©
Облыс орталығында 18-19 қараша күндері дзюдодан халықаралық турнир өтті. Дәстүрлі түрде сегізінші рет ұйымдастырылатын жарыс КСРО спорт шеберіне үміткер, қазақ күресі мен дзюдодан ауыл жастарын дайындаған белгілі бапкер Баламұрат Ақшабаевтың жүлдесіне арналды. Дүбірлі доданың салтанатты ашылуына Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Тілек Қошмағанбетов, Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты, ҚР Дзюдо Федерациясының вице-президенті Самат Мұсабаев, Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бекболат Байжанов, облыстық мәслихаттың депутаты, Маңғыстау облысының самбо федерациясының президенті Нұрпейіс Сәрсенбай, облыстық «Жас батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Манарбек Бисекенов қатысып, жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі. - Осыдан 8 жыл бұрын қолға алынған еркін күрестен КСРО спорт шеберіне үміткер, қазақ күресі мен дзюдодан ауыл жастарын дайындаған белгілі бапкер Баламұрат Ақшабаевтың жүлдесіне арналған ашық республикалық турнир жұмысы бүгінде тәуелсіз еліміздегі дзюдо жарыстарының қатарын көбейтуде. Елімізде дзюдо күресін өзіне серік еткен жасөспірімдердің саны 76 000-ға жетті. Бұл, әрине, үлкен жетістік, зор нәтиже. Аймағымызда спорт саласын дамыту мақсатында көптеген жұмыстар жасалуда. Кәсіпкерлердің қолдауымен ауыл-аймақтарда спорт кешендері бой көтеруде. Мұның барлығы құптарлық жағдай. Сондықтан да жарысқа қатысушы балуандарға сәттілік тілеймін. Нағыз чемпиондар топ жаруына тілекшімін,-деген Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Тілек Қошмағанбетов Маңғыстау облысы әкімі орынбасарының алғысхатымен және «ҚР спортты дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен жарыстың бас демеушісі Әбдісалан Сұлтанбаевты марапаттады. Сондай-ақ облыс әкімі орынбасарының алғысхатын ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушылар Берік Жұмағалиев пен Сергей Волобуевқа, балуандар Бауыржан Сағынғалиұлы, Бауыржан Мамаев, Әмірбек Жеңісовке табыстады. «Маңғыстау арена» спорт кешенінде өткен жарысқа еліміздің барлық өңірінен, көршілес Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінен келген балуандар қатысты. 2001-2003 және 2004-2006 жылы туған 500 балуан боз кілемнің көркін қыздырды. - Турнирдің басты мақсаты-жас спортшылардың шеберлігін шыңдау, жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттау, жас спортшылардың халықаралық жарыстардағы тәжірибесін нығайту. Турнир биыл сегізінші рет өткізілуде. Бұл жарысқа облыстық чемпионаттың іріктеуінен өткен жасөспірім ұлдар мен қыздар қатысуда. Жарыстан бірінші, екінші орын алған балуандар ҚР-ның «Спорт шеберіне үміткер» деген атақ алады. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін, «мықтылардың» топ жаруына тілекшімін,-дейді облыстық «Жас батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бапкері Жомарт Қобыланов. Екінші күнге жалғасқан байрақты бәсеке қорытындысында 2001-2003 жылы туған балуандар арасында облыс қоржынына 55 келі салмақта А. Сайфенов («Толқын» спорт мектебі), 66 келі салмақта Н. Қуанышұлы («Жас батыр» спорт мектебі), 73 келі салмақта Р. Базарбай («Жас батыр» спорт мектебі), +81 келі салмақта М. Зұлқарнаев («Жас батыр» спорт мектебі), қыздар арасында 25 келі салмақта М. Закарина (Маңғыстау ауданы), 28 келі салмақта Д. Жақсылық («Жас батыр» спорт мектебі), 32 келі салмақта С. Үсенбай («Жас батыр» спорт мектебі) алтын медальдарды салды. 2004-2006 жылы туған спортшылар арасында 35 келі салмақта Ы. Мұрат (Жыңғылды спорт мектебі), 42 келі салмақта Т. Климов («Жас батыр» спорт мектебі), 46 келі салмақта А. Сұлтанбек (Жыңғылды спорт мектебі), қыздар арасында 48 келі салмақта А. Еламанова («Жас батыр» спорт мектебі) алтыннан алқа тақты. Осылайша, командалық есепте 8 алтын, 5 күміс және 10 қола медальдармен облыстық «Жас батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі бірінші орынды қанжығалады. Екінші орыннан 4 алтын, 5 күміс және 3 қола медальдармен Оңтүстік Қазақстан облысы көрінсе, үшінші орынға 7 күміс және 7 қола медальдармен Атырау облысы тұрақтады.Венера МИРЛАН,
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="42417,42475,42418,42416,42420,42419"]