©
Ердос Жаңабергенов – Қазақстанға еңбегі сіңген спорт шебері. Бокстан 81 келі салмақта Қазақстанның екі дүркін чемпионы. 2005 жылы Мәскеуде өткен әлем кубогінің қола жүлдегері және Вьетнам елінде өткен жарыста Азия чемпионы. 2006 жылы Қытайда өткен жарыста әлем чемпионы және Студенттер арасында әлем чемпионы. 2010 жылы Америкада өткен әскерилер арасында әлем чемпионатының күміс жүлдегері.
Ол 2011 жылы денсаулығына байланысты спорттан біржола кетті. Қазіргі кезде Маңғыстау облыстық бокс бойынша олимпиадалық резервке мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің директоры қызметін атқарады.
– Өзбекстанда туып-өстіңіз. 2004 жылы Маңғыстауға көшіп келдіңіз. Сізге қиын болған жоқ па? Қанша дегенмен, бір елден екінші елге қоныс аудару...
– Біріншіден, ия. Негізі басқа елде жүріп оларға жат болғанша, өзіміздің елге келіп бағымды сынайын дедім. Сондықтан туған еліме оралдым. Бірінші келген кезде 2001 жылы Маңғыстауға емес, алдымен Ақтөбе қаласына барғам. Сол жерде екі жарым жылдай бокспен шұғылданып, олардан да үміт күтіп, бірақ өзімнің шыға алмайтынымды, ары қарай бара алмайтынымды сездім. Содан өзімнің ұстазым әрі әкемдей болған Марат Жакиев ағамызбен сөйлесіп, 2004 жылы Маңғыстау облысы Ақтау қаласына көшіп келіп, осы жерден бастағам. Енді келген кездегі басты мақсатымыз – азаматтық алу еді. Азаматтық алу Ақтөбеде қиын болды. Сөздің шынын айтатын болсақ, азаматтығым болмай, жастар арасындағы әлем чемпионатынан қалып қойдым. Екіншіден, осы Маңғыстауға келіп, алдымен Алланың қалауы, екіншіден Марат ағаның көмегімен азаматтығымды алып жоғары деңгейлерге жеттім.
– Талантты боксшы болу үшін не керек?
– Ерінбей еңбектену керек, жалқаулықтың бәрін тастау керек. Ертең деген сөзді мүлде ойдан шығару керек.
– Сізді 2004 жылы кәсіпқой боксқа шақырыпты. Неге бармай қалдыңыз?
– Бармаған себебім – алдымен әуесқой бокстағы жетістіктерге, әлем чемпионы, Азия чемпионы, олимпиада ойындарының чемпионы деген дәрежелерге жеткім келді. Кәсіпқойда жасың үлкейгенде де бокстаса беруге болады. Ол кездері әуесқой бокс 32 жасқа дейін еді. 32 жасқа дейін бокстасып, ары қарай кәсіпқой боксқа өтем деген арманым болды. Сол себепті мен кәсіпқой боксқа бармай қалдым.
– Өзбекстандық боксшы, әлем чемпионы және Афина олимпиадасының қола жүлдегері Өткірбек Хайдаровты әлем чемпионатының финалында жеңіпсіз. Сол кезде қандай сезімде болдыңыз?
– Мен Өзбекстанда бала кезімде, 13-14 жасымда оны көріп жүретінмін. Сол жылдары Өткірбек Хайдаров әлем чемпионы болған. Сонда сол ағаларымызға қарап, үлгі алып, оқу-жаттығу жиындары болғанда Өзбекстанның құрама командасы жиналатын Янгиабад деген үлкен таулы орталыққа біздер де барып дайындалатынбыз. Оның боксын қарадық, бәрін зерттеп, көріп жүретінбіз. Бұл әлем чемпионатына келетін болсақ, жартылай финалда менің жеке басым үшін бұл финалдық жекпе-жек болды деп есептеймін. Мол тәжирбелі, нағыз жігіт болып жетілген шағы, сүйегінің қатқан кезі... Мен үшін мықты, ең мықты қарсылас сол деп санадым да жартылай финалда екеуміз кездесіп, менің мақсатым оны жеңу ғана болды. Сезімім енді... оны сөзбен айтып жеткізу қиын. Жеңген кезде қуанышым қойныма сыймай, кімге айтарымды білмей тек сабыр сақтап, өз-өзімді ұстап финалдық жекпе-жекте қуанышпен жүрдім.
– Жалпы боксшы болғаннан бапкер болған қиын ба?
