©
Бүгін облыс әкімі Алик Айдарбаев Түпқараған ауданына жұмыс сапарымен келіп, «НКОК» компаниясының әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобасы аясында іске асқан Форт-Шевченко қаласында 550 орындық мектеп және 120 орындық жатақхана ғимаратының ашылу рәсіміне қатысты.
Жобаны жүзеге асырушы «Нкок» компаниясының өндірістік операциялардың мінсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі бас менеджері Ермек Марабаев ғимарат кілтін аудандық білім беру бөлімінің басшысы Айбаршын Өтесбаеваға табыс етсе, облыс әкімі Алик Айдарбаев жаңа ашылатын мектепке көлік кілтін сыйға тартты. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аман Күзембаев және "НКОК" компаниясының өндірістік операциялардың мінсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі бас менеджері Ермек Марабаев лента кесу рәсімін жасап, аудандық білім беру бөлімінің бастығы Айбаршын Өтесбаева ғимарат ішін аралатып, мектептің асханасы, еңбек техналогиясы, зертхана, спорт залдарымен таныстырып өтті.
Оқу сыныптары мен кабинеттері бар 3-қабатты төрт блоктан және 2-қабатты жеке блоктан тұратын мектеп ғимаратта 198 орындық асхана, спорт залы, 189 орындық акт залы және 20000 кітап сақтауға есептелген кітапхана орналасқан. Бұдан бөлек 120 орындық интернат арнайы жиһаздармен жабдықталған. Екі қабатты интернат ғимараты екі жатын корпустан тұрады, олар дәлізбен қосылған.
Жаңа корпуста қажетті инфрақұрылыммен қамсыздандырылған, тіпті зообұрышы бар жылыжай мен көшетхана да қарастырылған. Спорттық құрылыстар да ұмыт қалған жоқ – оқу орнының ауласында спорт және ойын алаңдары, соның ішінде футбол алаңы, құрамдастырылған футбол және баскетбол алаңшасы, спорт ойындарына, доп лақтыру және секіру жаттығуларына арналған алаңша, бастауыш сынып оқушыларына арналған жылжымалы ойындар алаңы және басқалар орналасқан.
Милана ЕЛЕУСІНОВА