Ақиық ақын, асыл сөз зергері Айтуар Өтеген тәуелсіздікті тәу етіп, ел мүддесін төбеге ту қып көтерген кесек тұлғалы, ер мінезді азамат. Өрелі, ойлы сөздің өрен жүйрігі, тағылымы зор ғұмыр иесі, танымал тұлғаның өнегелі өміріне көз жүгіртіп, мәуелі мол мұрасын зерделей түстік.
Айтуар аға Атырау өңірі, Жылыой ауданында, Ақкиізтоғай ауылында дүние есігін ашты. Жан-дүниесі тылсым табиғатпен егіз, зерек зерделі, ұшқыр ойлы, алғыр зейінді бала мектеп жасынан жауһар жырды серігіне балайды. Дархан дала өн бойына дарытқан киелі өнерге ден қойып, кестелі өлең өрнегін өріп, көркем әдебиет әлеміне терең бойлайды. Балауса балғын, албырт да аяулы кез, тылсым сезім, гүлсім сәт, сыралғы дос, сүйікті жан, шуақты шадыман шақтан сыр шертеді. Ес кіріп, есейіп, өмірдің талай белесін артқа тастағанымен адам балдырған балалық кез, бір шөкім бұлтсыз аспандай пәк пейіл, тамшы тұнығындай көңіл, іңкәр сезімді жанына мәңгілік серік етеді. Өмірдің соқтықпалы, соқпақты сан тарау сүрлеуінде сүрініп, қайта тұрып, жаза басып, жаңылып, үмітті қайта жалғап жатамыз. Уақыт өте бастан өткерген қызық-шыжық, ыстық-суық бұлдыр сағымдай мұнарланып, көңіл көкжиегінен ғайып болады. Бақытты, шат-шадыман балалық шақ қана жадымызда мәңгі жаңғырып, кеудемізді күлкіге, жүрегімізде нұрға, көңілімізді қуанышқа толтырады. Кең дала төсінде еркін өскен, жүйрік жалын тартып мініп, жүйіткіген желмен жарысқан, ұлан-байтақ даладай пейілі риясыз, сезімі саф Айтуар аға балғын шақта ақ парақ бетіне төгілткен алғашқы өлең жолдары әлі есінде.
«Менің алғашқы өлеңім «Кең далам» деп аталды. Мектеп бітірер жылдары аудандық газет бетіне жарияланды. Әлі есімде. «Кең далам, кербез далам, нұр егілген. Өмірде жырлап сені жүремін мен. Аққандай саған қарай асау бұлақ. Жыр болып шапшып атып жүрегімнен» деп басталатын еді. Демек мен тырнақалды өлеңімнен бастап даланың жыршысы болған екенмін»,-дейді Айтуар аға өткен өмір белестеріне көз жүгіртіп.
Оқу ордасын тәмамдаған Айтуар ағаның алдында екі жол тұрды. Бірі төрт түлік мал қамын, шаруа жайын жасап, қызу еңбек, қымқуат жалғасқан күйбең тірлік соңында жүру, өзгесі терең білім мен зор ізденісті, зерек зейін мен кең ауқымды көзқарасты талап етер ақыл-ой еңбегімен айналысу, замана келбеті мен қоғам кейпін боямасыз, бүкпесіз баяндап, жұртшылыққа жеткізетін журналист атану. Әрине, заманына қарай адамы демекші, Айтуар аға алдымен тұрмыс талабына сай зоотехник маманы болуға бел буады. Әрі отбасының осы кәсіптен нәпақасын тауып отырған жайы бар еді.
«Әке-шешем малшы болды. Біздің үй жылқы бақты. Шопан болып атқа мініп, мал соңында жүрдім. Жылқы малын өте жақсы көретінмін. Ауылға демалысқа келген кезде көк шалғын жайлауда өрістеген жылқыларды ауылға қайырып алып келіп, уақытылы суғарып, жемге құлатып, тай жуасытатынбыз. Бесінші сыныптан бастап оныншы сыныпқа дейін бәйге шаптым. Жеңіл әрі ширақ болдым. Бағым жанып, бас бәйгені қанжылаған кездерім де болды»,-дейді ақын.
