Бахтияр Артаев Головкиннің соңғы жекпе-жегі жөнінде өз пікірін білдірді. Ол Маңғыстау жастарымен кездескен кезде журналист қойған сауалға Головкиннің тең түскеніне қуанғандығын айтты.
Афина Олимпиадасының чемпионы, Вел Баркер кубогының иегері Б.Артаевтың айтуынша, Геннадий мен Альварестің жекпе-жегінде өте жанжалшыл төрешілер болған. «Сол себепті осындай нәтиже шығаратыны белгілі еді», - дейді ол.
– Шынымды айтсам, мен Геннадий Головкин мен Сауль Альварес жекпе-жегінде екеуінің тең түскеніне қуанамын. Біреулер Бахтияр Генаны көре алмай жүр деп ойлауы мүмкін. Көре алмай жүрген ештеңем жоқ, қазақтың туы шетелде желбіресе қайта мақтанамын. Бірақ мен бұл жерде Генаның ұтылып қалмағанына шүкірлік еттім, - дейді Бахтияр Артаев.
– Бал бойынша дөп тиген таза соққыны санасақ, мен Альварестікі көбірек деп ойлаймын. Гена рингте қарсыласын қуалап жүрді, ұрды, бірақ дөп тигендері аз, - деген пікірін білдірді ол.
Айта кетейік, бұдан бірнеше жыл бұрын Бахтияр Артаев пен Геннадий Головкин бес рет шаршы алаңда кездесіпті.
- Біз Геннадиймен 5 рет рингте кездестік. Оның екеуінде тең түстік, 3 рет Гена жеңді, - деді Бахтияр Артаев.
Айгүл ДӘДЕН