Маңғыстаулық дзюдошылар Токио олимпиадасының қола жүлдегері Елдос Сметовке Ақтау қаласынан пәтер және Rixos қонақ үйі жанынан жеке меншік жер сыйлады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Маңғыстау облысы дзюдо федерациясының рефери директоры Әділ Бисенқұлдың айтуынша, пәтерді шәкірті әрі "Caspian Coast” ЖШС мекемесінің басшысы Мирас Бесбайұлы сыйға берген.
"Осындай шәкірттерім барда қалай қуанбайсың? Бірі дзюдодан ҚР жастар құрама командасының аға жаттықтырушысы Айбек Имашев, бірі МО Ұлттық спортын дамыту орталығының басшысы Бурбасов, шәкіртіміз Мирас Сайынов құрмет көрсетіп отыр. Алла істеріңе береке берсін. Дәл осы бағытта еліңе ерінбей адал қызмет ете беріңдер. "Болар елдің жігіттері бірін-бірі батыр дейді”,-дегендей бір болып бағындырар шыңдарың көп болсын", - деп жазды парақшасында.
Айта кетейік, жергілікті дзюдошылар тарапынан мұндай сый-құрмет бірінші рет ұйымдастырып отыр. Бұған дейін жергілікті спортшыларға ғана құрмет көрсетілетін еді.
Осы ретте Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Елдос Сметов Әділ Бисенқұлов бастаған маңғыстаулық дзюдошыларға алғыс айтты.
"Әділ ағайымыздың ұйымдастыруымен бүгін білікті дипломатқа айналған бауырымыз өз атынан Ақтаудан үйдің кілтін қолымызға табыстап, теңіз жағасынан жер сыйлады. Біздің еңбегімізді бағалап, осындай құнды дүниеге лайық көргені - мерейімізді көтеріп, мәртебемізді арттырады. Одан әрі жігерлендіреді. Мен сіздердің арқаларыңызда бүгінгідей ел баласына айналып отырмын. Мені, отбасымды ерекше қуанышқа бөлеп, теңдессіз сый-сияпатты арнап, құрметке бөлеп жатқандарыңызға рахмет, аға-бауырларым. Дархан көңілдеріңіз бен қонақжайлықтарыңызға көп рахмет! Сіз көрсеткен құрметке лайық болып, сіздердің артқан үміт пен сенімді ақтасақ - бақыттымыз!", - деді Елдос Сметов.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттер фейсбук желісінен алынды