©
Облыс орталығында 18-19 қараша күндері дзюдодан халықаралық турнир жалауын желбіретпек. Дәстүрлі түрде сегізінші рет ұйымдастырылатын жарыс КСРО спорт шеберіне үміткер, қазақ күресі мен дзюдодан ауыл жастарын дайындаған белгілі бапкер Баламұрат Ақшабаевтың жүлдесіне арналады. Жарысқа еліміздің барлық өңірінен, көршілес Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінен 2001-2003 және 2004-2006 жылы туған 500 балуан қатысады деп күтілуде. Дзюдодан ұйымдастырылатын жарыс 18-19 қараша күндері «Маңғыстау арена» спорт кешенінде өтеді. - Турнирдің басты мақсаты-жас спортшылардың шеберлігін шыңдау, жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттау, жас спортшылардың халықаралық жарыстардағы тәжірибесін нығайту. Турнир биыл сегізінші рет өткізілгелі отыр. Бұл жарысқа облыстық чемпионаттың іріктеуінен өткен жасөспірім ұлдар мен қыздар қатысады. Жарыстан бірінші, екінші орын алған балуандар ҚР-ның «Спорт шеберіне үміткер» деген атақ алады. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін, «мықтылардың» топ жаруына тілекшімін. Жарыстың салтанатты ашылуы 18 қараша күні сағат 12:00 де Ақтау қаласы 33 шағынаудандағы «Маңғыстау арена» спорт кешенінде өтеді. Жарысты тамашалау тегін, - дейді облыстық «Жас батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бапкері Жомарт Қобыланов.Венера МИРЛАН
Сурет Т. ҚҰСАЙЫННЫҢ архивінен