Қазақ елі қарап отырсаң қай спорт түрінен де болмасын кенжелеп қалған тұстары болған емес. Көштің басында болмасақта қазір елімізде спорт пен денешынықтыруға Елбасымыздан бастап назар аударып келеді. Көптеген ақпарат дерегіне сүйенсек Қазақстанда каратэ айтарлықтай дамыған спорт түрі деп айтылады. Бұл спорт түрін 25 жыл бұрын Қазақстанға Амангелді Карменнің бастуымен келген болатын. Ал, ауданымызға алғаш каратэ-до өнерін әкелген Райм Сұлтан Үбайділләұлы болатын.
Маңғыстау облысының каратэ-додан аға жаттықтырушысы Сұлтан Райм Маңғыстау облысы федерациясының жолдамасымен Мұнайлы ауданына келіп, 2004 жылдан бастап Маңғыстау ауылы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы қызметін атқырып келеді. Қазір ауданнан осы спорт түрінен 217-ден аса жас спортшылар тәлім алуда.
«Жалпы спорттың бәрі үнемі дайындықты, еңбекті талап етеді. Үнемі жаттыққан адам сол спорттың шыңынан көріне алады. Маңғыстау облысы федерациясының аға бапкері, Қазақстан Республикасы федерациясының ұлттық құрама командасының бас бапкері Парвиз Мансур Дунямалиұлынан жаттығып, ақыл-кеңес алып отырамыз. Менің қазіргі бапкерім деп айтсамда болады. Спортқа деген жастардың қызығушылығының арқасында осы спорт түрі өте қарқынды дамуда. Қазір шәкірттерімнің өзі бапкер атанып, каратэ-до өнеріне өзіндік үлес қосып, шәкірт дайындап жүр. Маңғыстау ауылының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде Ерлан Сәрсенов дайындаған шәкірттер қазір халықаралық дәрежеде орын алуда. Дәулет спорт мектебінде Айбек Төребаевтыңда оқушылары Қазақстан чемпионатында орын алып жүр. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Айтбаев, Фариза Нәбиева деген қызымыз бар. Балаларды жақсы дайындап жақсы нәтиже көрсетіп жүрген шәкірттерім деп айтуға болады»-дейді Сұлтан Райм.
Иә, каратэ-доға қазір ұлдар да қыздарда көптеп қатысуда. Аудандағы спорт мектептеріндегі сақталған жазбаларға сүйенсек, бұл спорт түріне қызығушылық танытып, жарыстарда жеңістің төрінен көрінуде. Алда да аудан атын шығарып, абыройын асқақтатып, биік шыңдардан көрінеді деген сенімде жоқ емес.
Гүлнара ТАСБОЛАТОВА