Маңғыстау облысы дене тәрбиесі және спорт басқармасының мемлекеттік тапсырысы бойынша, «Спешиал Олимпикс» қоғамдық-қайырымдылық бірлестігінің Маңғыстаудағы филиалының ұйымдастыруымен «Дені саудың – жаны сау» жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі және қалыпты балалар арасында үстел теннисінен аудандық турнир Құрықтағы №6 орта мектепте өткізілді.
Турнирдің ашылуына Қазақстан «Спешиал Олимпикс» республикалық қоғамдық бірлестіктерінің Маңғыстаудағы филиалының директоры М. Жарылғас, аудандық білім бөлімінің басшысы К. Байбосинова, аудандық мәдениет, денешынықтыру және спорт бөлімі басшысы Д. Атағараев, №6 мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасары Ж.Берішбаева және «Жігер» мүгедектер спорт клубы жетекшісі Қ.Тілеуов, дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі С. Жақсылық пен мүмкіндігі шектеулі жандар, мектеп оқушылары қатысты. Спорттық шараның ашылу салтанатында сөз алған Марина Ыстыбайқызы:
- Тек қана рухы мықты, дені сау халық үлкен жетістікке жетеді. Сондықтан болашақта үлкен маман иесі болуы үшін, алдарына мақсат-мүдде қойып, ел тұғырының биіктігін сақтайтын ұрпақ тәрбиелеу біздің қолымызда, - деді. Шара барысында аудандық білім бөлімінің басшысы К. Байбосынова:
- Қазіргі уақытта мүмкіндігі шектеулі жандардың спортқа деген ынталарын дамытып, жігерлендіру үлкен міндет болып отыр. Соның арқасында көптеген спорттық шаралар жүзеге асырылуда. Осындай балалардың күш-қайратын оятатын сайыстардың қатары көбейіп, жас спортшыларымыз жүлделі орындардан көрінсе, – деген ізгі тілегін айтып, жастардың бос уақытында спортпен шұғылдануына кеңес берді.
Ал «Жігер» мүгедектер спорт клубы жетекшісі Қ. Тілеуовтің айтуы бойынша, турнирдің негізгі мақсаты – жастарды спорттық салаға тарта отырып, олардың өнерге деген құлшынысын арттыру және өмірге деген оң көзқарастарын қалыптастыру, сонымен қатар әлеуметтік және рухани дем беру болып табылады.
Тағы оқыңыздар: «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Маңғыстау жолдары жөнделудеЖарыс өте қызықты әрі тартысты өтті. Қалыпты спортшылар мен сайыс додасында болған мүмкіндігі шектеулі спортшылар қоғамның толыққанды мүшесі ретінде бар күшқайратын жұмсап атсалысты. Шара соңында «Жігер» мүгедектер спорт клубы жетекшісі Қ.Тілеуов пен мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі С. Жақсылық үстел теннисі ойынын үйретуге қосқан үлесі үшін Алғыс хаттармен марапатталды.
Ұлдар арасында өткен теннис жарысынан 1 орынды А.Арқалықов, 2 орынды А.Доғдырбаев және 3 орынды Ж. Чандиевтер қанжығасына байлады. Ал қыздар арасында өткен теннис сайысында 1 орынды Н. Тұрниязова жеңіп алса, 2 орынды А.Бабасова иеленіп, 3 орынға Ш. Қажымұқан жайғасты. Тартысқа толы өткен спорттық сайыста оза шапқан жеңімпаздарға диплом және кубоктар табысталды. Жүлделі орынға ие болған спортшылар шексіз ризашылықтарын білдіріп, көңілді тарқасты.
Фариза ХАЙДАРОВА