Бүгін «Жас Қанат» стадионында «Каспий» мен «Астана» футбол командалары кездесті. Маңғыстаулық футболшылар 2:3 есебімен елордалық командаға есе жіберді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Ойынның алғашқы кезеңінде-ақ «Астана» өз қарсыласының қақпасына үш гол салып үлгерді. Ал «Каспий» екінші айналымда тартысты ойын өрнегін көрсетті. Нәтижесінде Александр Станисавлевич пен Тарас Бондаренко «Астана» қақпасына гол салып, есепті 2:3-ке жеткізді.
«Біздің екінші айналымда жіберген қателіктерімізді қарсылас «Каспий» командасы жақсы пайдалана алды. «Каспий» - жаңа команда әрі онда мықты ойыншылар бар. Бүгінгі қарсыласымыз алдағы ойындарда ұпай жинай алатынына сенемін», - деді «Астана» футбол командасының бас жаттықтырушысы Михал Билек.
«Каспий» футбол командасының жаттықтырушысы Срджан Благоевич жеңіске жеткен команданы құттықтады. Сондай-ақ мүмкіндікті пайдаланып, мықтылығын көрсете білген маңғыстаулық футболшыларға өз алғысын айтты.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді ұсынған «Каспий» футбол клубы