Түпқарағандықтар «Аудан әкімі кубогі – 2017» жүлдесі үшін шағын футболдан ашық турнирді тамашалады. Осыған дейін аудандық деңгейден бастап, республикалық, халықаралық түрде өтіп жүрген сайыс бұл кезекте VІ рет республикалық түрде өтті. Түпқараған ауданының құрылғанына 25 жыл толу мерекесіне арналған сайыстың бас жүлдесіне 500 мың теңге берілді. 2001 жылдан бастау алатын бұл турнир аудандық деңгейде 6 жыл, облыстық деңгейде 5 жыл ұйымдастырылып өткізілсе, 2012 жылдан бастап халықаралық деңгейге өсті. Ал, биылғы ауданның 25 жылдық мерекесі аясында республикалық деңгейде ұйымдастырылып, оған 12 команда және 150-ге жуық спортшы қатысты. Дәстүрлі ойынның жеңімпаздарына 500 мың, ІІ орынға – 300 мың, ІІІ орынға – 150 мың және ынталандыру үшін – 50 мың теңге бөлінді. 2013 жылы әкім кубогінің жеңімпаздары атанған Атырау облысынан келген «Құлсары» командасы түпқарағандықтардың ұйымдастырған турнирінің белсенді қатысушылары. Одан бөлек Атырау облысынан «Мақат», «Атырау», Ақтау қаласынан «Динамо», «Бекадо», «Қазақтелеком», «Каспий-цемент» командалары, Мұнайлы ауданынан «Мұнайлы» командасы, Қарақия ауданынан «Қарақия» командасы, Жаңаөзен қаласы, Қызылсай ауылынан «Қызылсай» командасы және Түпқараған ауданынан «Жастар», «Жас қанат» командалары қатысты. Бұл командалардың барлығы әр өңірдің белсенділері. Түпқараған ауданының құрылғанына 25 жыл толуына орай 2 күнге созылған дәстүрлі «Аудан әкімі кубогы-2017» республикалық кіші футболы турнирінің қорытындысы бойынша Түпқараған ауданы «Жасқанат» командасы –І, Жаңаөзен қаласы «Арлан» командасы –ІІ, Атырау облысы «Мақат» командасы –ІІІ және Атырау облысы «Құлсары» командасы ынталандыру ие болды. Сонымен қатар, үздіктер «Ойыншы», «шабуылшы», «қорғаушы», «қақпашылар» арнайы сыйлықтар және дипломдармен марапатталды.
Клара Қансұлтанова