Бүгінгі таңда Маңғыстау облысындағы кәсіпорындарда, ірі мекемелерде жас мамандар кеңестері ашылып, олардың мүшелері қоғамдық шараларда белсенді атсалысып келеді. Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы мен облыстық «Жас Отан» жастар қанаты жұмысшы жастармен етене араласып, тығыз жұмыс жасайды.
Жуырда облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Жас Отан» жастар қанаты Ақтау қалалық спорт және дене шынықтыру бөлімі және Маңғыстау облыстық футбол федерациясымен бірлесіп өндіріс орындарында, мекемелерде қызмет ететін жас мамандар арасында шағын футболдан сайыс өткізді. Шараның мақсаты – жұмысшы жастарды қоғамдық өмірге тарту, салауатты өмір салтын насихаттау арқылы олардың арасында бәсекелестік, достық қарым-қатынас орнату.
Қаладағы «Мұнайшы» спорт кешенінде өткен 2 күндік жарысқа барлығы 14 команда қатысты: «Қарақұдық мұнай» ЖШС, «Oil Services Company» ЖШС, «Ақтау теңіз солтүстік терминалы» ЖШС, «Тұлпармунайсервис» ЖШС, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «Бекада» ЖШС, «Маңғыстауэнергомұнай» ЖШС, «Морпорт Актау» АЭА, «Caspi Bitum» ЖШС, «Арғымақ» ЖШС, «Өзенмұнайгаз» АҚ, «КазНиПи» ЖШС, «МАЭК-Казатомөнеркәсіп» ЖШС, «Өзенмұнайсервис» ЖШС мекемелері. Ойында барлық командалар жоғары қабілетін, ептілігін, шымырлығын, мықтылығын көрсетті. Нәтижесінде тәжірибелі төрешілердің төрелік етуімен ІІІ орынды «Бекада» командасы, ІІ орынды «Oil Services Company» ЖШС, І орынды «МАЭК-Казатомөнеркәсіп» ЖШС командасы алды. Ойын барысында үздік ойын көрсетіп, көрермендердің қошеметіне бөленген МАЭК командасының ойыншысы Абай Унайбаев төрешілердің шешімімен «Үздік ойыншы» номинациясын иеленді. Ал «Үздік қақпашы» кубогын «Бекада» командасының қақпашысы Қуаныш Бисенбі еншіледі.
Тағы оқыңыздар: Түпқарағанда полигон салына ма?Шараның соңында облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының орынбасары Мирлан Сақтағанұлы құттықтау сөз сөйлеп, «Жас мамандар кубогын» жеңімпаз «МАЭК» командасына тапсырды. Барлық жүлделі орындарды еншілеген командалар ақшалай сыйлықтарға ие болды.
Х.ОРЫНБАЙҚЫЗЫ