6-8 қазан аралығында Тюмень қаласында дзюдодан халықаралық турнир мәресіне жетті. Жарысқа Жапония, Моңғолия, Қазақстан, Франция, Хорватия, Белоруссия, Ресей, Армения, Тәжікстан, Иран, Австрия, Чехия, Швеция, Грузия мемлекетінің 600 балуаны қатысып, боз кілемнің көркін қыздырды. Халықаралық жарыстан жаңаөзендік балуан Марлен Әділ алтын медальді қанжығалап, жарыс чемпионы атанды. Жалпы аталмыш жарыстан қазақстандық спортшылар 3 алтын және 2 күміс медальдарды қоржынға салды.
Боз кілемге 60 келі салмақта белдесуге шыққан Марлен Әділ алдымен омскілік және волгоградтық балуандарды «иппон» әдісімен жауырынын жер иіскетіп, боз кілемнің иесі екендігін дәлелдеді. Одан кейін тьюмендік, австриялық, франциялық қарсыластарын тізе бүктіріп, ақтық кезеңге жолдама алды. Шешуші сәтте тәжікстандық балуанды айқын басымдылықпен ұтып, жарыс жеңімпазы атанып, алтын медальді еншіледі.
-Мықтылар бас қосқан жарыста жеңіс тұғырынан көріну үшін шәкіртім барын салдым. Халықаралық жарыста жеңімпаз атанып, Тьюменде еліміздің әнұранын әуелетті. Марлен-бұған дейін дзюдодан үш дүркін Қазақстан чемпионы атанды. Спортпен 9 жасынан бастап айналысады. Бүгінгі таңда Астана қаласындағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спортта дарынды балаларға арналған республикалық мектеп-интернатында білім алып жатыр. Енді бізді 18-21 қазан күндері Теміртауда дзюдодан өтетін халықаралық жарыс күтіп тұр. Жалпы қазіргі таңда мен жаңаөзендік 50 жасты дзюдо күресімен жаттықтырып жүрмін,-дейді жаңаөзендік бапкер Сапар Бурамбаев.
Венера МИРЛАН
Тағы оқыңыздар: Мұнайлы ауданына 10 жыл!