы Аягоз қаласында өткен кудодан ҚР чемпионатында 1-ші орын, 2017 жылы ММА жекпе-жек ережесінде Қазақстан чемпионатында 1-ші орын, 2017 жылы Қырғызстан елінде өткен Азия чемпионатына біріктіруші Бразиялық джиу джитсу Әлем чемпионы Адам Фокс табыстаған көк белбеудің иегері атандым. ҚР спорт шеберімін. Шымкент қаласында дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша білім алдым. Бүгінгі таңда оқушылар шығармашылық үйінде балаларға сабақ беремін. Найза файтер кәсіпқой ережесіз клубында үш рет өнер көрсетіп, жекпе-жекке шықтым.
Жеткіншектердің жүлдесі
[caption id="attachment_38817" align="alignright" width="244"] Нұрсұлтан Бексұлтанов[/caption]Тәуелсіздік алған жылдар ішіндегі ел абыройының биіктен көрінуіне спорт саласындағы сайыпқыран саңлақтар аз үлес қосқан жоқ. Осы бір үрдіс ұрпақтар арасындағы дәстүрге айналды десек те болады. Алдыңғы толқынның қадамын кейінгі ұл мен қыз жалғастырып келеді. Оның ішінде мектеп оқушылары мен студенттердің арасындағы жеңісі қай жағынан да қадір тұтуға лайық. Сондай бір жақсы жетістікке жеткен жас ұландар бар. Олар қаладағы №3 орта мектептің 11 «в» сынып оқушысы Нұрсұлтан Бексұлтанов және №15 орта мектептің 4 «в» сынып оқушысы Аманғали Иманғали. Жетекшісі Арман Сұлтанбаев. Енді екі жеткіншекті жекелеп айтып өтейік: Нұрсұлтан 13 жасынан бастап Кудомен айналысады. 2014 жылы Алматыда өткен республикалық турнирде 2-ші орын, Семейде өткен турнирде 1-ші орын, 2015 жылы Алматыда Қазақстан чемпионатында 1-ші орын, Ақтөбе қаласында өткен халықаралық турнирде 1-ші орын, 2016 жылы Павлодарда өткен Қазақстан чемпионатында 1-ші орын, Ақтауда өткен Қазақстан чемпионатында чемпион атанды. Грузия елінің астанасы Тбилисиде өткен Әлем чемпионатына қатысты. 2017 жылы Ресей елінің астанасы Мәскеуде өткен ММА спорт түрінен Әлем чемпионатына қатысушы. Қыркүйек айында Тараз қаласында өткен Қазақстан чемпионатында панкратионнан 1-ші орынды жеңіп алды. Келешекте ағылшын пәнінің мұғалімі болғысы келеді екен. Өзі он жаста болғанымен Аманғали талай жарыстарға қатысып үлгерген. Мектепте озат оқушы. Аманғали Сәрсенғалиұлы 2015 жылдан бастап Қызылорда, Алматы, Ақтөбе, Семей, Бейнеу, Павлодар, Ақтау қалаларында өткен Кудодан республикалық жарыстарда қатысып, бірінші, екінші орындарға ие болып жүр. Қазақ хандығының құрылғанына 550 жылдығына орай ұйымдастырылған Кудодан халықаралық ашық турнирде 28 келі салмақта Аманғали III-ші орынды иеленді. Жас баланың халықаралық жарыста жүлдеге ие болуы екінің бірінің қолынан келе бермейді.
Мұндай жоғары деңгейдегі додаға біздің бір емес, бірнеше рет қатысуымыз. Үмітімізді үкілеп, ел намысын қорғауға барғаннан кейін намысты қамшылауға тура келеді екен. Аманғали қайратына мініп, жігерін жанып, алғашқы күннен бастап-ақ алға ұмтылды. Төккен теріміз зая кетпеді. Жеңімпаз атанды, - дейді Аманғалидың бапкері Арман Құлмұратұлы. Кудо Такаши Адзума негізін қалаған каратэ түрі, жапон тілінен аударғанда - «ашық сана жолы» деген мағынаны білдіреді. Бұл кудомен айналысатын тұлғалардың жарасымды дамуына арналған рухани және физикалық өзін өзі жетілдіретін жан-жақты жүйе. Аманғалидың жеңісті күндері әлі алда екеніне сенеміз. Әртүрлі жарыстарға қатысып жүрген спорт саңлақтарының осындай жетістіктері ел үшін үлкен мақтаныш екені даусыз. Елдің мерейін үстем етер спортшылардың келесі жарыстарда да бақтары жана берсін дейміз.
Гүлсім МҰРЫНОВА