Облысымызда КСРО спорт шебері атанған тұңғыш қазақстандық Шоқыр Бөлтекұлына арналған Х халықаралық турнир өткелі жатыр. Осыған орай бүгін турнир қонақтарының қатысуымен баспасөз жиыны өтті. Басқосуда чемпиондар қатысқан жарыстары, жаттықтыруышылары жайында сөз қозғап, қызықты сәттерін еске алды.
Ермахан Ибрайымов пен Қанат Ислам ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Нұрғали Сафиуллин жайындағы қызықты естеліктерімен бөлісті.
-Біздің жетістікке жетуімізге ұстаздарымыздың, жаттықтырушылардың еңбегі зор. Жаттықтырушыға қарап еліктейсің, соған қарап бой түзейсің. Қазіргі аға бапкер Нұрғали Сафиуллин менің жаттықтырушым болды. Ол кісінің түріне қарасаң мейірімді, жуас адам сияқты көрінеді. Бірақ қинағанда жаныңды шығарады, аямайды (күліп). «Сендердің қиналғандарыңа қарап, рахаттанамын» дейтін. 2007 жылы Чикагода Бақыт Сәрсекбаевпен жұдырықтастым. Раунд арасында келіп, мені сілкілеп жіберді де «Сен жеңісті жұлып алуың керек» деді. Бақытқа да кеңестерін айтып жатыр. Мен ол кісіге қарағанда шаршағанымды ұмытып кеттім. Сөйтіп жеңіп шықтым, - дейді Қанат Ислам.
Ал Ермахан Ибрайымовтың мына естелігі жиын қатысуышыларының езуіне еріксіз күлкі жиғызды:
-Нұрғали Сафиуллин ағамызды бәріміз жақсы білеміз. Олимпиада ойындары өтіп жатқан кез. Мұқтархан Ділдәбековтың кубалық боксшымен күш сынасу сәті болатын. Сөйтсе, Нұрғали аға «Оян, Мұқтархан, оян!» деп, бетінен ұрып жатыр. Сол кезде белгілі комментатор Аменгелді Сейтханның «Ойпырмай, Мұқтархан ұйықтап жатыр екен ғой, оянып кетсе не болады?» дегені бар (күліп).
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="37921,37920,37901"]