– Әрине, бапкерлік қиын. Боксшы тек өзін-өзі тәрбиелеп жүреді. Өзінің қатесін бапкердің айтуымен түзейді. Ал бапкердің қаншама шәкірті бар, сол шәкірттің бәріне бірдей көңіл бөлу керек. Бапкердің жұмысы өте қиын. Өсіп келе жатқан әр балаға «Мынау олимпиада чемпионы болады», «Мынау әлем чемпионы болады», «Қазақстан чемпионы болады» деп дайындап келе жатқанда, олардың көбі жарты жолдан спортты тастап кетеді. Ләззатынан азабы көп жұмыс. Өткенде Қазақстан чемпионатында көрдіңіздер, 52 келі салмақтағы біз чемпион болады деп отырған боксшымыз марапаттауға келгенде екінші орында тұр. Мұндай әділетсіздіктер бапкерге ауыр жүк, өсіп келе жатқан жас боксшы үшін соққы. Бала-шағасын тастап, бүкіл шаруасын ысырып қойып, елдің балалары үшін еңбек етеді. Әрбір чемпионның бір пайыз таланты болса, тоқсан тоғыз пайызы – бапкерінің еңбегі.
– Кәсіпқой бокста ауыр салмақта (90 келіде) өнер көрсететін WBA Wold чемпиондық белдігінің чемпионы 31 жасар кубалық Юниер Дортикос (20-0-0 20 ко) әуесқой бокста сізден жеңіліп қалыпты. 2005 жылы Москвада әлем кубогінде, екінші раундта техникалық нокаутпен жеңіске жеттіңіз. Кәсіпқой боксқа бармағаныңызға кейде өкінбейсіз бе?
– Өкіну деген енді... Алла Тағаланың маңдайға жазғаны. Осылай жолымызды әуесқой бокспен аяқтауға жазғандай. Өкінгеннен пайда жоқ. Әуесқой бокста жүрген кезім 2007 жылы Г.Головкин бауырымыз кәсіпқой боксқа келіп бақ сынап қара деген ұсыныс білдірді. Ол кезде Гена бауырымыз Германияда болды. «Құрамаға келіп қара, мүмкін ұнап қалар. Ұнап жатса, ертең әуесқой боксты қойсаң келерсің» деген ұсыныстар болып жатты. Өкін-өкінбе, болар іс болды. Маңдайыымызға жазғаны сол шығар.
– Ауылда, көшеде ойнап жүргеніңізде боксқа көршіңіз алып келген деп естідік. Сол рас па?
– Ия. Марқұм Нияз Оразбай деген деген ағамыз бар еді. Жастай өмірден озып кетті. Ол менің немере ағамның жан досы, құрдасы еді. Сол бүкіл ауылдағы балалардың бәрін жинап апарды. Негізі боксқа ертіп апарған немере ағам Рахмет Жаңабергенов. Сол ағамның күнделікті ертіп апаратын. Ол кезде көлік жоқ, велисепедке отырғызып апарады. Қайтарда жүгіртіп алып келеді, әрі жаттығу болсын деп. Осындай жолдармен бокска келдім.
– Боксқа жеті жасыңызда келіп, жиырма алты жасыңызда спорттан кетіпсіз. Азия чемпионысыз, студенттер арасында әлем чемпионысыз. Әлем чемпионысыз. Жас болсаңыз да биік белестерді бағындырдыңыз. Бірақ олимпиаданың орны бөлек қой...
– Енді жаңа айттым ғой, өкіну деген... Құдайға шүкір, бүкіл жарыстардың алтыны болды, тақтық. Ендігі мақсатымыз тек сол олимпиада еді. Олимпиадаға барғым келетін. Әр спортшы олимпиадаға қатысуды армандайды. Өкінішіміз осы. Бірақ барына Құдайға шүкір дейміз.
– Маңғыстау облысының боксы қандай деңгейде. Қарағанды Генадий Головкинмен мақтанады. Оңтүстік елі Бекзат Саттархановпен..., ал Маңғыстау елі кіммен мақтанады?
– Әр өңірдің өз мақтаныштары бар. Мен өзімнің арттымнан өсіп келе жатқан інілеріммен мақтанамын. Әділбек Ниязымбетов бауырымыз бар. Берік Әбдірахманов деген бауырымыз бар. Әлі де өнер көрсетеді, көрсетіп жатыр. Оның артынан еріп келе жатқан Ерік Әлжанов, Азамат Исақұлов бар, ары қарай Бекзат Нұрдәулетов бар. Ауыр салмақта көптен бері Мұхтархан Ділдәбековтен кейін қазақ шықпай кетті ғой дейтін болсақ, Алла бұйырса, Айболды Дәуренұлы дейтін ініміз өсіп келе жатыр. Соларды мақтан тұтамыз.
– Маңғыстаудан Олимпиада чемпионы шығады деп ойлайсыз ба?
– Бұйырса, шығады! Бапкерлеріміз күні-түні ұйықтамай жұмыс жасап жатыр. Сол олимпиада чемпионы шықсын деген мақсатпен жұмыс жасаймыз. Төгілген тердің арқасында олимпиада чемпионы, олимпиаданың алтын медалі біздің Маңғыстауға келеді деген ниеттеміз.
