Маңғыстауда таеквондо WT федерациясының негізін қалаушы Қонысбай Бектілеуді еске алуға арналған балалар мен жасөспірімдер арасында республикалық турнир басталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Спорттық дода 2004-2014 жылы туған жасөспірімдер арасында өтпек. Турнирде Алматы, Ақтөбе, Атырау облысы, Нұр-Сұлтан, Құлсары, Жаңаөзен қаласы мен Бейнеу ауданынан келген 250-ге жуық спортшы бақ сынайды.
Маңғыстау облысы таеквондо федерациясының президенті Қанат Сүйеубаевтың айтуынша, турнирді халықаралық аренаға жеткізу жоспарланып отыр.
«Ашық турнирдің негізгі мақсаты - жастардың шеберлігін шыңдау, спортқа деген қызығушылығын одан әрі арттыру. Бүгінгі жарыс 6-17 жас аралығындағы жеткіншектерге арналған. Маңғыстаудан 120 жасөспірім қатысып отыр. Болашақта турнирді халықаралық деңгейге дейін жеткізуді көздеп отырмыз», - деді Қанат Сүйеубаев.
Жарыстың алғашқы кезеңінде жеңіске жеткен маңғыстаулық спортшының бірі - Асылбек Әли. Оның айтуынша, финалға жолдама алу оңай болмаған.
«Мен таеквондомен 5 жылдан бері айналысып келемін. Бұл спорт түрі маған ұнайды. Бүгінгі жарыс кезінде 40 келі салмақтағы қатысушымен шықтым. Бастапқыда сәл уайымдадым. Себебі қарсыласым мықты болды. Дегенмен жеңіске жетіп, финалға жолдама алып тұрмын. 1-орын аламын деген үміттемін. Жеңісімді әке-шешеме сыйлағым келеді», - деді Асылбек Әли.
Таеквондо федерациясының негізін қалаушы Қонысбай Бектілеуді еске алуға арналған республикалық турнир 20 тамыз күні аяқталады.
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН