Венгрияның Будапешт қаласында ересектер арасында кикбоксингтен Әлем чемпионаты мәресіне жетті. 3-12 қараша аралығында өткен халықаралық жарысқа 61 мемлекеттен 1500 спортшы қатысты. Дүбірлі додадан маңғыстаулық кикбоксшы, Ш. Бөлтекұлы атындағы жоғары шеберлік дәрежесіндегі спорт мектебінің шәкірті, 86 келі салмақта Шыңғыс Искаков қола медальға қол жеткізді. Әлем чемпионатынан олжалы оралған жерлесімізді Ақтау халықаралық әуежайынан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұрбек Қарабалаев, Ш. Бөлтекұлы атындағы жоғары шеберлік дәрежесіндегі спорт мектебінің басшылары мен жанкүйерлері күтіп алды. - Жарыста еліміздің намысын 34 спортшы қорғады. Кикбоксингтің фулл-контакт, к-1, лоу-кик бағдарламасы бойынша өткен жарыста спортшыларымыз 3 алтын мен 5 күміс медальдарды иеленді. Шәкіртім Шыңғыс Искаков к-1 бағдарламасы бойынша өнер көрсетті. Алғашқы кездесуінде сербиялық Илижа Жовановичті 2:1 есебімен ұтып, одан кейінгі қарсыласы молдавиялық Андриан Кологанды тізе бүктіріп, шешуші сәтте поляк спортшысы Максумилииан Браткошикзге есесін жіберіп, қола медальді қанағат тұтты. Жарыстан оралған спортшыларды Астана қаласында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі қабылдап, жеңімпаздарға қаржылай сыйлықтар табыстады, - дейді Маңғыстау облысының кикбоксингтен аға жаттықтырушысы Төремұрат Селиков. 14 жыл спортты жанына серік еткен Шыңғыс Искаков жеті дүркін Қазақстан Республикасының чемпионы және 2015 жылы Индияда өткен жарыстан Азия чемпионы.
Венера МИРЛАН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="42153,42151"]