– Мәскеудегі әлем кубогында Куба қабыланы Юниер Дортикосты нокаутпен жеңдіңіз. Сол кезде жасыңыз жиырма бірде екен. Сіз туралы бапкерлер «Е.Жаңабергеновтың дәуірі басталды. Бұйырса, Олимпиадаға қатысып топ жарады» деп баға берді. Рингке шыққаныңызда ұрғаныңызды құлатып, «Нокаутер» деген атыңыз шықты. Қазіргі боксшылар бірінші және екінші раундта ұпай алып, үшінші раундта уақыт өткізіп, қашқақтап жүретіндей. Нокаутпен жеңгенін көрмейміз. Әуесқой бокстың қадірі кетіп бара жатқан сияқты. Ал сіз қалай ойлайсыз?
– Қазіргі бокс... Әр жылдары әр түрлі бағаланады ғой. Бұрынғы кеңес үкіметінің кезінде қолға киетін былғары қолғаптардың өзі басқаша еді. Жиырмасыншы ғасырдың соңғы жылдарында басқаша, қазіргі басқа. Бұл заманмен бірге спорттың да дамып келе жатқаны. Сол сияқты адамға кері әсері тимеуі керек. Оны енді халық қалай түсінеді? Бұрынғы боксты көріп, елдің бәрі нокаут күтеді. Қарсыласының бет-ауызын қанатып, құлатқанды көргісі келеді. Қазіргі таңда бокс адамға зақым келтірмесін деп, сондай қалың қолғаптарды шығарып жатыр. Бұрынғы біздің кезімізде ұрған соққымыздың 60 пайызы тиетін еді. Ал қазіргі таңда бокс қолғабының 40 пайызы тиетін қылып қойған. Жұдырық қатты қысылмайды, ұрған кезде ұпай санымен ұтатын деңгейге жеткізіп қойған. Сондай-ақ ол кездері жейтін тағамдарымыз негізінен табиғи өнімдер еді ғой. Қазіргі таңда толық табиғи тағамдарды айта алмаймын.
– Ертең, 3 ақпан күні Ресейдің Сочи қаласында кәсіпқой бокстан кубалық Юниер Дортикос (22-0-0, 21 ко) пен Ресейлік Мұрат Гассиев (25-0-0, 18 ко) IBF және WBA 90 келі ауыр салмақта чемпиондық титулға таласады. Қос боксшы да әлі күнге дейін ешкімнен жеңіліп корген жоқ. Сіз қай боксшы жеңеді деп ойлайсыз?
– Бұл жерде ринг көрсетеді. Юниер Дортикостың әуесқой бокста да тәжирбелі, кәсіпқой екеуі араласқанда ол мықты боксшы болып есептеледі. Ал Мұрат Гассиев әуесқойда қарсыласындай көп бокстаспаған. Бірақ кәсіпқойдан өзінің бағы жанып жүр. Екеуінің де деңгейі бірдей. Нақты айту қиын. Бірақ ринг көрсетеді. Көреміз.
– Маңғыстау облысынан жеті боксшы ұлттық құрамаға ілінді. Индонезияда шілде айында жазғы Азия ойындары өтеді. Біздің елдің боксшыларынан кімнен үміт күтесіз?
– Азия ойындарында біздің Қазақстан мен Өзбекстанның деңгейі бірдей, бара-бар тұрған құрама командылар. Бәріне үміт артамыз. Барлық салмақтарға үміт артуға болады. Біздің Маңғыстауға келетін болсақ, жаңағы Б.Әбдірахманов, Ә.Ниязымбетов, 52 келі салмақта А.Исакулов, 75 келі салмақта Е.Әлжанов бауырларымыз барады. Осы төрт боксшымыз құрамаға ілініп кетсе, қуанышты жағдай болар еді. Негізінде қазір екі боксшымыз таза ілініп тұр.
– Өзіңіздің шәкірттеріңіз бар ма?
– Жалпы шәкірт тәрбиелеу туралы ойым бар. Бірақ мына жұмыс бабымен бокс бойынша олимпиадалық резервке мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер дайындау мектебінің басшысы болып жасағаннан кейін балдарға қарайтын уақыт болмай жүр. Күнделікті қағазбастылықпен жүреміз, жүгіріс көп. Бірақ болашақта қолға аламыз, бұйырса.
– Кезінде өзіңізге қарсылас болған өзбек және орыс боксшыларымен араласып тұрасыз ба?
– Араласамыз. Әлеуметтік желілерде өзбегіміз бар, орысымыз бар, Корея мен Жапонияда бокстасып кеткен достарымызбен араласып, жеке-жеке сөйлесіп, жағдайларымызды сұрасып тұрамыз.
– Сұхбатыңызға рахмет!
– Сізге де рахмет!
Сұхбаттасқан Айбек МҰХАНОВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі