Құрылғанына бар-жоғы 13 жыл болған Н. Жантөрин атындағы музыкалық драма театры үстіміздегі жылдың 13-сәуірінде өзінің тағы бір жаңа, жарқын туындысын көрерменге ұсынды. Бұл жолы театрдың қоюшы режиссеры Гүлсина Мерғалиева әлем әдебиетінің жауһарларының бірі – «Гамлетті» қолға алыпты. Жай ғана алмапты, өзінің бұған дейін де қолға алған ісін тап-тұйнақтай бүтін дүние қылып, сахнаның сәнін келтіріп жүрген сұңғыла шеберлігін көпшілік алдында тағы бір дәлелдеп шығыпты. Бұны премьераны демін ішіне тарта отырып, 1 сағат 35 минут бойы қыбыр етпестен тамашалаған 200-ге тарта мәртебелі көрерменнің қойылым аяқталғанда тікесінен-тік тұрып, 10-15 минут толассыз жаудырған шапалағынан да түсінуге болатын еді. Өнерпаз үшін көрермен халық қошеметіне жететін ештеңе болмауы тиіс. Актер үшін де ең үлкен сый – көрермен бағасы. Күні кеше театрдың «Гамлетті» сомдаған актерлары осындай алғаусыз ықыласқа бөленді. 400 жылдан аса уақыт бойы әлем театрларының сахналарынан түспей келе жатқан шекспирлік шедеврдің қазақша нұсқасын көпшілік Хамит Ерғалиев аудармасы арқылы біледі. Аузынан ақ жалын бүркіп, Каспийдің ақжал толқынындай ақшулан шашын кейін серпіп тастап, буырқана өлең оқитын ақиық ақын, марқұм Хамаңның ақ өлеңмен төгілдіре аударған «Гамлеті» Шеспир шығармасына қазақ сахнасы арқылы жаңа өмір сыйлағанын бұрын да білеміз.
Жасыратыны жоқ, орта жастан асқан өнерсүйер қауым Гамлет бейнесін И. Смоктуновскийдің, В. Высоцкийдің сомдауында көріп, көз үйреткен. Театрға бармас бұрын көкейде: «Әлемге танымал жұлдыздар сомдаған кейіпкерді біздің облыстық театрдың актеры қалай ойнап шығар екен?» деген күдік болғаны да рас еді. Бірақ өзінің сырт келбетімен де, қиын да күрделі образды өз мүмкіндігі жеткенінше жеңіл игеруімен де бірден көрермен жүрегін жаулап алған жас актер Айбек Иманқұлов өз рөлін мүлтіксіз орындап шықты. Әлемдік драматургияда өте күрделі образ саналатын ағылшындық Гамлетті «ақтаулық Гамлет» тәп-тәуір сомдап шықты. Оның өз рөлін шебер де шынайы атқарып шыққаны сондай, бір жарым сағаттық ойын үстінде көрермен Айбектің әрбір әрекетінен көз жазбай, әр сөзін қалт жібермей, оның өнеріне сүйсінумен болды. Тіпті режиссердің театр актерларын көрерменмен етене табыстырып, сахна мен залдың ара жігін жымдастырып жіберуі – қойылым шеберлігінің көрінісі деуге әбден болады.
Жалпы, Гүлсинаны әлемдік сахна әдіс-тәсілдерінен хабары мол, білікті, жаңашыл маман, сонымен бірге ұлттық сипатымыздың сиқырлы сырын шетелдік шығарманың өн бойына сыналап сіңіре білетін қазақжанды режиссер деуге негіз бар. Мысалы, трагедия шымылдығын қазақтың «Той жырымен» ашуы, бас кейіпкерге «Қошақан» өлеңін айтқызуы – шығарманы қазақ көрермендеріне етенелендіре түсу үшін пайдаланылған сәтті штрих-детальдар деуге болады.
Біз енді, өнертанушы немесе, театр сыншысы емеспіз, бірақ көзі ашық көрермен ретінде «Айбек-Гамлетті» кез-келген сахнадан ұялмай көрсетуге болады екен деген пікір түйдік. Бас кейіпкерге деген көрермен ықыласы ойын соңында халық қошеметінен де ерекше сезіліп тұрды. Әрбір талабы тау жығардай актер жігіт армандайтын Гамлетті ойдағыдай сомдап шығу кез-келгеннің маңдайына бұйыра бермейтін бақ. Жас актер өзіне бұйырған осы сәттіліктің бағасын түсірмей, өз рөлін көрермен тезінен абыроймен алып шықты.
Түбегімізге театрдың, нағыз театрдың дәмін сездірген осы Н. Жантөрин атындағы музыкалық драма театрының ұжымы десек, қателеспеспіз. Бұған дейін де Маңғыстауда сахналық қойылымдарымен жұрттың есінде қалған аудандық, қалалық драмалық үйірмелер мен әуесқой топтардың болғаны рас. Бірақ тұңғыш кәсіби деңгейдегі маман актерлар ұжымы – ҚР Еңбегі сіңген мәдениет қызметкері Нұрнияз Мұқанов басқаратын, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер, «Тарлан» сыйлығының лауреаты Гүлсина Бақытжанқызының көркемдік жетекшілігімен, 13 жылда 40-қа жуық отандық және әлемдік туындыларды жарқырата қойып, халық ілтипатына бөленген Ақтау қаласындағы, облыстағы бірден-бір театр – Жантөрин театры он үш жыл бедерінде өнерсүйер қауымға рухани азық сыйлаумен келеді.
