© Фото интернеттен алынды
Ақтауда өткен алғашқы кәсіби бокста маңғыстаулық Бекзад Нұрдәулетов жеңіске жетті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Бекзад Нұрдәулетов Өзбекстаннан келген Фаррух Джураевпен шаршы алаңға шықты. Жекпе-жек 8 раундтан болды. Алғашқы раундта өзбек боксшысы тізе бүгіп қалды. Десе де кейінгі раундта тартысты өнер көрсетті. Бекзад өзбекстандық боксшы Фаррухты бүйірден соғып, бірнеше рет соққыға жықты. Нәтижесінде Бекзад Нұрдәулетов басым түсті.
Еске сала кетейік, бұл Бекзад Нұрдәулетовтың кәсіби рингте үшінші кездесуі. Алғашқы кездесуі танзиялық 28 жастағы боксшы Ибрагим Маоколумен болса, екінші кездесуде 40 жастағы нигериялық Кабиру Товолавимен болған. Екі жекпе-жекте де жеңіске жеткен болатын.
«Қарсылас осал емес. Ол осыған дейін алты жекпе-жек өткізген. Тәжірибесі мол спортшы. Десе де бүгін алға қойған мақсатыма жеттім. Мұны алда өтетін кездесулерге дайындық деп есептеймін. Алдағы жекпе-жектерде 10 раундқа дейін өнер көрсетуге дайын екенімізді көрсеттік. Маңғыстау халқына рақмет. Бапкерлеріме, аға жаттықтырушылар мен ұйымдастырушыларға алғыс айтамын. Соның ішінде өзімнің туған інім Қуандыққа ерекше рақмет айтамын. Оның жарысқа дайындық барысында жасаған еңбегі өте зор», - деді Бекзад Нұрдәулетов.
Ал Мейірім Нұрсұлтанов пен беларусь боксшысы Дмитрий Атроховтың кездесуі басты жекпе-жектің бірі болды. Екеуі де теңдей өнер көрсетті. Дегенмен беларусь боксшысы шаршы алаңда шаршап қалды, сол мезетте Мейірімнің соққылары қатты болды. Нәтижесінде Мейірім Нұрсұлтанов кәсіби бокстағы 15-інші жеңісіне қол жеткізді.
«Бүгінгі жекпе-жекте осал қарсылас болмады. Бұл Мейірімнің үлкен үзілістен кейінгі бірінші жекпе-жегі. Негізінде дәрежесі жоғары болғанымен қарсыласы да мықты. Сақадай сай дайын тұрды, кез келген уақытта бір соққымен нәтижені өзгертетін сәттері болды», - деді бапкер Марат Джакиев.
Одан бөлек 4 раундтан тұратын бес кездесу өтті. Алдымен Түркістан облысынан келген Нұрғиса Айбек пен маңғыстаулық Жолдас Жеңгисов кездесті. Қызыл бұрыштан шыққан маңғыстаулық боксшы басым түсті.
Содан соң тараздық Рахат Махамбетсайлов пен маңғыстаулық Самат Жетібаев шаршы алаңғы шықты. Нәтижесінде Самат Жетібаев жеңіске жетті.
Ақтаулық екі боксшы Жақсылық Өтешкен мен Нұрас Жеңістің кездесуі де тартысты болды. Алайда бұл жолы Жақсылық Өтешкеннің жолы болмады, жеңіс Нұрас Жеңіске бұйырды.
Сонымен қатар шаршы алаңда Нұрсұлтан Байниязов пен Айболды Дәуренұлының кездесті. Тартысқа толы бәсекеде қызыл бұрыштан шыққан Айболды Дәуренұлының бағы жанды.
Айта кетейік, кәсіби бокс кеші Ақтауда алғаш рет өтті. Кешті «Адал» проумотерлік компаниясы ұйымдастырды.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН