©
Жақын 1-2 жылдықта ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің көтеруімен, еңбек өтілі 40 жыл, оның ішінде бір жерде тапжылмай 10 жыл аянбай еңбек еткен азаматтың еңбегін елеуді үкіметке ұсыныс етіп қойғанын естіген едік. Бұндай марапаттың қажеттілігі – қоғамдағы азаматтардың жұмысты жақсы жасауға деген ұмтылысын туындатуы мүмкін екен. Әрине, өз ісін сүйіп жасайтын азаматтар атақ үшін емес, абырой үшін жұмыс жасап, елімізге қандай пайдамыз тиеді деп ойлайды екен. Оған дәлел бүгінгі кейіпкеріміз – Қуантхан Азанұлы Төлегенов . Баутин ауылының тумасы Қуантхан Төлегеновті спортты сүйген әрбір жас біледі. Өзі спортты бала күнінен жақсы көрген. Мектеп жасынан қазақ күресіне машықтанып, одан кейін отбасындағы әкесінің тәрбиелеуімен тоғызқұмалақ, дойбы, шахматты да біліп, кейін стол теннисін де үйренген. Өзінің спорттық салада неше түрлі қыры болса да, мектеп бітіргесін осы саланы таңдауға әкесі қарсылық білдіріп, сол кездегі сұранысқа ие механик мамандығына оқыпты. Қай кезде де мамандық таңдауда қателеспе деген қағида бар емес пе, кейін орта жасқа келгенде спорт мамандығына қайта оқып, арнайы спортшы дипломын да алады. Бұл жағдайды өзі былайша баяндап берді: - Спортты өзім үшін жақсы көрем, диплом құжат үшін қажет болды. 1980-1989 жылдары механик мамандығын алғаннан кейін теңізде, балық комбинатында, кейін мұнай бұрғылаушысы болып та бахталық әдісте бірнеше жерде жұмыс жасадым. Ауылға демалысқа келгенде ермегіміз спорт. Ол кезде дайын алаңдар жоқ, спорттық құралдар тапшы. Жоқтан бар жасап жаттығып, өзімізден кіші інілерге «ер азамат ұрыста қорғана білуі керек» деп спортпен шұғылданғанның жақсы екенін айтып, өзіміз білген қимылдарды үйрететінбіз. Сөйтіп жүргенде 1991 жылы Баутин ауылындағы мектептің бірінде спорттан сабақ беретін адам болмай, жұмысқа шақырылдым. Одан кейін дәл осы жылдары балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде күрестен секция ашылып, соған тәрбиеші болдым. Осыдан бастап спорт саласына қызмет етуім өз-өзінен басталып кетті. Арнайы сабақ беретін болғасын диплом керек, сондықтан спорт мамандығына колледжде оқып та келдім, - дейді өткен шақтарға шегініс жасап. 1991 жылы аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебіне шақырылғаннан кейін қазақша күреске оқушылар тәрбиелей бастайды. Өзі білікті маман болмаса да, сол кездегі республикадан шалғай жатқан ауданымыздың спорт саласындағы олқылықтарының орнын толтыруға үлес қосуды азаматтық борышы деп білді. Өзінің мектеп жасында спортқа баулыған ағайлары – Қуаныш Жеткізгенов, Сейтқазы Боранов, Герман Ивановичтен үйренген әдістерін оқушыларына үйретумен болды. Сол кездегі тәрбиеленушілер арасында аты бүгінде республикаға танымал, 3 дүркін әлем чемпионы, жерлесіміз Қанат Жұмабаев та болды. Одан бөлек Бақытжан Тәжіғараев, Қуандық Ізбасаров, Мұрат Марқағұлов, Бекзат Әміров, Оңай Мақсат сынды кезінде өзі тәрбиелеген оқушылары күні бүгінге дейін спорттан қол үзбей жүр. Бұл азаматтардың үлкен дәрежеге көтерілуіне біріншіден өздерінің спортқа деген сүйіспеншіліктері жетелеп, екіншіден ізденіп, спорт саласында түрлі оқу орындарында білім алып дамытқандары әсер етсе, ең бастапқы баспалдақтарының қалануына Қуантхан ағайларының кішігірім болса да септігі тигенін айта кеткен жөн болар. «Ауылдық жерде ашылмаған таланттар бар, оны тәрбиелейтін білікті маман керек» деген барлық ұстаздар қауымына таныс сөз бар. Қуантхан Азанұлы да чемпиондардың ауылдан шығатынына нық сенімде. Сондықтан республикалық деңгейдегі үлкен «Қазақстан барысы» жобасының кішігірім үлгісін ауданда жасап, чемпиондарды мектеп жасынан бастап анықтауға жұмыстанып жүр. 2-3 жыл қатарынан «Мектеп барысы» атты Баутин ауылының оқушы жастары арасында жарыс ұйымдастырып келеді. Өзі Баутин ауылындағы Ж.Мыңбаев мектеп-гимназиясында дене тәрбиесі мұғалімі, одан бөлек бос уақытында аудандық балалар және жасөспірімдер мектебінде тоғызқұмалақ үйірмесінде сабақ береді. Спорттың қай түрінің болмасын баланы еңбекке тәрбиеленуіне, шыдамды болуына, салмақты және шымыр болуына септігі мол екенін айтудан жалықпайды. «Алдыңғы қатардан еңбек еткендер ғана көрінеді, спорт еріншектікті ұнатпайды» -деп оқушыларын жеңіске жетейлейді. – Спортшы балаларға қолдау көп болса екен. Көп балалар облыстық деңгейден жүлдемен келіп, кейін республикалық деңгейге қаржының қарастырылмауынан бара алмай жатады. Сондай кезде баланың бағын байладық-ау деп іштей қынжылатын кездер болады. Сөздің реті келгенде айтатын тағы бір мәселем –Ж.Мыңбаев мектеп-гимназиясының ойын алаңын заманауи түрде жөндеп берсе екен деген ұсынысым бар. Жастың жанашыры ретінде аудан әкімі осы ұсынысты ескерсе екен, -дегенді сөз соңында газет арқылы жеткізгенді жөн көріп. Ғаламтордың қолжетімділігі, ондағы менмұндалап шақырған неше түрлі, керекті-керексіз бағдарламалар, суреттер, бейнежазбаларға арбалған жастар ненің жақсы, ненің жаман екенін айыра алмай әуре. Бос уақыттарының ғаламторда қалай өтіп жатқанын да аңғарар емес. Дәл осындай шақта жасөспірімдерді спортқа шақырып, спортты насихаттап жүрген Қуантхан ағайдың еңбегін неге жазбасқа деп түйдік. Осындай әрі спортшы, әрі спортқа тәрбиелеуші, спортшы жастардың жанашыры, қарапайым еңбек адамының еңбегі кейінгі жастарға үлгі болса игі.Клара МЕҢДІБАЙҚЫЗЫ