©
Маңғыстауға арнайы іссапармен келген ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы облыстық «Жас батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ұжымымен кездесті. Мектеп жүлдесі үшін дзюдо күресінен 2001-2006 жылы туған жасөспірімдер арасында ұйымдастырылған жарысты тамашалап, боз кілемде белдескен балуандарға ізгі тілегін арнады. Сондай-ақ, Маңғыстаудың тарихында жастар мен жасөспірімдер арасында самбо күресінен тұңғыш Әлем чемпионы атанған Рамазан Мамаев пен Хорватияда жастар арасында дзюдодан өткен Әлем чемпионатының тұңғыш қола жүлдесін иеленген Бауыржан Нарбаевты кезекті жеңістерімен құттықтады.
- Бүгін Маңғыстау облысына жасаған сапар барысында облыстық «Жас батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жеткіншектерімен кездестім. Мұнда нағыз білікті, жүректі балуандардың өсіп келе жатқаны мені қуантады. Мектеп ұжымы тек Ақтау қаласындағы балаларға көңіл бөліп ғана қоймай, шалғай жатқан ауылдарда да дзюдо мен самбо күресінің секцияларын ашып, ауыл балаларын да қуанышқа бөлеуде. Жасалып жатқан мұндай жұмыстар Елбасымыз Н. Назарбаевтың сындарлы саясатын толықтай қолдауы деп білеміз. Жақында ғана Сербияның Нови-Сад қаласында жастар мен жасөспірімдер арасында өткен жарыстан осы спорт мектебінің шәкірті Рамазан Мамаев қарсыластарының барлығын айқын басымдылықпен тізе бүктіріп, Маңғыстаудың тарихында самбо күресінен тұңғыш Әлем чемпионы атанды. Бұл қазақ еліне соңғы жеті жылдан кейін самбо күресінен келген алтын медаль екенін біз қуанышпен айта аламыз. Алдағы уақытта да Маңғыстаудың атын шығарып, қазақтың әнұранын шет мемлекеттерде асқақтататын балуандарымыз көбейе берсін. Жастардың болашағына сәттілік, толағай табыс тілеймін, -деді журналистерге берген сұхбатында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Венера МИРЛАН,
Суреттерді түсірген автор
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="39986,39987,39985,39984,39988"]