Гүлсина Мерғалиева қойған «ақтаулық Гамлеттің» премьерасы 3 күн бойы дүркіреп өтті. Трагедияның Ғазиза Жұбанованың шығармаларынан алынған музыкалық бояуы да көрермен құлағынан қағыс қалмай, оқиғаның өне бойында жан шымырлатарлық ауыр да, арқалы әуенмен сахнада өтіп жатқан әрекеттің динамикасын күшейтумен тұратынымен қанық. Көрерменді оқиға желісінен жаңылдырмай, сахна ауқымында өтіп жатқан ойын процесінен адастырмай бейне бір қыл үстінде, қанжардың жүзінде отырғандай сергек қалыпта ұстайды.
Король Клавдий, королева Гертруда (Сағадат Сейітқожаева), Полоний (Сүндет Сәрсен, Медғат Өмірәлиев), Офелия, Лаэрт (Еркебұлан Бекен), Горацио (Наурызбек Құдайбергенов, Ермек Арықов) рөлдерін сомдаған актерлар құрамы да өз образдарын жақсы игергендігі көрініп тұрды. Әсіресе, көрермен сахнадан король Клавдий (Рамазан Ақтаев) мен Офелияның (Ғалия Тілеген) шынайы бейнесін көре алды деп сенеміз. Жалпы, сахнада «қиын-ойын» жүріп жатқанына қарамай, актерлардың өз рөлдерін жарда ойнаған лақтай ойнақы да еркін, албырт та ашық кейіпте қалың көрерменге жеткізе білуі – жастық құдіретінің жемісі екені түсінікті шығар. Әкем театрдың сонау жылдардағы елуден асқанда он алтыдағы Қыз Жібек пен Баян сұлуды сомдауға бар күшін салса да, аяқтан алып адымын аштырмайтын егделік кесірінен баяу қимылдайтын актрисаларын көзімізге елестете отырып, біздің қаламызға жас, жаңа лептің келгеніне қуандық.
Бірақ жас та болса, бір сәт босаңдық танытып аузындағы сөзінен жаңылмай, сомдаған рөлдерінің сан қырлы қалтарыс-қуысын жан сала ашуға ұмтылып, сахнаға адалдығын дәлелдей білген актерлар қауымының еңбегі атап айтуға тұрарлық өжет те, өлшеусіз мол еңбек. Оның ішінде әрине, рижессердің еңбегі жеке дара ересен. Талантты режиссер де шебер зергер секілді. Өзі соққан бұйымға өзіндік өрнегін шекіп, қайталанбас қолтаңбасын қалдырып отырады. Кез-келгеннің қолынан келе бермейтін күрделі мамандықтың бірі – драма режиссерлігін ұршықтай үйіретін Г. Бақытжанқызы да өзі қойған дүниеге өзінің батыл көзқарасын білдіріп, өзінше айшықтапты. Ол туралы театр өнерінің білгірі, марқұм Әшірбек Сығайдың: «...жас та болса албырт Гүлсинаның ортақ тәжірибелерін өзге театрлар үлгі тұтса да болғандай» деуі тегін болмаса керек.
Трагедияға өзіндік шешім шығарып, бүкіл спектакль бойы айналасындағылардың аярлығына қаны қарайып, қалыптасқан жағдайға төзбей өз ұжданы мен ақыл-ойының арпалысында өтетін Гамлетті өлімнен аман алып қалады. Бұл шешімнің трагедиялық қойылым болмысы мен заңдылығына қайшылықты тұстары бар екенін біле тұра, көрермен де режиссердің көзқарасына мойынсұнғандай болады. Себебі, жеке адамның өмірі өткінші болғанымен, жалпы адамзат өмірі – пәни дүние қайталана беретін құбылыс. Сондықтан, Уильям-екең айтқандай: «Өмір – театр, адамдар – сол театрдың актерлары!» Солай болып қала да береді. Бұл ретте режиссердің ұстанымы қазақы түсініктегі «Өмірдің басы – сайран, түбі - ойран» дегенге саятын пессимистік сарындағы көзқарасты емес, «Дүние – үлкен көл, Замана – соққан жел, Алдыңғы толқын – ағалар, Кейінгі толқын – інілер, кезегімен өлінер, Баяғыдай көрінер» дейтін Ұлы Абай көзқарасына жақындау.
«Той жырына» билеген король маңайындағылар бұрын да болғанын, алда да бола беретінін ұғындыруға ниет еткендей. Қайран Хамаң, Шекспир әріптесінің: «Ішіп-жеу мен тәтті ұйқыға тойынса, Адам сиқы осы ғой. Құдды хайуан» деген тұжырымын араға жүздеген жылдар түсіп кетсе де түсініп, түйсінгендіктен аударған болар мүмкін. Себебі, адамзат жаратылысының мәңгілік мәселесі – адалдық пен аярлық, турашылдық пен жағымпаздық, махаббат пен жеккөрушілік, тақ пен даңқ тайталасы адам бар жерде жойылмақ емес. «Гамлеттің» мәңгіліктігі де сонда.
Үміт ЖӘЛЕКЕ Сурет: Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="965,954,955,956,957,958,959,960,961,971,962,964,970,969"]