Әйтседе, зоотехник болсам деген ойы жүзеге аспай, Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түседі. Журналист болу бұл таңдау емес. Шығармашылық шабыт, сырты «жып жылтыр», «айналасы жұп-жымыр» ғып жаза білу, оқырманға ой салар, көкейіне шоқ тастап, өресін өсірер, сана-сезіміне серпін берер келісті дүние тудыру табиғи дарын, Құдай берген құдіретті қарым-қабілет. Айтуар ағаның тұла бойындағы тума талант журналистикада сан жыл жемісті еңбек етуіне жол ашып, қаламына қуат дарытады.
Ол журналистика саласындағы ілкі еңбек қадамын Ембі аудандық «Ембі» газетінде бастайды. Сан салалы хабар-ошар, бір сарынды дүниелерден бөлек, тұщымды, ауыз толтырып айтуға тұрарлық туындылар жазады. Ақындықтан бір сәт қол үзбейді. Репортаж, очерк сынды көркем публицистика жанрындағы дүниелерді қара өлеңге сыйдырып, майын ағыза сипаттайды. Әсіресе, киелі түбек қойнауынан қара алтын өндірумен айналысатын мұнайшылар мен барлаушылар, олардың еселі еңбегі, аптап ыстық, қақаған суық, ызғырық желге қарамастан аянбай тер төккен еңбек адамдары Айтуар аға қаламынан туған дүниелердің басты арқауына айналады. Осылайша, қаламы жүрдек жазушы, сезімі сергек сыршыл ақын журналистік қызметтің барлық сатысынан өтеді. Жауапты хатшы лауазымында жүргенде Алматы Жоғары партия мектебiне бағытталады. Білім ордасын 1982 жылы ойдағыдай бітіреді.
«Ол кездері болашағынан үмітті адам партия мүшелігіне өтуге ұмтылатын. Кеңестік партия бірінші кезекте еңбек адамдарын қабылдайтын, тек белгілі бір пайызы ғана зиялы қауым өкілдерін құраушы еді. Партия мүшелігіне өтіп, Алматы Жоғары партия мектебiнде саяси журналистика бағытында білімімді жетілдірдім. Енді саясат тақырыбына да қалам тербедім. Сөйтіп жүргенде, Қазақстан Тәуелсіздікке қол жеткізді. Осы тарихи үрдіс, елбасы саясаты менің творчествамда орын алған»,-дейді қоғам қайраткері.
Айтуар ағаның киелі Маңғыстау өлкесіне қоныс аударуы журналистика саласымен тікелей байланысты. Бейнеуге кеп тұрақтап, «Ленин жолы» басылымына редакторлық қызметке тағайындалады. Қазіріг «Рауан» газетінің қалыптасып, қанат жаюына қызмет етеді. Жас буын қанатын қатайтып, журналистика әлеміне кеңінен құлаш сермеуіне жан-жақты қолдау танытады Жаңа серпін, тың өзгерістер әкеледі. «Мың құпияны қойнына жасырып жатқан өлке тарихын қағазға түсіріп», тұнған тарих тылсымына бойлап, шежіре тақырыбына жиі қалам тартады. Бұқара халықтың көңіл көзін ашу, көкірегіне нұр құю, санасына сәуле түсіру бағытында тер төгеді.
