©
«2020 жылы Токиода өтетін Олимпиада ойындарында Қазақстан бокстан 2 алтын, 2 күміс, 2 қола алады деп үміттенемін». Афина Олимпиадасының чемпионы, Вел Баркер кубогының иегері Бақтияр Артаев Маңғыстау жастарымен кездескен сәтте өз болжамын айтты.
- Алдағы олимпиадада 69 келі салмақ дәрежесіндегі бокс шеберлері алтын алып, дәстүрімізді жалғастырады деп ойлаймын. Қазақстанда осы салмақта өте мықты 4 жігіт бар, қайсысын алып қарасаң да, алтынға лайық жігіттер. Алла қаласа, 75 келі салмақта Әбілхан Аманқұл үшін де бұл олимпиада нәтижелі болады. Василий Левит, Қайрат Ералиевтерді айтпай-ақ қойсақ та үміт бар. Осы нәтижеден Қазақстан артық түспесе, кем түспейді, - деді Бахтияр Артаев.
Сондай-ақ, Бахтияр Артаев Әлем чемпионатында Өзбекстанның Қазақстаннан неліктен басым түскендігі туралы ашып айтты.
- Өзбекстанның басшылығы бокс спортын дамытуда өте жақсы жұмыс істеп отыр. Бірақ олар бізден мықты деген сөз емес. Бір ғана мысал, Елордада «Астана арланстың» екінші, үшінші құрамасының өзі өзбектердің ұлттық құрамасын оп-оңай, ойсырата жеңіп кетті. Бұл біздің жігіттердің бокста өзбектерден осал еместігін көрсетеді. Бірақ расында біздің спорт басшылығы, бокс Федерациясы дұрыс бағытта жұмыс істей алмай келеді. Нақтырақ айтсақ, орындаушылар тарапынан осал тұстар бар. Бахтияр жап-жас бола тұра, неліктен сынап отыр деуі мүмкін. Сөзім естір құлаққа жетсе деген ниетпен айтып отырмын, - деді ол.
- Біздің боксшыларға көмектесудің қажеті жоқ, спорт басшылығы оларды қорғаса болғаны. Егер басшылық дұрыс бағытта жұмыс атқарса, Токиодан 3 алтын алуымыз мүмкін, - дейді чемпион.
Айгүл ДӘДЕН