©
Облыс орталығындағы «Жас қанат» спорт кешенінде спорттық және жауынгерлік самбодан облыс чемпионаты өтті. Спорт бәсекесіне 100-ден астам балуан қатысып, боз кілемде белдесті. Жарыстың ашылуына облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бекболат Байжанов, облыстық «Жас батыр» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Манарбек Бисекенов, Маңғыстау облысының ересектер арасындағы самбодан аға жаттықтырушысы Берік Жұмағалиев қатысып, балуандарға сәттілік тіледі.
- Басты мақсат - дзюдошылардың шеберлігін шыңдау, жастарды ҚР чемпионаттарына іріктеу. Және 2018 жылы аймақ намысын Әлем, Азия чемпионаттарында қорғайтын балуандарды анықтау, облыстың құрама командасын жасақтау. Айта кету керек ақпан айының 28-і мен наурыз айының 2-і аралығында Жезқазған қаласында Ел чемпионаты өтеді деп жоспарланған. Сондықтан да бүгінгі облыстық жарыстан топ жарып, үздік танылғандар аймақ намысын Жезқазғанда қорғайтын болады. Ол жерден үздік шыққандар Румияда өтетін Әлем чемпионатына және мамыр айында Моңғолияда өтетін Азия чемпионатына жолдама алады. Бүгінгі жарысқа 9 салмақ бойынша 100-ден астам спортшылар қатысуда. Самбоның халықаралық дәрежесіне сай жарыс жоғары деңгейде өтуде,-дейді Маңғыстау облысының ересектер арасындағы самбодан аға жаттықтырушысы Берік Жұмағалиев.
Тартысты өткен жарыста жауынгерлік самбодан 52 келі салмақта Нұркен Домбаев («Жас батыр» спорт мектебі), 57 келі салмақта Руслан Сариев («Жас батыр» спорт мектебі), 62 келі салмақта Бауыржан Ботабаев (Маңғыстау ауданы), 68 келі салмақта Нұрлыбай Серғазиев («Жас батыр» спорт мектебі), 74 келі салмақта Бекжан Жайықұлы («Жас батыр» спорт мектебі), 82 келі салмақта С. Медеубаев (Жаңаөзен қаласы), 90 келі салмақта Наурыз Бисенғазиев (Маңғыстау ауданы) және спорттық самбодан 52 келі салмақта Дәурен Төлегенов («Жас батыр» спорт мектебі), 57 келі салмақта Қазбек Жолдасқалиев («Жас батыр» спорт мектебі), 62 келі салмақта Мардан Есекенов («Жас батыр» спорт мектебі), 68 келі салмақта Серік Бөкенбаев («Жас батыр» спорт мектебі), 74 келі салмақта Қанағат Қойжан («Жас батыр» спорт мектебі), 82 келі салмақта Абылай Шаңдиев (Маңғыстау ауданы) алтыннан алқа тағып, тұғырдың ең биік сатысынан көрінді.
Венера МИРЛАН