Айтуар Өтегеновтың шығармашылығы бір төбе, бөлек дүние. Тамыры тереңге бойлаған тәуелсіз қазақ елінің тарихы, өнегелі өткені мен баянды бүгіні, жасампаз болашағы тілі татымды, сөз шұрайлы, қаламы қарымды ақын-жазушының туындыларына арқау болды. Енді-енді етек-жеңін қымтап, кем-кетігін түгендеп, еңсесін көтеріп, бойын тіктеген жаңа мемлекет- жас отаудың шаңырағын көтеріп, уығын қадап, іргесін бекіткен тау тұлғалар мен ұлт қайраткерлері де публицистикалық еңбектері мен өлең-жырларының негізіне айналады. Асқақ рухты, өр мінезді ақын жайында ел азаматы Иманғали Тасмағанбетов «Сам құмында жүріп жазған шығармаларыңыз әдеби-рухани ортада туған дүниелерден қарыс сүйем де кем емес. Мені қуантып отырғаны, астанадан жырақта жүрген Өзіңіз сияқты ел азаматтарының отаншылдығы мен пайым-парасаты, ойының ұшқырлығы мен сезімінің сергектігі» деген еді. Өлеңдерінің өн бойында тұнған өршіл рух пен алып-ұшқан көңіл, асқақ жігер оқырман ойына қозғау салып, намысын жанып, отаншылдық сезімін үдете түседі. Танымал журналист, Ғалым Әріп «Ақиық ақын Айтуар» атты естелік-әңгімесінде жанында жүрген жақсы адам, абзал аға, абыройлы азамат жайында былай дейді: «оның таным-білім көкжиегі кең, елін, жерін сүйетін, қажет болса, осындай Отан сынды қасиетті ұғымдар жолында жанын да шүберекке түйе алатын мәрт қасиетін білетіндер аз болмас. Бар ғұмырын журналистикаға, газет тіршілігіне арнаған әдебиет пен баспасөз сардары соңғы жылдарда аудандық мәслихаттың хатшысы бола жүріп, өлкенің экономикалық-әлеуметтік, қоғамдық-саяси дамуына барынша атсалысуда. Қандай қызметте жүрсе де Айтуардың ақын жүрегі өршіл өлең болып өріліп, кестелі жыр нөсері болып толас таппайды». Еліне сыйлы, халқына қалаулы азамат асқақ, айбынды қажыр-қайраты мол отаншылдық сарынды жырларымен қоса нәзік сезімді, сыршыл, ойшыл өлеңдерімен оқырман жүрегін баурайды.
«Жастық, достық, махаббат мәңгілік тақырып. Ешуақыт мәнін жоғалтпайды. Жас таңдамайды. Алты жастан бастап өлең жазып, сексен жасқа дейін қаламыңды қолыңнан тастамайтын болсаң да осы бір тақырыпқа орала бересің» деген еді Айтуар аға. Сол айтқандай, ақынның шабытты жыр булыға қайнап, тасып-шапшып, отты бұрқақ боп атылып жатқан асау жүрегінен нәзік сезімге толы сырлы өлең жолдары да төгіледі. Әсіресе, махаббат пен мейірімділік, сұлулық пен сүйіспеншілік, іңкәрлік пен ыстық ықылас, адалдық пен адамгершілікті жырлағанда, көрікті сөз көркем ұйқаспен кестеленіп, әдемі әрі әсірелей суреттеледі. «Көзіңдегі сырды үнсіз ұғушы едім, шақырғанда кірбіңсіз шығушы едің. Екеумізде бал құрақ балауса едік. Атқан таңға албырап қараушы едік» деп жүрек сырын ақтарған лирик ақын оқырманды ғаламат күйге бөлеп, ерек әсер сыйлайды.
Айтуар ағаның өнегелі өмір жолында шұрайлы шығармашылық мұрасы бірнеше жинақ боп топталды. «Тұңғыш» (1978), «Ақкөйлек» (1980), «Ақсұқсыр» (1994), «Арманым саған ауған» (1998), «Қарашүңгiл – қаракөзiм тұңғиық» (2000), «Адыраспан» (2003), «Ата Қазақ» (2011), «Мұнайы мол Маңғыстау» (2011, облыс мұнайының тарихы), «Мұнай-дәулет, мұнай-сәулет, мұнай-жыр» (2013, «Маңғыстаумұнайгаз тарихы»), «Айтуар Өтегенов» (2013), «Әділдікті биік тұтқан Маңғыстау» (2014, облыстық прокуратура тарихы), «Ақ көйлекпен шығып ең...» (2014) атты жыр және проза жинақтары жарық көрген. От ауызды, орақ тілді, қайсар ақын, қара сөздің майын тамызар майталман жазушы, қаламы қуатты, қиялы қанатты журналист Айтуар Өтегенов биыл жетпіс жастың белесіне көтеріліп отыр. Осыдан 48 жыл бұрын Жаукен анамызбен отау құрған Айтуар аға бүгінде береке-бірлігі жарасым тапқан әулеттің отағасы. Ұлағатты шаңырақ атанып, ұрпақ қызығына бөленіп, тату-тәтті тұрмыс кешуде. Жазушының жүрдек қаламы мұқалмай, бәз-баяғы қарымды қалпында қала беруіне тілектеспіз!
Голрох ЖЕМЕНЕЙ