Ақтау қаласында үш күндік бокс чемпионаты аяқталды. «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының кубогы үшік өткен сайыста сегіз салмақ дәрежесі бойынша 70-тен астам былғары қолғап шеберлері өзара күш сынасты.
Ақтау қаласында үш күнге созылған «Батыс» өңірлік қолбасшылықтың бокстан ашық біріншілігі өтті. Аталмыш сайыста Ақтау, Атырау және Ақтөбе гарнизонының әскери қызметшілері шаршы алаңға шықты. Боксшылар өздерінің әскери бөлім құрамалары атынан қатысып, 56 кг, 60 кг, 64 кг, 69 кг, 75 кг, 81 кг, 91 кг дейін және 91 кг-нан жоғары салмақ дәрежелерінде сынға түсті. Бұл чемпионат ережелері толықтай АIВА шарттарына сәйкес өткізілген болатын.
Сайыс бақталастық пен бәсекелестікке толы болып шықты. Бақ шаба ма, әлде бап шаба деген көрермендер, нағыз өр мінезді боксшылардың әсерлі кездесулерінің куәгерлері бола алды. Чемпионаттың нәтижесі бойынша, жалпыкомандалық есепте жергілікті 25744 әскери бөлімінің теңіз жаяу әскерлері иеленді, екінші орынды 30238 әскери бөлімі алса, бейнеулік 99116 әскери бөлімі үшінші орынды қаңжығаларына байлады.
Өңірлік қолбасшылықтың спорт және дене тәрбиесі қызметінің бастығы Қанат Махамбетовтың айтуы бойынша: «Отан қорғап, сапта жүрген әр әскери қызметші өз-өзіне қорған болып, намысты қолдан бермеуі тиіс. Ал бокс болса, қайсарлық пен табандылықты баулитын нағыз әскери спорт түрлерінің біріне жатады. Бокс спортының басты артықшылығы, әскери қызметшілердің шаршы алаңда жүріп өз-өзіне бекем болуға үйретуінде болып отыр».
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Өтес мектебіндегі жылыжайда 74 түрлі өсімдік өседіБүгінгі күні бокс, барлық әскери спорт түрлерімен қатар жылдан жылға қарыштап дамып келе жатыр. Дәстүрлі түрде жыл сайын өтетін осы бір чемпионат та, осының дәлелі болуда. Соңғы жылдары өткен біріншіліктермен салыстырғанда бәсекелестік пен спорт сүйер қауымның құштарлығы артуда. Бұның басты себебі, әскери бөлімдердегі толық жағдайдың жасалуында болып тұр. Осы күні әскери бөлімдерде спортпен шұғылдану үшін материалдық база да, бос уақыт та қарастырылған. Онымен қоса, бөлім командирлерінің барлығы дерлік, спортшы жауынгерлерге әрдайым қолдау көрсетіп, демеу беріп отырады. Ал бұл өз кезегінде, әскери спорт түрлерінің бұқаралық сипатқа ие болуына әкеліп соқтыруда.
Бокс біріншілігінің нәтижесі бойынша, әр салмақ дәрежесінің жеңімпаздары қатарынан өңірлік қолбасшылық құрамасы іріктеліп, наурыз айында Астана қаласында өтетін Қарулы Күштердің біріншілігіне дайындық жүргізіледі.
Рустем ИГИСИНОВ, аға лейтенант