20-21 қыркүйек аралығында Джиу-джитсу спорты бойынша ересектер арасында ҚР Чемпионаты өтеді.
Оған республиканың түкпір-түкпірінен келген 117 спортшы қатысып, спорттық қабілеттерін, дайындығын, әлеуетін көрсетеді. Олар не ваза, файтинг, дуо, адс-комбат түрлерінде күш сынасады. Қатысушыларға Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Бейсенғали Кенжалиев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рушания Елизарова, Чемпионаттың бас төрешісі Нұржан Елкеев құттықтау сөз айтып, сәттілік тіледі.
- 2016 жыл еліміз үшін елеулі де мерейлі. Себебі, мемлекетіміз Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесін тойлайды. Ел спортшылары жарқын жеңістерін осы мерейлі жылға арнап жатыр. Чемпионат қатысушылары да ептілігін, күшін паш етіп, жоғары нәтижелерге жететіне сенемін. Баршаңызға сәттілік! - деді Р.Елизарова.
Джиу-джитсу спорты бойынша чемпионат облысымызда екінші рет ұйымдастырылып жатыр. Оның алдында жарыс 2013 жылы «Каспий» спорт кешінінде өткізілген болатын. Ендігі чемпионаттың ауқымы кең, қатысушылар саны ұлғайған. Маңғыстаудың спорт қоржынына жүлделер жинап, спорт мансабында биік белестерді бағындырған спортшылар көбейген. Джиу-джитсу спорты өлкемізде қарқынды дамуда. Бүгінде осы спорт түрімен 500-дей бала шұғылданады. Ақтау, Бейнеу, Шетпеде бөлімдер жұмыс істейді. Басқа да аудандарда спорт топтарын ашу жоспарланған.
- Бұл чемпионат – қараша айында өтетін Әлем чемпионатына іріктеу болып табылады. Жарыстан жеңіс тұғырынан көрінген спортшылар өзін әлемнің спорт айдынында бағын сынау мүмкіндігіне қол жеткізеді. Ал желтоқсан айында Азия чемпионаты өткізіледі деп күтілуде. Бұл спорт түріне басшылық ерекше көңіл бөліп, қатысушыларды жарыстарға мықтап дайындайды. Басқа өлкелерге қарағанда біздің спортшылардың көрсеткіші жоғары, техникасы мықты. Осы қарқыннан таймасақ, нәтижелеріміз тек өсе береді. Жарысқа 12 қыз қатысуда. Бұл джиу-джитсу спортының кеңінен таралып, дамып жатқанын көрсетеді. Джиу-джитсу спорты дзюдо, каратэдегі барлық элементтерді қамтыған. Сондықтан осы спортқа жастардың қызығушылығы зор деп ойлаймын, - деді чемпионаттың бас төрешісі Нұржан Кенжеұлы.
Ханым ҚУАТ Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="10554,10564,10563,10562,10561,10557,10556,10555,10566"]