Алик Айдарбаев Маңғыстау облысындағы мемлекеттік қызметкерлерді төл мерекесімен құттықтады.
Бүгін Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызметкерлер күніне орай өткізілген салтанатты кездесу барысында Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев мемлекеттік құрылымда ұзақ уақыт қызмет етіп, өңірдегі мемлекеттік аппараттың нығаюына үлес қосқан аймақтағы мемлекеттік органдардың бірнеше қызметкерлерін алғыс грамоталарымен марапаттады.
- Халық мемлекеттік қызметкерлерден кәсібилікті, адамгершіліктің жоғарғы деңгейін, отансүйгіштік пен заңның сақталуын күтетінін әрқашан естен шығармауымыз керек. Адамдар оң өзгерістерді сезіну үшін әлі де көп еңбек етуіміз керек. Кейде көп уақытымызды отбасынан гөрі жұмыста өткізіп жатамыз. Әрқайсысыңыздың жауапкершілікті терең сезіне отырып, өзіне берілген міндетті соңына дейін орындауға тырысатыны қуантады. Осы аянбай жасаған еңбектеріңіз үшін Сіздерге ерекше алғыс айтамын. Жұмысыңыздың нәтижесін халық бағаласын, - деді Алик Айдарбаев.
2016 жылдың 5 айының көрсеткіші бойынша Маңғыстау облысындағы мемлекеттік қызметте 2674 адам қызмет етеді, соның ішінде, 1585-сі әйел адам. Оның 7-уі саяси қызметкер, 12-сі «А» корпусының құрамында, қалған 2655 қызметкер жергілікті атқарушы және территориалды органдардың қызметкерлері болып табылады. Соңғы екі жыл ішінде 70 мемлекеттік қызметкер «Мемлекеттік қызметтегі менеджмент» «Metropolitan Business School» халықаралық білім бағдарламасын аяқтады. Тағы 60 адам білім алып жатыр.Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН