ҚР мемлекеттік рәміздер күніне арналған «Менің Қазақстаным» патриоттық форумы биыл да кең ауқымда өткізілді. Жастарды Отаншылдыққа, ұлтжандылық пен мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге үндейтін дәстүрлі мерекелік шара Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінде болып, оған облыстық басқармалар мен департамент басшылары, студенттер мен мектеп оқушылары және әкімдік өкілдері қатысты.
Форумнан бұрын жұртшылық мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба және Әнұранды дәріптеп, бейнелеген флэш-мобты тамашалады. Әскерилер мен жастар бір ауыздан бір мезетте «Менің елім- Қазақстан» деп айқайлап, ҚР Әнұранын бірге шырқады. Басты мақсат – азаматтардың бойында тәуелсіздік атрибуттарына мақтаныш пен құрметті қалыптастыру. Маңызды жиынның алғашқы сөзі облыстық мәслихаттың хатшысы Бекмұрат Жүсіповке берілді.
- Патриоттар форумы – ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған маңызды шаралардың бірі. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Мемлекеттік рәміздер Тәуелсіздіктің берік негіздерінің бірі» деген болатын. Бұл - қаншама жылдардағы халықтың еңбегінің жемісі. Әрбір рәміздің бойындағы сурет – еліміздің тарихынан сыр шертеді. «Ел боламын десең, елдігіңді түзе» дегендей мемлекеттік нышандарды құрметтеу керек. Бүгінгі күн – рәміздердің туған күні. Мемлекеттік рәміздер Ту,Елтаңба және Әнұран – ұлттық мақтанышымыз. Қазақ «Бір жылдығыңды ойласаң, бидай ек, жүз жылдығыңды ойласаң, ағаш ек, ал, мәңгілікті ойласаң, ұрпақ тәрбиеле» дейді. Олай болса, Отанымыздың мемлекеттілігін нығайтуға қосқан үлестеріміз мол болғай!-деді Б.Жүсіпов.
Осыдан соң мәслихат хатшысы бірқатар маңғыстаулықтарды ел үшін еткен еңбектері үшін марапаттады. Қазақстан халықтары Ассамблеясының «Бірлік» медаліне Түпқараған аудандық мәслихатының хатшысы Айкүміс Досанова, Маңғыстау экономикалық лицейі директорының орынбасары Людмила Рябова, түркмен этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Гельдымурат Ходжаев ие болды. Сондай-ақ, бірқатар этно-мәдени бірлестіктердің төрағалары Қазақстан халықтары Ассамблеясының төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Алғыс хатына лайық деп танылды. Ал, өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына еселеген еңбегімен үлес қосып, азаматтық борышын адал атқарып жүрген азаматтар облыс әкімінің Алғысымен марапатталды. Асқақ азаматтық танытып, мәдениет пен әлеуметтік салада тер төгіп, бейбіт күнде батыр атанғандардың қатарында облыстық прокуратураның діни экстремизм мен терроризмге қарсы әрекет етудің заңдылығын қадағалау бөлімінің прокуроры Серік Әділов, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің №2 Ақтау қалалық мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға нұсқаушысы Манас Багитов, өңіріміздегі жағдайы төмен және денсаулығы нашар жандарға қайырымдылықпен қол ұшын беріп жүрген «Біз адамдармыз-біз біргеміз» қоғамдық қорының директоры Иманғазы Ибатұлы, «Жорға» би ансамблінің жетекшісі, ҚР еңбегі сіңген мәдениет қайраткері Серік Сариев бар. Ал, Ақтау қалалық Ішкі істер басқармасының жол-патрульдік полиция қызметінің рота командирі Нұрболат Көшкінбаев пен полиция сержанты Ғани Икрамов осыдан екі жыл бұрын Ақтау қаласының екі тұрғынын батырлықпен өрт құшағынан алып шыққан. От шарпып, ыстық жалыны көз көрсетпей, айналаны шарпығанда Ғани Икрамов ештеңеден қорықпай, өртке тап берген. «Мақсатым – пәтерде қалған анасы мен баласын құтқару болды. Басына іс түссе, кез келген қазақ азаматы осылай жасайды деп ойлаймын. Адамгершілік пен ізгілік бәріміздің мұратымыз» дейд олар.
Марапат биігінен көрінгендердің бірі - Бейнеу ауданындағы Ж.Қалдығараев атындағы орта мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалім Асхат Юсупов мүгедектер арасында жүгіруден еліміздің 8 рет чемпионы атағының иегері, жеңіл атлетика мен волейболдан ҚР құрамасының мүшесі, жеңіл атлетикадан ҚР-ның спорт шебері. 7 жасында қой бағып жүріп, электр тогына күйіп, сол қолынан айырылған ол сәби шағында талай күнін ауруханада өткізген. Кішкенесінен асқан пысықтығымен көзге түскен белсенді бала спортшы болуды армандаған. Жарымжан күйге түссе де, алғы күнге деген сенім мен арманнан Асхат ешқашан алыстамаған. Орта мектептен соң Ақтөбе көп салалы колледжі мен Ақтөбе педогогикалық институтын дене шынықтыру және спорт факультетін бітірген ол туған ауылы-Бейнеуге келіп, мұғалімдік қызметін бастайды. Шәкірттерді спортқа тарта жүріп, өзі де түрлі жарыстарға қатысып, шыңдала береді.
- Спортқа деген қызығушылығым күн санап арта береді. Алдыма мақсат қойдым. Жасаған жаттығулардың арқасында жетістіктерге жетіп жүрмін. Мұғалімдік қызметім өзіме қатты ұнайды. Жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беру, салауатты өмір салтын қалыптастыруға атсалысқым келеді. Жеңіл атлетика, баскетбол, стол теннисінен үйірмелер жүргізіп, шәкірттерімді спорттық жарыстарға дайындаймын. Өзім де халықаралық сайыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрмін. Ресей, Тайланд, Италия, Түркия мемлекеттерінде болып, еліміздің көк туын желбіретіп, жеңіс тұғырынан көріндім. Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында мүмкіндігі шектеулі жандар арасында өткен Пара-Азия ойындарында жүгіруден әлемнің 42 елінің спортшыларының ішінде 6 орын алдым. Маңдайыма жазылған тағдырым қиын болса, өз өміріме ризамын!-дейді А.Юсупов.
Облыс әкімінің атынан марапатқа ие болып, сыйлық алған жандардың әрбірінің өмір жолы мен еткен еңбегі көпке үлгі тұтарлық. Олар ел үшін ештеңеден тартынбаған, әрқашан алға бастаған арманына сенген жандар.
- Мен қазақ екенімді мақтан тұтамын! Біздің еліміз, жеріміз бен бірлігіміз әлемге белгілі. Міне, еліміздің нағыз патриоттары осындай! Жастарға осы жандардан үлгі алу керек деп санаймын. Еліміз көркейе берсін! Біздің ел үшін – Тәуелсіздік қасиетті де қастерлі құндылық! Біздің Туымыз мақтанышпен желбірейді! Туған елді сүйіңіздер, оны бағалай біліңіздер, жастар!-деді облыс әкімінің орынбасары Б.Нұрғазиева.
Патриоттарды анықтап, мемлекеттік нышандарды дәріптеуге арналған форум мерекелік концертке жалғасты.
Анар ШАМШАДИНОВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН