Жуырда «Адай ата – Отпан тау» тарихи-танымдық этномәдени кешенінде «Отпан» МКҚК ұйымдастыруымен «Салбурын» атты этнографиялық шара өткен болатын. Биыл 4 мәрте ұйымдастырылған шараға бастамашы болған кәсіпорын қызметкері Жомарт Айдарбек өлкемізде кенже қалған құсбегілік пен көкпарды насихаттауға атсалысып келеді. Дәстүрлі шарадан кейін Отпан таудың баурайында құсбегілер арасындағы «Сонар –2017» республикалық сайысы өтті.
Өлкемізде бүркітшілер ұйымының бірігуіне, қалыптасуына Тұщыбек ауылынан шыққан тамшы шебер, құсбегі Мереке Өтеғалиев, шараны ұйымдастыруға Маңғыстау ат спорты федерациясының президенті, Шотан батыр ұрпағы Қанағат Сүйебаев атсалысты. Турнирге Алматы, Астана, Ақтөбе, Атырау, Тараз, Көкшетау, Павлодар, Қызылорда және Маңғыстау облыстарының командалары қатысты. Маңғыстау облысы командасының құрамында құсбегі Мереке Өтеғалиев, Өтежан Советов, Ертіс Есжанов, Айшуақ Тайманов, Қуаныш Оразмұхамбетов және Арон Оспанғалиев бар. Бәсекеге бүркіттер мен қаршығалар бөлек түсті. Бірінші күні бүркіттер мен қаршығалар 400 метр қашықтықтан қолға шақырып қондыру, еркін самғау, шырғаға түсіру сынақтарынан өтті. Осы сынақтан сүрінбей өткендер жарыстың екінші кезеңіне жолдама алды.
Екінші кезеңде бүркіттер қоянға салу сынағына түсті. Ереже бойынша қоянға бірден түсе алмай қуып ұстағандардың немесе қайта көтеріліп түскендердің ұпайлары кемиді. Қоянды бүрген бүркіттер қарсаққа түсірілді. Әуелі қолға шақырып қондыру, кептерге салу сынынан өткен қаршығалар қоянға салынды. Осы іріктеуден өткендер жүлдегер атанды.
Екі күн бойы құс салып, аң ауланған дүбірлі додада финалдық жарысқа 7 құсбегі шықты. Бүркіт сайысынан 1-орынды атыраулық Арман Қошқаров, 2-орынды ақтөбелік Ақберен Құрманғали қанжығасына байласа, 3-орынды маңғыстаулық Айшуақ Тайманов пен астаналық Руслан Мағзумов бөлісті. Қаршығалар сайысында 1-орынды алматылық Ермұхан Байетбай жеңіп алса, 2-орынды жамбылдық Бауыржан Тұрнияз, 3-орынды атыраулық Сармат Әбдікәрімұлы иеленді.
Міне, Маңғыстауда өткен алғашқы құсбегілер сайысы тартысты өтті. Қатысушылар Адай ата кесенесіне зиярат етіп, Ақсарай мұражайымен танысып , тарихи орындарды аралады.
Данияр АРАЛБАЕВ, Мәдениет саласының үздігі.
Суреттерді түсірген Талант Құсайын